Басты ақпаратРуханият

Қазақи болмыс құдіреті

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің». Қазақтың бұл сөзінің ақиқатына белгілі ақын, аудармашы, сценарист, кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Қайырбековтің таңдаған жолына, әдебиет пен мәдениетке сіңірген еңбегіне қарап көз жеткізе аламыз. Көрнекті ақын, Қаз КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның халық жазушысы Ғафу Қайырбековтің отбасында өскен ол әке өнегесін бойына сіңірді. Сан қыр­лы өнерді меңгеріп, поэзия, кино мен театр саласында ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетті. Бүгіндері шығып отырған жетпіс жастың жотасынан қара­ғанда, атқарған істері аз емес.

Бақыт Ғафуұлы оқушы кезінде математика пәнін ұнататын. Болашағын да физика-математика салаларымен байланыстырғысы келген. Бірақ әке қаны жібермеді. Мектеп бітірерде әдебиет пәнінен емтихан сұрағына жауапты өлеңмен жазды. Турасын айтқанда, еркін тақырыпта поэма жазып, көсілді. Дәл сол уақытта Алматыға Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтынан аудармашылар кафедрасына ұлттық кадрларды іріктеуге профессор Люциан Климович келіп жатқан еді. Әке кеңесімен Бақыт шығармаларын жинақтап, конкурсқа жіберді. Алпыс адамның арасында топ жарып, Мәскеуге аттанды.

Ұлы диплом алғанда, Ғафу ақынның қуанышы кемерінен асып, төгілді. Сол мезетте бойын шабыт кернеп, Бақытқа арналған бірнеше өлеңді төгіп жіберді. Соның бірінде:

Тұқымға біткен өлең-жыр,

Саған да дарып түсті ғой.

Ойымда жоқ бұл бір сыр,

Құдірет деген күшті ғой, – деп шалқытты.

Мәскеуден оралған соң, «Жазушы» баспасында редактор болып жұмыс істеді. Онда лауазымы жоғары адамдардың жазғандарын сараптайтын.

«Бізде Орталық Комитетте нұсқаушылар, бөлім меңгерушілері болатын. Олар өздерін Белинский санап, кітап жазатын. Тіпті «мына шығарма әдебиетке жатпайды» деп сын да жазды» деген еді Бақыт Ғафуұлы бұл жайында бір сұхбатында.

Сол кездегі 22-25 жастағы жас жігітке аса жауапты жұмыс – билік өкілдерінің жазғанын редакциялау жүктелді. Саяси сауаттылықты керек ететін бұл істі ­абыроймен алып шықты.

Алғашқы өлеңі немересін бауырына алып өсірген әжесіне деген махаббаттан туды. Ол әже ауыр науқасқа шалдығып, хал үстінде жатқанда жазылды. «Әжемнің бөлмесіне барып, қоштасқандай болдым. Содан соң әкемнің кабинетіне кіріп, бір жапырақ қағазға өлең жаздым. Бұл әжеммен қоштасу өлеңі еді. Ақындығым содан басталды» деген еді ақын «Алматы» телеарнасының «Біздің кейіпкер» бағдарламасында.

Тұңғыш жыр жинағы 1978 жылы «Күзгі диалог» атауымен жарық көрді. 1982 жылы «Өмір сүремін деп айт» атты екінші жинағы шықты. Жалпы осы күнге дейін ондаған кітаптың авторы атанды. 1983 жылы КСРО Жазушылар одағына, кейін­нен Қазақстан Жазушылар одағы мен еліміздің Кинематографистер одағына қабылданды.

Белгілі Ресей жазушысы Георгий ­Пряхиннің «Бақыт Қайырбеков орыс тілінде, бірақ қазақи болмыспен жазады» деген сөзі бар. Бұл – туындыгерге берілген дәл баға. Бүкіл шығармашылығы қазақ өмірімен байланысты, ұлт тарихы, аңыздар мен фольклордан тамыр тартады.

Бұл жайында өзінің «Мен немен айналыссам да, тақырып үнемі біреу. Негізгі жұмысым – аңыздарды жинау, фольклорды зерттеу, оның не екенін түсінуге тырысу. Әдет-ғұрпымызда, салт-дәстүрімізде бір құпия жасырынғанын сеземін. Бұл айналысқан ісімнің бәріне нәр берді. Соның қайнар көзін таптым. Содан шабыт аламын» деп айтқаны да бар.

«Ұлттық салт-дәстүрлер. Қазақи этикет» кітабын да жазды. Аталмыш туынды қазақ халқының сан ғасыр бойы сақтап келген дәстүрлері жайында маңызды мағлұматтарға бай. Еңбекте қазақтың әдептілік ұстанымдарының мәні мен терең мағынасы ашылып көрсетілген. Кітапта ата-бабамыздың қоршаған орта туралы танымы мен өмірлік ұстанымдары айқын суреттелген.

Орда бұзар отыз жасында кино өнеріне бет бұрды. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында сценарлық-­редакциялық алқаның мүшесі, көркем және телевизиялық фильмдері шығармашылық бірлестігінің бас редакторы болды. Бертінде осы киностудияның президенті болып тағайындалды. КСРО Мемлекеттік кино жанындағы сценаристер мен режиссерлердің жоғары курсын бітірді.

Жалпы ғылыми-танымдық деректі және көркем фильмдерін қосқанда 100-ден астам туынды түсірді. Кейбір кинотуындылары халықаралық кинофестивальдерде қара озды, Румыния, Қытай, Иран, Венгрия, Германия елдерінде дипломдарға ие болды. Атап айтқанда, «Қазақтардың мұсылмандықтан бұрынғы салт-дәстүрлері» топтамасындағы «Ай толғанда» триптихі мен «Сүндет» фильмі Сочиде өткен Ресей телевидениесі ашық форумының жоғары марапатына ие болды. «Қызыл трактор» фильмі V Еуразия телефорумының арнайы жүлдесін алды. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы жайлы «Махаббат сәулесі» фильмі IX Еуразия телефорумының және «316-атқыштар дивизиясы» фильмі «Бірге жеңдік» атты әскери-патриоттық фестивальдің бас жүлдесін иеленді.

Бақыт Қайырбековтің фильмдері жайлы айтқанда, еліміздің шежіресін тарқатқан 100 сериялы «Әлемнің тоғызыншы территориясы» кинотуындысын атап өтпеске болмайды. Ал «Аспанның мәңгілік назарында» – Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған 10 сериялы деректі фильм. Онда көшпелі халықтардың ежелгі заманнан бергі дүниетанымы, әлемдік өркениет пен мәдениеттер байланысы, жетістіктері мен жаңалықтары қамтылған. Автор бұл фильміне өмір бойы жинақтаған тарихи деректерін, зерттеу еңбектерін арқау еткен.

Биыл – Астананың 25 жылдық мерейтойы. 1998 жылдың 10 маусымында өткен елорданың халықаралық тұсаукесері ел тарихына алтын әріптермен жазылды. Ал сол кездегі мерекелік бағдарламаның бас сценарисі Бақыт Ғафуұлы болғанын біреу білер, біреу білмес. Бас қаламыз жайында «Арман архитектурасы», «Басты мәселені сөз етейік», «Қанат аксиомасы» атты деректі фильмдері де бар.

Бірнеше жыл бұрын «Дешті Қыпшақ. Құпия таңбалар» атты деректі фильмінің Астанада өткен таныстырылымында болған едік. Кинотуындының бірінші бөлімінде қыпшақтар мен армяндар арасындағы байланыс сөз болады. Екінші бөлімде қасиетті Петр шіркеуінің кітапханасында сақталған «Кодекс Куманикус» атты құнды кітап туралы айтылады. Оны Венеция кітапханасына 1362 жылы Қайта өрлеу дәуірінің көрнекті ақыны Франческо Петрарка сыйлаған.

Кинотуындыларына тарихтан басқа тұлғалар өмірі мен қызметін арқау етті. Бұл қатардағы тырнақалды туындысы – әкесіне арналған «Мен саған сәбимін» фильмі. Күй атасы – Құрманғазы жайында «Кісен ашқан», әдебиет абызы Әбіш Кекілбаев туралы «Ұлан-ғайыр» фильмдерін түсірді. Сондай-ақ Дінмұхамед Қонаев, Асанәлі Әшімов, Айман Мұсақожаева, т. б. танымал тұлғалар галереясын жасады.

Төл шығармашылығынан бөлек, жыраулар поэзиясынан бастап бірқатар қазақтың көрнекті қаламгерін орысша сөйлетті. Асан қайғы, Бұқар жырау, Ақтамберді жыраудың толғауларын, Абдолла Жұмағалиев, Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молдағалиев, Есен­ғали Раушанов, Тұрсынхан Әбдірахманова, Оразақын Асқар және т. б. ақындардың жыр жинақтарын тамаша тәржімалады. Әкесі Ғафу Қайырбековтің эпикалық сарындағы поэзиясын орыс оқырмандарына сол күйінде жеткізді. Аудармашы ретінде тек өлең ғана аударып қойған жоқ. Қазақтың құйқалы қара сөзіне түрен салды. Ойшыл ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» тарихи еңбегін орысшаға аударуы құбылыс деп бағаланды. Оны оқырмандар жоғары бағалады. Сонымен қатар Қойшығара Салғараұлы, Сайын Мұратбеков, Ақселеу Сейдімбек, Әміржан Әлпейісов, Тұрсын Жұртбай секілді сөз зергерлерінің прозалық шығармаларын аударды.

Поэзия мен музыка – егіз. Бақыт ­Ғафуұлы бала кезінен музыкаға құштар болды. Әміре Қашаубаев атындағы музыка мектебінің «пианино» сыныбын бітіргені де бар. Бұл өнері театр қойылымдарына либретто жазуға септесіп келе жатыр. Иә, шығармашылығы, кинодан бөлек, театрмен тығыз байланысты. Атап айтқанда, былтыр «Астана Балет» театрында либреттосына жазылған «Жібек жолы» балеті қойылды. Бұдан бұрын осы театрда оның қаламынан туған «Әлем» және «Бейбарыс сұлтан» балеттері, «Астана Опера» театрында «Дала дауысы» балеті, «Astana Musical» театрында «Астана – менің махаббатым» мюзиклі көрермендерге жол тартты.

Фотоөнермен де айналысады. Екі жылдай бұрын Алматы қаласында «Notebook. Естеліктер күнделігі» атты фотокөрмесі өтіп, онда келгендер авторлық суреттерін тамашалады.

Басшылық қызметтерде болып, Президент телерадиокешені, «Мәдениет», «Білім және мәдениет» телеарналарын, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ты басқарған Бақыт Қайырбеков мерейтойына орай «Сырлас іздеймін» атты эсселер кітабын дайындап жатыр. Бұл – осы жасқа дейінгі өмірінің қорытындысы іспеттес туынды. Жазар таусылмасын дейміз.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button