Басты ақпаратМәдениет

«Қазақконцерт» – музыка өнерінің қара шаңырағы

Өнерсүйер қауымға рухани байлық сыйлап, музыка әлемінің терең сырынан сусындатар тағылымы мол өнер ордасы – «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы қазақ музыка өнерінің нағыз қара шаңырағына айналды. Тарихы бай, тамыры терең «Қазақконцерт» әрдайым ұлттың рухани мүддесін ұлықтап, еліміздегі музыкалық өнердің дамуына зор үлес қосып келеді. Биыл алпыс­тың асуын бағындырған «Қазақконцерт» дәстүр мен жаңашылдықты қатар ұштастыра алды ма, қазіргі уақыттың күрделі ахуалына бейімделе алды ма? Осы және өнер төңірегіндегі өзге де өзекті мәселелер туралы «Қазақконцерт» МКҰ директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Сейдуллаұлы әңгімелеп берді.

АЛПЫС ЖЫЛДЫҚ АСУ

– Жеңіс Сейдуллаұлы, «Қазақконцерттің» алдағы алпысыншы мерейтойлық маусымы несімен қызық болмақ?
– Жаңа концерттік маусым – біз үшін айрықша белес. Көрермендермен қауышуға асыққан «Қазақконцерт» ұжымының жаңа маусымда жұртшылыққа ұсынар жаңалығы аз емес. Мерей­тойлық жылдың аясында әртістеріміз көрермендерді онлайн және дәстүрлі форматтағы жаңа концерттік бағдарламалармен, керемет премьералар және тың жобалармен қуантпақ.
– Әдетте әртүрлі шығармашылық ұжымдар мерейтойларында кітап, күйтабақ шығару сияқты істерді қолға алып жатады. Сіздер көрермендерге не дайындап отырсыздар?
– Жуырда «Қазақконцерттің» аңыз тұлғалары орындаған атақты әндер мен қазіргі таланттары ұсынып жүрген танымал туындылар енген онлайн медиатека жарық көреді. Тағы бір үлкен еңбегіміз – ұйымның 60 жылдығына арналған мерейтойлық кітап. Бұл екі туындымыз электронды форматта жарияланып, қолданыста ыңғайлы әрі қолжетімді болмақ. Музыкалық мәдениет тарихында қалатын тағы бір құнды дүние – «Қазақконцерт» тарихы мен бүгінгі жетістіктеріне арналған деректі фильм. Мерейтойлық концерттік маусымның шымылдығы үлкен онлайн концертпен ашылмақ. Бұның барлығы өнерсүйер қауымға тарту ететін керемет тосын сыйларымыздың бастамасы ғана.
– Ал елу тоғызыншы концерттік маусым қалай өтті? Қорытындыларын өз аузыңыздан естісек…
– Өткен концерттік маусым жаңа концерттер мен қойы­лымдарға, айтулы жетістіктерге және күтпеген жаңалықтарға толы болды. «Қазақконцерттің» шығармашылық ұжымдары өнерсүйер қауымға түрлі жанрлық бағыттағы ерекше 43 концерттік іс-шараны ұсынды.
59-шы концерттік жыл талғампаз тыңдарманның жанды дауыс­тағы музыкаға, жоғары сапалы концерттік бағдарламаларға деген ықыласын арттыра түсті. Осы орайда «Қазақконцерттің» құрамындағы Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі, «Форте трио» мемлекеттік триосы, «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі, «Астана мюзикл» театры, «Халық қазынасы» мемлекеттік фольклорлық өнер бөлімі, «Эстрада бөлімі», «Saz&soul» вокалдық-аспаптық ансамблінің әртістері мен солис­тердің шығармашылық еңбегі зор.
Басқаша айтқанда, музыкалық, танымдық және эстетикалық талғамдары әртүрлі өнерсүйер қауым өзінің сүйіп тыңдайтын рухани дүниелерін бір «Қазақконцерттің» өзінен таба білді.
Бұған қоса, премьералар мен жоғары сапалы өнер туындыларынан республика аймақтары да, шетелдік көрермендер де құр қалған жоқ. Өткен концерттік маусымда ел аймақтарында – 25, шетелдерде 15 гастрольдік сапар сәтті жүзеге асты.

КАРАНТИН ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР КЕЗЕҢІ БОЛДЫ

– Карантин енгізілген шақта «Қазақконцерт» үшін жаңа бағытқа бетбұрыс жасау қаншалықты қиын болды?
– Иә, карантин кезінде көрер­мендеріміз үшін алдын ала дайы­ндалған көптеген іс-шаралар өткізілмей, шығармашылық жоспарға едәуір өзгерістер енгізуге тура келді. Алайда мол тәжірибесі бар «Қазақконцерт» үшін карантин жаңа мүмкіндіктер кезеңіне айналды.
Бұл кезеңде көрерменге пайдалы, танымдық әрі позитивті онлайн жобаларды ұсындық. Солардың ішінде ең ауқымды жоба – Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен және «Қазақтелекоммен» бірлесіп жүзеге асқан «Карантиндегі жұлдыз» онлайн жобасы. Бұл жобадағы онлайн концерттер бірден көрермен жүрегіне жол таба білді. 50 онлайн концерт ұсынылып, 140 қазақстандық әртіс қатысқан және 20 миллион көрермен тамашалаған бұл жоба карантиндегі үздік бастамалардың біріне айналды. Бұған өнер сүйер қауымның көптеген жылы лебіздері мен алғысы дәлел.КЕЛБЕТІН ТАПҚАН КӘСІБИ ҰЖЫМ

– Тамырын тереңге жайған «Қазақконцерт» 60 жылдың ішінде өзіндік келбетін тапты ма?
– «Қазақконцерттің» келбетін қалыптастыратын екі фактор бар деп білемін. Соның бірі – ұйымның құрамындағы өнер ұжымдары мен солистер. «Қазақконцерт» тыңдарман мен өнер арасындағы алтын көпір болса, концерттік ұйымның тіршілігіне жан беріп, рухани мұрамыз бен тыңдарман арасын жалғаушы – өнер ұжымдарымыз бен солистеріміз.
Арыдан бері қарай тартсақ, «Қазақконцерт» тарихында Шара Жиенқұлова, Жамал Омарова, Жүсіпбек Елебеков, Рабиға Есімжанова, Жаппас Қаламбаев, Ғарифолла Құрманғалиев, Мағауия Хамзин, Еркеғали Рахмадиев, Роза Бағланова, тағы басқа қазақ музыка мәдениетінің қазығын қаққан көптеген ірі тұлғалардың айқын ізі қалды.
Олардың жарқын ізін Алтынбек Қоразбаев, Сара Тыныштығұлова, Айман Мұсақожаева, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Айжан Нұрмағамбетова, Димаш Құдайберген, Ерлан Рысқали, Азамат Жылтыркөзов, Мөлдір Әуелбекова сынды белгілі, белді талантты өнерпаздар лайықты жалғады.
Қазақконцерт болмысын қалыптастыратын екінші маңызды фактор – біз ұсынатын концерттік іс-шаралар. Көрермендерді бірден баурайтын ерекшелік – сапалы әрі тек жанды дауыстағы әуендердің, жоғары музыкалық-эстетикалық талғамның, рухани тәлім-тәрбие берер және таным көкжиегін кеңейтер тың шығармашылық дүниелердің шебер үйлесім табуы.
Бірнеше музыкалық жанрды тоғыстырған «Қазақконцерт» бұл ерекшелігін көрсетіп келе жатыр. Оның жарқын үлгілері – «Көшпенділер рухы» концерті, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің үлкен концерті, «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы», «Жаңа жылдық кездесу», «Ұлыстың ұлы күні» тағы басқа концерттер. Концерттер мен қойылымдарымыз әрдайым халыққа қолжетімді және әртүрлі жас шамасындағы үлкенді-кішілі көрермендерге арналған.
«Қазақконцерттің» алпыс жылдағы жетістіктерін бір ауыз сөзбен айтып тауысу мүмкін емес. «Біз осындаймыз» деп мақтанғаннан гөрі, енді қай биіктен асамыз деген үлкен мақсат бар алдымызда.

– Әңгімеңізге рақмет! Өнер ұжымы алдағы мақсаттарына жете берсін!

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button