Мәдениет

«Қазақконцерттің» Астанадағы қадамдары

Өткен қыста бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары алпыс жылға жуық тарихы бар «Қазақконцерт» бірлестігінің жабылғандығы жөнінде жаңалықты таратты. 001

Сол кезде: «Шара Жиен­құлова, Манарбек Ержанов, Жамал Омарова, Жүсіпбек Елебеков, Рабиға Есімжанова, Мағауия Хамзин, Нұрсұлу Тапалова, Роза Бағланова сынды қазақ ән-күй және би өнерінің майталмандары бастауында тұр­ған іргелі ұжымның жұмысын тоқтатқаны қалай болды?» деп, ойланғанымыз рас. Журналистер тарапынан айтылған «Бірлестік түбегейлі жабылмай, Астанаға көшуі мүмкін» деген болжам ғана көңілімізге демеу болды. Бұл сөз шындыққа айналғанын естіген соң, елорда төрінде қайта құрылып, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы атауын алған ұжымның тыныс-тіршілігімен танысуға асықтық.

05

ЖАЛЫНДАҒАН ЖАСТАР ТАНЫЛАДЫ

«Қазақстан» орталық концерт залынының негізінде жұмысын жалғастырған, әлемдегі озық технологиялық жетістіктерді есепке алып, жабдықталған, сәулет өнерінің бірегей туындысы болып саналатын ғимаратта орын тепкен ұйым алдында ауқымды мақсаттар қойылып отыр. Басты мақсат – әрине, әдеби және сан салалы өнер туындыларымен көпшілікті қауыштыру. Сол арқылы ұйымға қарасты өнер ұжымдары мен жеке орындаушыларды халыққа таныстыру. Бұл тұрғыдан алғанда, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы аттары әлі таныла қоймаған жас өнерпаздарға үлкен сенім артып отыр. Ұжым қатарына да негізінен сондай өнерпаздар қабылданған.
Ал тарихы терең, өзінің қалыптастырған дәстүрлері бар бірлестікке келсек, ол елор­да­­да­ғы ұйымның Алматыдағы фи­лиалы болып қала бермек. Филиалды бұрынғысынша белгілі әнші, композитор, Қазақстанның және Қырғызстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев басқарып отыр.

ӨНЕР МАЙТАЛМАНДАРЫНЫҢ ӨНЕГЕСІ

Ғимаратты аралатып, сон­дағы өнер ұжымдарымен бізді ұйымның шығармашылық жөнінде директордың орынбасары Ерлан Дәкенов таныс­тырды. Астанадағы ұйымға қарасты ұжымдарға да аттары көпшілікке танымал өнер майталмандары жетекшілік етуде екен. Мәселен, «Солистер академиясы» мемлекеттік оркестрінің көркемдік жетекшісі – Әлем әртісі деген атағы бар Халықаралық шығармашылық академиясының академигі, Қазақстанның халық әртісі, еліміздің Еңбек Ері Айман Мұсақожаева. Фольклорлық-этнографиялық ансамбль бас­шылығын танымал күйші, композитор, ҚР еңбек сіңірген әртісі Секен Тұрысбек қолға алды. Ал «Forte-Trio» атты мемлекеттік трионы ҚР еңбек сіңірген қайраткері, пианиношы Тимур Урманчеев басқаруда. Бұл ұжымдарға қоса ұйым құрамында камералық оркестр, эстрадалық топтар мен жеке орындаушылар жұмыс істеуде.

«ASTANA MUSICAL» АЛАР АСУ

Жуырда газетіміз арқылы бас қалада «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы жанынан «Astana Musical» атты жаңа театр ашылғанын сүйіншілегенбіз. Қазақ көрер­меніне әлі де таңсық болып көрінетін бағытты таңдаған театрдың дайындап жатқан алғашқы қойылымы жайлы да жазғанбыз. Сонда өнер ұжымы өзінің тұсаукесерін «Дос-Мұқасан» ансамблінің репертуарынан алынған әндерден құралған мюзиклмен өткізетіні айтылған. Ақпаратты толықтыра кетейік, тұңғыш қойылым әйгілі ансамбльдің әндерінен ғана емес, өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдардағы танымал туындылардан тұрады. Мұны бізге қойылымның қоюшы режиссері Есләм Нұртазин жеткізді. Сол жылдардағы жастықтың лебін осы заманға әкелетін, ғашықтық сезімнің қуанышы мен мұңы сынды мәңгілік тақырыпты өнер ті­лінде сөйлететін қойылымның премьерасы қыркүйек айының аяғына, қазан айының бас кезіне жоспарланған. Оған қырық шақты әртіс қатыспақ. Арасында елгі белгілі өнерпаздар да көрініп қалуы тиіс.

АТҚАРЫЛАР ІС АУҚЫМЫ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 69-қадамында Астананы зерт­теушілерді, студенттерді, кә­сіпкерлерді, барлық өңірлер­ден туристерді тартатын Еура­зияның іскерлік, мәдени және ғылыми орталығына айналдыру жөнінде айтылған. Елордада «Қазақконцерт» мемлекеттік ұйымының құрылуы соған бірден-бір жол ашады. Алды­мызда келе жатқан «ЭКСПО-2017» халықаралық маман­дан­дырылған көрменің қарса­ңында да ұйым­ның атқарар қызметі маңызды болмақ. Көрме өтетін күндері ұжым өнерпаздарына түсетін үлкен жүкті де біздіңше, шамалау мүмкін емес.
Әлемдік ауқымдағы шараның алдында да, одан кейін де ұйымның атқарар қызметі көлемді болмақ. Оның бәрі де Астананың иммиджіне оң ықпалын тигізбек.
– Жыл сайын халықаралық және республикалық конкурс­тар мен фестивальдарды ұйым­дастыруды қолға алмақпыз. Соның ішінде Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық ән фестивалі, «Ұлы дала музыкасы» фестивалі, Орталық Азия елдерінің театр фестивалі, жеке орындаушылар, пианистер, скрипкашылардың конкурстары, «Елім менің», «Тәуелсіздік толғауы» республикалық конкурстары және өзге де байқаулар бар. Әлемдік классикалық және қазіргі заманғы музыкалық өнер жұлдыздарының концерттерін өткізбекпіз. «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу аясында клас­сикалық және эстрадалық музыка концерттерін апта сайын ұйымдастырмақпыз. Сондай-ақ, балаларға арналған апта сайынғы абонементтік спектакльдер мен концерттер, ұлттық фильмдердің тұсаукесерлері, мәдениет, спорт және туризм салалары бойынша халықаралық конференциялар, брифингтер, көрмелер, дөңгелек үстел мәжілістері, театрландырылған қойылымдар, шоу-бағдарламалар және өзге де ауқымды шараларды өткізу ұйым міндетіне жатады, – дейді «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Салтанат Сейдімбек.

БӘСЕКЕЛЕСТІК ОРТА ҚАЛЫПТАСПАҚ

Қарап отырсақ, осының бәрі аз жұмысты қажет етпейді. Ұйымның бұл еңбегі арқылы Астана мәдениеті жаңа сапаға көтеріледі. Әрине, көп нәрсе өнерпаздарды кәсібилігіне бай­ла­нысты болмақ. Егер әртіс­тер биік деңгейде өнер көрсете білсе, елордадағы өзге өнер ұжымдары да сондай дәре­жеге көтерілуге тырысады. Бұл тұрғыдан алғанда, «Қазақ­концерт» мемлекеттік ұйымы­ның өнерпаздары елордада бәсе­келестік орта қа­лып­тастырмақ.
Мәселен, осы күндерге дейін «Жастар» театры қойған мюзиклдерді ғана тамашалаған едік. Оның кейінгісі «Моцарт» қойылымы болды. Осы туынды жаман шықты деп айтпаспыз, бірақ бізге «Astana Musical» театры осы жанрдағы қойылымдарды қалай қоятыны қызық боп тұр. Бұл мәселе мюзиклдерді қою жөнінен тәжірибесі бар «Жастар» театры ұжымын да қызықтырары сөзсіз. Демек, қос ұжым бірі екіншісінің қойылымдарын тамашалап, кәсіби тұрғыдан өседі. Бұдан осы екі театр ғана емес, мәртебелі өнер ұтады. Халыққа керегі де жүректі тебірентетін шынайы өнер. Ендеше, «Қазақконцерт» мемлекеттік ұйымына осы үдеден көрінуіне шын жүректен тілектестік білдіріп, елордада жаңа бастаған қадамдарына сәттілік тілейміз!

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button