Мәселе

Қазақша ас мәзірін талап ете аласыз!

Бірде алыстан қонақ келді. Уақыттың мүмкіндігіне қарай Есілдің сол жағалауындағы «Алаша» мейрамханасына бардық. Кіреберістен қарсы алған даяшы қазақ жігіті ас мәзірін әкеліп берді. Оны қарамай бірден: «Бізге ет әкеліп беріңізші, сорпасымен қоса» деп тапсырыс бердім. Бірақ даяшы «ет», «үлкен ас» деген сөздерді түсінбеді. «Бізде ондай тағам жоқ. «Бешбармак» қана бар» деп жауап қатты. Орыстанған қазақтардың осы мутант сөзі тілдік қолданысымызға берік орнығып алғаны рас. Орыс тілінде жазылған ас мәзіріндегі «Бешбармак»-тың бір табағының құны – 3 000 теңге. Қазақша ас мәзірін сұрап едік, жауап болмады. Нара­зылық танытсақ та еріксіз көндік. «Әттең, бізде заң жоқ. Қазақшаны менсінбеген кәсіпкерлерді жазаласа ғой» деп іштей кіжіндік те қойдық.

[smartslider3 slider=330]

Қазақ тілінде жазылуы керек
Бұдан былай еліміздегі ауыл атауынан бастап ас мәзіріне дейінгі мәтіндер қазақша болуы керек. Жақында Мәжіліс депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Заңнамаға енгізілген түзетулерді түсіндірген Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғали заң жобасының мақсаты сыртқы жарнамалар мен әртүрлі маңдайшалардағы, өзге де реквизиттер мен көрнекі ақпараттардың мемлекеттік тілде дұрыс жазылуын, мәтіндердің түпнұсқадағы аударылуы бойынша қосымша талаптарды белгілеу екендігін түсіндіріп берді.
Бір қуанарлығы, көрнекі ақпараттардағы қазақ тіліндегі мәтіннің болмауы, сауатсыз жазылғанын ескере отырып, заңда нақты талаптар енгізілген. Атап айтсақ, әкімшілік аумақтардың, елдімекендердің, өзге де географиялық нысандардың дәстүрлі тарихи қалыптасқан атаулары тек мемлекеттік тілде жазылады. Сондай-ақ мемлекеттік емес ұйымдардың бланкілері мен маңдайшаларындағы жазу, жол белгілеріндегі жазу, хабарландыру, жарнама, баға көрсеткіштері, ас мәзірі, бағдар нұсқағыштар және өзге де көрнекі ақпараттар мемлекеттік тілде, қажет болған кезде ғана орысша жазылады.
Бұдан бөлек, дәрілер, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар нұсқаулықтарының, таңбалауы, стикерлері де түпнұсқалық мағынасы мен орфографияны сақтай отырып, таза қазақ тілінде жазылады. «Бүгінгі күні мемлекеттік тілдің мәселесі бәрімізді алаңдатады. Бұл түзетулер қоғамда, БАҚ пен әлеуметтік желілерде жиі-жиі көтеріліп жүрген қазақ тілінің мәртебесін биіктету мәселесін шешуге бір қадам жақындатады деп үміттенеміз» деді Берік Әбдіғали. Ол сондай-ақ алдағы уақытта мемлекеттік тілге қатысты бөлек заң жобасы дайындалатынын жеткізді. Яғни, бұл заңға кірмеген мәселелер жаңа заңда міндетті түрде жазылады.
Әрбір азамат айналыса алады
Қазір әлеуметтік желілерде көшелердегі, мекемелердің маңдайшаларындағы қателерді суретке түсіріп, оны түзетуге кәсіпорын басшылығына ескерту жасап жүрген намысшыл жандардың жазбаларын жиі оқимыз. Кейбіреулер: «Оған несіне бас қатырасыңдар? Тіл басқармасындағылардың жұмысы емес пе?» дейтіндер де кездеседі. Алайда бұдан кейін мұндай сауатсыз мәтіндерді, қате жазуларды көрген еліміздің әрбір азаматы (азаматшасы) құзырлы органдарға (прокуратураға, сотқа, Тіл басқармасына) шағым жасап, мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіруге өз үлесін қоса алады.
Қазір көшелерде, географиялық нысандарда қателер өте көп. Тіл комитетінің деректері бойынша жыл сайын ел аумағынан осындай 15 мыңға жуық қателер туралы ақпарат жиналады. Бірақ, оларды түзету, дұрыс жазуды талап ету үшін белгілі бір мекемеге заң шеңберінде құзірет берілуі тиіс. Сонда қателерді тексеруді кім жүргізеді? Тіл басқармаларының бұған құзіреті жүре ме? Бұл сауалдарға Берік Әбдіғали былай жауап берді: «Заңды қабылдайтын кезде осы мәселені талқыладық. Әкімшілік кодекстің 75-ші бабында «Егер кәсіпкер қатені түзетпесе, алдымен оған ескерту жасалады, содан соң айыппұл салынады» деп жазылған. Яғни, қате жазды ма, оны түзетуі керек, болмаса айыппұл салынады немесе өзге де шаралар қолданылады».
Оның түсіндіруінше, қателерді болдырмау үшін жауапкершілікке тарту қажет. Бұл мәселемен бұрын айналысқан Тіл басқармаларының мұндай құзыреті жоқ. «Себебі 2018 жылы кәсіпкерлік кодексі қабылданып, Үкімет Тіл басқармасының құзіретін алып тастаған. Егер қате көрсе, тек ескерту жасайды, барып тексере алмайды. Сондықтан бұл мәселе толық шешімін тапқан жоқ. Осы заңды қабылдайтын кезде Мәжіліс, Үкімет және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдері арасында қызу пікірталас болды. Сонда қайсысына жүгінеміз: заң да бар, кәсіпкерлік кодекс те бар. Соңынан мынадай шешімге келдік: қатені көрсеткен адам Бас Прокуратураға да, сотқа да шағымдана алады. Мұнымен әрбір азамат, қоғамдық ұйымдар айналысуға құқылы» деп түсіндірді депутат.
Біз кейде қарапайым заңды біле бірмейміз. Мәселен, Сіз кез келген мемлекеттік органға барғанда қазақша сұрағыңызға мемлекеттік тілде жауап беруді тала етуге қақыңыз бар. Заңнамада солай жазылған. Көшеде я болмаса белгілі бір мекемеде, көпшілік тамақтанатын орындарда қазақша қателерді немесе тек орысша мәтіндерді көрген әр адам заңды қадағалаушы басты органға арыз бере алады.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button