Мәдениет

Қазақша фильм рекорд орнатты

Қазақстанда Голливуд фильмдерін дубляж жасаудың 12 жылдық тарихында алғаш рет қазақ тіліне аударылған «Аватар: су жолы» фильмі касса бойынша абсолют рекорд орнатты. Бұл туралы Disney студия­сының ТМД және Қазақстандағы ресми дистрибьюторы – Meloman компаниясы бөлісті.

Джеймс Кэмеронның қазақ тіліне аударылған фильмі 69 миллион теңгеден аса рекорд соманы жинады. Қазақ тіліндегі сеанстарды барлығы 42 мыңнан аса көрермен тамашалады.

– «Аватар: су жолы» – 2022 жылы қазақ тіліне аударылған Диснейдің үшінші фильмі. Дубляжды шығармалары сауатты әдеби стильмен ерекшеленетін Aray Media Group студиясы жасады. Фильмдер – тілді танымал етудің тамаша тәсілі. Фильм­дер сөздік қорды байытуға, сондай-ақ, түрлі сөз тіркес пен өрнекті қолданудың мәнмәтінін түсінуге мүмкіндік береді. Бұл фильмді екінші рет білім беру мақсатында көруге болады, – дейді компания өкілдері.

Meloman-ның ресми мәліметінше, фильмнің ТМД елдеріндегі жалпы кассалық алымдары 7,3 миллион доллардан (3,4 миллиард теңгеден астам) асты, бұл «Аватар: су жолы» прокатының басталуын ТМД тарихындағы ең сәтті етті. Тек Қазақстандағы көрермен саны бір миллионнан асты. Фильм кассасы 4,1 миллион доллардан асатын Marvel-дің «Өрмекші адам: үйге қайтар жол жоқ» және 3,9 миллион доллардан асатын «Доктор Стрэнж» фильмдерін артта қалдырды.

«Кэмеронның туындысы Қазақстанның прокат тарихындағы ең кассалық көркем және анимациялық фильмдер тізімінде бірінші орында тұр. Көрермендер мен баспасөз өкілдері фильм­ді Голливудтың ең маңызды картиналарының бірі деп атады. Бұл, шын мәнінде, бүкіл сала үшін тарихи және мәдени кезең. Оның маңызын толық бағалау үшін егжей-тегжейлі талдап, бірнеше шолу жасау керек» деді компания өкілдері.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button