Әлеумет

Қазақшаны – қаршадайдан


Интернет бетiнен мынадай қызықты мәлiметтi көзiм шалғаны бар. Баланың тiлi ендi ғана шығып келе жатқан кезде оның санасының 3 мың тiлдi қабылдай алатындай мүмкiндiгi болады екен. Келе-келе бұл мүмкiндiктiң деңгейi төмендей бередi де, бала тек өз анасы сөйлейтiн тiлдi ғана жетiк қабылдайтын көрiнедi.
Небәрi 2-3 жасар баланың үш мың тiлдi меңгеруге қаншалықты қауқарлы екенiн өз басым нақты айта алмаймын. Бiрақ, баланың жасы неғұрлым кiшi болса, солғұрлым ол екiншi тiлдi де оңай меңгеретiнi анық екен.

Мұны мен өз тәжiрибеме сүйенiп айтып отырмын.
Өзiм балабақшада тәрбиешi болып жұмыс iстеймiн. Менiң тобым балабақшадағы ең кiшi сәбилер тобы болып есептеледi. Топта негiзiнен үш пен төрт жас аралығындағы сәбилер тәрбиеленедi. Балабақшамыз таза қазақ тiлiнде тәрбие бередi. Әйтсе де, мұнда тәрбиеленiп жатқан өзге ұлттың балалары жеткiлiктi. Менiң тобымда ұлты өзге бес бала бар.
Қазақ тiлiнiң қанат жаюына титтей де болса еңбегiмдi сiңiрейiн деген мақсатпен, осы балалардың мемлекеттiк тiлдi жетiк меңгеруiне үлес қосуды өзiме мiндет санадым. Заманауи басылымдардан iзденемiн, тәжiрибе алмасамын.
Бiр түйгенiм, қазақ тiлiн, жалпы кез келген шет тiлiндегi сөздердi, сөйлемдердi, диалог, монологты қайталай беру жолымен емес, жалпы белсендi түрде сөйлету арқылы, яғни балаларға қызықты болатындай ойындар арқылы үйрету керек екен. Балаларға жалаң сөз жаттауды емес, әрбiр сабақта үйренген сөздерiн ауызекi айтуға, сөйлем құрамын дұрыс қолдана бiлуге үйрету қажет.
Сабақта, сабақтан тыс уақытта тәрбиешiлер аудио және бейне таспаларын, көрнекi оқу құралдарын, үстел ойындарын қолданады, яғни үйренетiн жаңа сөз көрнекiлiкпен бекiтiлсе, ол баланың сөздiгiн толықтырады, ал бұл өз кезегiнде олардың ойын, мереке, концерт кездерiнде емiн-еркiн арақатынасқа түсуiне көмектеседi.
Адам мәдениетi ойын арқылы дамиды. Сондықтан, ойын технологиясы арқылы баланың оқу ынтасын арттыру жеңiл болмақ. Әлi әрiп танымайтын, жазу-сызуды меңгере қоймаған 3-4 жастағы балаға тiл үйретудiң ең тиiмдi жолы – рөлдiк ойындарды өткiзу дер едiм. Мәселен балаларға күнделiктi айтып беретiн ертегi кейiпкерлерiнiң сөзiн өздерiне бөлiп берiңiз. Кейiпкердiң даусына салып, қай сөздi қалай айту керек екендiгiн ескертiңiз. Сонда бала қай сөздiң мағынасы қандай, ол қандай мәнермен айтылады, бәрiн-бәрiн сол сәтiнде миына жазып алады.
3-6 жастағы балаларға шет тiлдерiн үйретуге бола ма деген сұрақ тәжiрибеде ертеден-ақ оң шешiмiн тапқан.
Мектепке дейiнгi кезең баланың бiлiмдi қабылдағыштығы жоғары болатын даму кезеңi болып табылады. Қателiктерге бой алдырсам, күлкiге қаламын дейтiн ересектер секiлдi психологиялық кедергiлерден де ада болатын кезi бұл. Ересектерге қарағанда сәбилердiң тiлдi жылдам меңгеретiнi содан.
Мектепке дейiнгi ересек жастағы балалар қарым-қатынасқа ынталы келедi. Сондықтан нақты дәлелдермен тiлдiк ортаға сауатты, кешендi бағытталса, қызықтыра оқытудың жеке және топтық түрлерiн пайдаланса, тiл үйренуде тез табыстарға қол жеткiзедi.

Әйгерiм ҚЫСТАУБАЕВА,
№55 «Қарақат» балабақшасы,
«Балапан» тобының тәрбиешiсi

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button