Мәселе

Қазақшасы қабыспай тұр…

 Қазір қоғамда сауатсыздар қаптап кетті. Олар өзін қазақ тілінің қалыптасқан заңдылығына қиянат жасап жатырмыз деп тіпті де ойламайды. Қайта өздерінше шалажансар сөзжасам тудырып, өртке май құюын тоқтатар емес.

Сөз тіркесінің өз заңдылығы бар. Екі сөз бір-бірімен жайдан-­жай, жүйесіз тіркесе салмайды. Мәселен, қазақ тілінде «-лық», «-лік», «-дық», «-дік», «-тық», «-тік» жұрнағынан жасалған сын есім мен тұйық етістіктен сөз тіркесі жасалмайды, жасалмауға тиіс те. Түсініктірек болуы үшін мысалмен айтсақ, «шатырға кіру» деуге болғанымен, «шатырлық кіру» деген сөз жоқ. «Қаржылай көмектесу», «қаржы жағынан көмектесу» деуге болады. Тіпті «қаржымен көмектесу» деуге де болар… Ал «қаржылық көмектесу» деген сөз тіркесі болмайды. Яғни «қаржылық қамтамасыз ету», «кадрлық қамтамасыз ету» дегендер де – дәл соған ұқсас қате. Бірақ, бір өкініштісі, сондай сөздерді зорлықпен тіркестіру қазір әбден белең алып кетті. Бұл туралы бұрын да жазған едік. Алайда осы қате конструкцияны тіпті беделі бізден бес есе артық, аузы алты есе дуалы кей ағаларымыз әлі секемсіз қолданып отырғанын, басқасы басқа, еліміздегі мемлекеттік жоғары органдар қатарындағы мына бақандай төрт министрліктің атауында сондай қате қолданыс менмұндалап тұрғанын көрген соң қайталап ескертпеске болмай тұр, қараңыз:

1) «Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігі».

– «Халықты қорғау», «халықты әлеуметтік тұрғыдан (жағынан) қорғау» немесе басқа мағына-контексте «әлеуметті қорғау» деуге болады, бірақ «әлеуметтік қорғау» деген тіркес болмайды. Бұл – «қаржылық көмектесу», «шатырлық кіру» деген сияқты «қазақша емес», қисынсыз конструкция;

2) «Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі».

– Бұл да солай: «қоғамды дамыту», «қоғамның дамуы» деген сөз болады, ал «қоғамдық даму» деген сөз болмайды!

3) «Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі».

– Тағы сол: «инфрақұ­рылымды дамыту», «инфра­құрылымның дамуы» деген сөз тіркесі болады, ал «инфра­құрылымдық даму» деген не сөз?!

4) «Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі».

– Түсінген шығарсыздар?! – Жай ғана «цифрландыру» деген сөз немесе «цифрландыру саласын дамыту» деген сөз тіркесі дұрыс болғанымен, «цифрлық даму» деген сөз болмауға тиіс-тін. Ал бізде ол білдей министрліктің атауында тұр.

Мұның бәрі – мемлекеттік органдар атауын әуелі орысша ойластырып, сосын ондағы орысша тіркесті қазақ тіліне тікелей калька жасау арқылы күштеп кіргізгеннің кесірі. Қаттырақ айтсақ, тілімізді «зорлау» салдарынан туған «шата тіркессымақтар».

Калька дегеннің ең бір қиыны – тілдік иммунитетімізді жойып бара жатқаны. Оның ықпалына түсіп, көз-құлағы қатеге әбден үйреніп алған көпшілік, соның қатарында журналистер, тіпті филологтардың өзі қазір көп сөздің дұрыс-бұрысын айыра алмайтын, дабыл қағатындай жағдайға жеттік.

Бір өкініштісі, осыны қанша айтсақ та, қанша жазсақ та ешкім құлақ асар емес. Құлақ асу былай тұрсын, «қоғамдық тамақтандыру», «парламенттік тыңдау», «кедендік бақылау», «қоғамдық қабылдау», «ақпараттық сүйемелдеу», т. с. с. деген сөздерді қазір күштеп енгізіп жүргендер бар.

Бұл мысалдар – орысшадан көзсіз калька жасаудың кесірі мен салдары. Тілімізге жасалған зорлық («изнасилование»). Ол сөздерді бұлайша байланыстыруға болмайды. Мұндай «сөз тіркестері» тілдің табиғатына жат.

Ең жанға бататыны, оған жұрттың көзі мен құлағы үйреніп бара жатқаны, біреу­лерге біздің айтқанымыз «бүйректен сирақ шығару» сияқты көрінетіні…

Жоғарыдағы «шата» тіркестердің дұрыс қазақшасы шамамен мынадай болуы керек-тін: «көпшілікті тамақтандыру» («қоғамдық тамақтандыру» емес), «парламентте тыңдау» яки «парламент талқылауы (талқысы) («парламенттік тыңдау» емес), «кедендегі бақылау» яки «кеден бақылауы» («кедендік бақылау» емес), «жұртшылықты қабылдау» («қоғамдық қабылдау» емес), «мемлекеттің сатып алуы» («мемлекеттік сатып алу» емес). Мәселен, «әлеуметтік сақтандыру» деген қате қолданысты «әлеуметтік тұрғыдан сақтандыру» деп түзеткен жөн (ұзақтау десек те) немесе «әлеуметтік сақтандырылым» деп, соңғы тұйық септікті зат есім тұлғасына көшірген дұрысырақ (жасанды болса да). Сонда тілге қиянат болмайды. Немесе контекст пен мағынасына қарай олардың басқа, жатық, нағыз қазақша нұсқаларын табуымыз керек.

Батырболат АЙТБОЛАТҰЛЫ

P.S: Қазақ тілінде сөз тіркесінің бес түрлі байланыс тәсілі бары мәлім: қиысу, жанасу, меңгеру, матасу, қабысу. Болды. Екі сөз бір-бірімен басқаша байланыспайды.

Біз жоғарыда тілге тиек еткен мысалдар сөздердің бір-бірімен ешбір жалғаусыз, шылаусыз, тек іргелес тұру арқылы байланысуына – қабысуға ұқсағанымен, оған жатпайды. Қабыспай, қазақша болмай тұр.

Тоқетері: бізде мұндай байланыс түрі жоқ. Мүбәда, «белден басу» деген ат қойып, сөз тіркесінің жаңа – «алтыншы» байланыс тәсілі деп қабылдамасақ…

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button