Мәдениет

ҚАЗАҚСТАН. «АСТАНА – АРЕНА». «МУЗ-ТВ».

12

Елордада дүрілдеп өтетін «Муз-ТВ – 2015. Гравитация» сыйлығын тапсыру рәсіміне дейін бір аптадай ғана уақыт қалды. Кеше «Муз-ТВ» арнасының бас директоры Арман Дәулетияров Орталық коммуникациялар қызметінің брифингіне келіп, елорда тарихында айшықты із қалдыратын музыкалық уақиғаға әзірлік жайымен таныстырды.

Айтулы шара өтетін «Астана – Арена» стадионында бұл күндері қызу жұмыс жүргізілуде. Сахна мен көрермендерге арналған орындарды құру, басқа да керек-жарақтарды орнату сияқты жұмыстар алдағы бейсенбіге дейін аяқталуы тиіс. Ұшақтан түсе салып, брифингке келген телеарна басшысы журналистермен кездесуден кейін стадионға баратынын айтты. «Астана – Арена» стадионында енді бір апта бойы қона жатамын» деді ол сөзіне әзіл-қалжыңды араластырып.
Арман Дәулетияровтың айтуынша, салтанатты рәсімге белгілі музыканттарды, спортшыларды, мәдениет саласының майталмандарын, қарапайым көрермендерді қосқанда, жиыны мыңға жуық қонақ келеді.
– Олардың бәрін орналастыру жағын жіті қадағалап отырмыз. «Жатын орын таба алмаған қонақтарды қарсы алуға, үйімізге қондыруға дайынбыз» деген ұсыныс айтқан кейбір астаналықтардың пейілі мен ниетіне ризамын. Оларға көптен-көп рахмет айтқым келеді, – деген телеарна директоры үлкен музыкалық мерекені елордада өткізуге мүмкіндік берген мемлекет пен қала басшылығына алғысын жеткізе кетті.
«Муз-ТВ – 2015. Гравитация» сыйлығының серіктестерінің қатарында «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы, «Дара» мен «Аяла» қайырымдылық қорлары бар. «Бізді қолдап жатқан ұлттық компанияға алғысым шексіз. Бұл серіктестіктен екі тарап та ұтады. Жүз мың көрерменді қамтитын «Муз-Тв» арнасы арқылы Қазақстанда өтетін «ЭКСПО» көрмесі жайында көп адам хабар алады. Осы тұрғыдан алғанда, «Муз-ТВ – 2015. Гравитация» сыйлығы – үлкен жарнама» деді А.Дәулетияров.
Ал, «Дара» мен «Аяла» қайырымдылық қорларының атсалысуымен игі іс атқарылады. Олардың ұйымдастыруымен елордаға еліміздің түкпір-түкпірінен балалар үйінің тәрбиеленушілері мен мүмкіндігі шектеулі жеткіншектер, аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар жеткізіліп, ресейлік және қазақстандық әншілермен кездеседі. Өнер иелерімен түрлі ойындар ойнап, 4 маусым күні «Астана – Арена» стадионының алдында өтетін тегін концертті тамашалайды.
Арман Дәулетияровтың айтуынша, бұл концертте жалпы алғанда 60 әнші өнер көрсетеді. Олардың жартысы – Ресейден, жартысы Қазақстаннан болады. Осы концертті «Қазақстан» ұлттық арнасы тікелей эфирде таратады. Ал, «Муз-ТВ» телеарнасы жыл ішінде бес рет көрсетеді. «Осы концерт арқылы Ресейдегі жұрт қазақстандық әншілердің шығармашылығынан хабар алады. Бұл жайт осындағы эстрада жұлдыздарының көрші ел халқына таныла түсуіне септігін тигізеді» дейді телеарна басшысы.
4 маусым күні өтетін концертті Қазақстан тарапынан белгілі шоумен Нұрлан Қоянбаев жүргізеді. Оның қасында басқа да қазақстандық жүргізушілер болады. Алайда, олардың есімдерін А.Дәулетияров жария ете қоймады. «Оны концерт өтетін күні өздеріңіз көресіздер» деді. Ал, 5 маусымдағы «Муз-ТВ – 2015. Гравитация» сыйлығын тапсыру рәсімінің тізгінін бұған дейін белгілі болғандай Ксения Собчак, Максим Галкин, Лера Кудрявцева, Андрей Малахов ұстайды. Нұрлан Қоянбаев бұлардың қатарына да қосылып отыр. Екінші қазақстандық жүргізушіні де «Муз-ТВ» телеарнасының бас директоры құпия қалдырды.
Жалпы, «Муз-ТВ – 2015. Гравитация» сыйлығын иелену үшін әншілер бірнеше аталымда өнер жарыстырады. Биыл жаңадан қосылған «Үздік қазақстандық жыл әртісі» аталымында Жанар Дұғалова, Қайрат Нұртас, Нұрлан Абдуллин, «МузАрт» тобы және Әли Оқапов қарсылас атанды. Қай әншілер қара үзетіні 5 маусым күні анықталады. Рәсім қазақ және орыс тіліндегі әнмен жабылады. Арман Дәулетияровтың айтуынша, билеттер бағасы қымбат емес. Аз қалса да, айтулы музыкалық шараны стадионға келіп, тамашалаймын дейтін адамдар оны алуға әлі үлгереді.

Аманғали
ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button