Елорда тынысы

Қазақстан ауыл шаруашылығы санағын өткізуге дайындалуда

Қазақстан БҰҰ ФАО-ның техникалық қолдауымен 2025 жылғы кең ауқымды ұлттық ауыл шаруашылығы санағын өткізуге дайындалуда, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/

Бұл туралы осы жоба аясында Астанада  өтіп жатқан семинар-тренингте айтылды.

Естеріңізде болса, елімізде 2024 жылғы 20 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өткен, республика бойынша 54 елді мекенді қамтыған ауыл шаруашылығы санағының пилоттық кезеңі аяқталған болатын. Бұл дайындық ретіндегі оқу-жаттығулар 2025 жылғы Ауыл шаруашылығының Ұлттық санағын сәтті жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам ретінде қарастырылды. Аталмыш шара тиімді басқару шешімдерін қабылдау, тұрақты даму және азық-түлік қауіпсіздігі үшін дәл және өзекті ақпаратпен қамтамасыз етуге бағытталған.

Осы орайда, Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының (ФАО) қолдауымен Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросына бағытталған «2025 жылғы аралас ұлттық ауыл шаруашылығы санағын техникалық қолдау» жобасы аясында Астанада Бюро қызметкерлеріне ФАО халықаралық статистика сарапшыларының қатысуымен семинар-тренинг өтіп жатыр. 2024 жылдың 11-15 қарашасы аралығында ФАО сарапшылары – Расмия Алиева, Гиорги Квиникадзе және Энтони Бургарда – озық тәжірибелер, цифрлық деректерді жинау және өңдеу әдістері бойынша сессиялар өткізіп, алдағы уаылшаркащылық санағында әкімшілік деректер мен цифрлық шешімдерді тиімді пайдалану мүмкіндіктерін талқылайды.

«Біз халықаралық стандарттар мен ұсынымдарға сәйкес ұлттық ауыл шаруашылығы санағын табысты өткізетінімізге сенеміз. Бұл деректерді жинау әдістемесін оңтайландыруға және ұлттық тәжірибені жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл маңызды оқиға ауыл шаруашылығы секторында деректерді жинаудың сапасы мен тиімділігін арттыруға бағытталған ынтымақтастықтың бастамасы болады», – деді Қазақстан Республикасының Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Әсел Шауенова.

ФАО сарапшыларымен талқылау сессиялары ағымдағы дайындық шараларына жан-жақты шолу жасап, алдағы санақты ұйымдастыру бойынша ұсыныстарды әзірлемек. ФАО-ның Қазақстандағы байланыс және серіктестік кеңсесінің бағдарламалар үйлестірушісі Жаңыл Бозаева ФАО-ның техникалық қолдауы тиімді санақтарды ұйымдастыру үшін Ұлттық статистика бюросының институционалдық және әдістемелік мүмкіндіктерін нығайтуға бағытталғанын, бұл сондай-ақ статистикалық мәліметтерді салыстыру мен үйлестіруді жақсартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Жоба ФАО штаб-пәтері мен оның аймақтық кеңселерінің қолдауын қоса алғанда, тұрақты өзара әрекеттесу мен тәжірибе алмасуды қамтиды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button