Елорда күні

«Қазақстан барысы» – ұлттық спорт бренді

«Барыс Арена» спорт кешенінде елорда күніне орай қазақ күресінен өткізілген 11-інші «Қазақстан барысы» турнирінде еліміздің барлық аймағынан ең үздік болып танылған 36 балуан белдесті.

[smartslider3 slider=3421]

 

Байрақты бәсекенің ашылу салтанатында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов пен Мәде­ниет және спорт министр­лігі Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев құттықтау сөз сөйлеп, балуандарға сәттілік тіледі.

Ұлттық спортымыздың брендіне айналған «Қазақстан барысы» турнирін ұйымдастырушылар жыл сайын жарыс ережесін жетілдіріп келеді. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын балуандардың киіміне өзгеріс енгізілсе, сондай-ақ уақыт жағын тиімді пайдалану үшін белдесу уақыты 5 минуттан 4 минутқа қысқартылған болатын. Ал биыл белдесу уақыты қайтадан 5 минутқа ұзартылды. Балуандар былтыр­дан бері жалаңаяқ күресетін болды. Ал биылдан бастап «бүк» ұпайы жарыс ережесінен алынып тасталды. Осының бәрі турнирдің мәртебесін жетілдіруге жол ашып отыр.

Ал енді «Барыс Арена» спорт кешеніне жиналған және теледидар арқылы тамашалаған қалың жан­кү­йердің қа­нын қыз­дырғаны сөзсіз. Ең қызығы, сол топ жарады-ау деген атақты балуандардың бірқатары ширек финалға жете алмай сүрініп жатты. Атап айт­қанда, осыған дейінгі жарыстарда жеңіс тұғырынан көрінген Мұхит Тұрсынов, Еламан Ерғалиев, Ерасыл Қажыбаев секілді балуандар жарыстан ерте шығып қалды. Мұның өзі қазақ күресінің қарқынды дамып келе жатқанын айғақтаса керек.

Сонымен, биылғы жарыстың бірінші жартылай финалына Ғалымжан Қырықбай мен Мақсат Исағабылов шықты. Бұл белдесуде Жамбыл облысының намысын қорғаған балуан жеңіске жетеді деген көпшіліктің жорамалы жоққа шықты. Өйткені қызылордалық Мақсат Исағабылов бұл жарысқа тас-түйін дайындалып келгенін айқын аңғартып, қарсыласын тізе бүктіріп кетті. Екінші жартылай финалда 2017 жылғы жеңімпаз Еламан Ерғалиевті жолда қалдырған шымкенттік Нұрсәт Темірхан маңғыстаулық Нұрдәулет ­Жарылғаповтан ұтылды.

Осылайша ақтық сында Мақсат Исағабылов пен Нұрдәулет Жарылғапов кеуде түйістірді. Бұл балуандар бұған дейін финалға шықпаған еді. Бас жүлде үшін өткен ақтық белдесудің басында қос балуан аңдысып жүріп алды. Алайда қас-қағым сәтте қызылордалық Мақсат Исағабылов шалт қимылдап, қарсыласына қарсы әдемі әдіс қолдана білді. Осылайша барлық қарсыласын қоғадай жапырған Мақсат Исағабылов «Қазақстан барысы» турнирінің сегізінші жеңімпазы атанды.

Ал үшінші орын үшін белдесу өтпей қалды. Нұрсат Темірхан жарақатына байланысты бозкілемге шығудан бас тартты. Сондықтан қола жүлдені Ғалымжан Қырықбай «қан шығармай-ақ» қанжығасына байлады.

2022 жылғы «Қазақстан барысы» атанған Мақсат Исағабыловқа «Алтын белбеуді» ­Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов тапсырды. Сонымен, жеңімпаз балуанға ауыспалы «Алтын тайтұяқ» пен 25 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді. Ал күміс жүлдегер атанған Нұрдәулет Жарылғаповқа «Күміс белбеу» мен 5,5 миллион теңге сыйлық тапсырылса, үшінші орын иеленген Ғалымжан Қырықбайға 1,8 миллион теңге және «Қола белбеу» берілді.

Ғалым Қожабеков

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button