Басты ақпаратЖаңалықтар

ҚАЗАҚСТАН БИЗНЕСКЕ ҚОЛАЙЛЫ ЕЛ

Кеңестің биылғы отырысы «Астана – халықаралық қаржы орталығы» атты тақырыппен өтті. Оның жұмысына Қазақстан және шет елдер тарапынан Кеңес мүшелері, ірі корпорациялардың, мүдделі мемлекеттік  органдың басшылары, Қазақстанның іскерлік орта өкілдері қатысты.

48719d4c1fe91c62a0db082f35d71194

Мемлекет басшысы жиын басталар алдында «Астана» ХҚО-ның әлемдік қаржы орталықтары туралы ақпарат берілетін, сондай-ақ әлемнің ірі қалалары мен іскерлік орталықтарына жеткізетін қазіргі рейстерді қамтитын Астананың халықаралық әуе қатынасы картасы бейнеленген ақпараттық-таныстырылымдық стендпен танысып шықты.

Қазақстан Президенті шараға қатысушыларға арнаған сөзінде Кеңес ең маңызды тақырыптар жөніндегі диалог үшін ашық алаңға айналғанын атап өтті

– Кеңес өзінің құрылған сәтінен бастап кеңейе түсті, құрамы өзгерді, бірақ негізгі ұстыны сақталды. Мұны Қазақстанға халықаралық бизнес қоғамдастығының қызығушылығын арта түскенін, біздің елге ұдайы келіп жатқан шетелдік инвестиция ағынының молая түскенін көрсететін заңды үдеріс деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жиын әлем экономикасы үшін күрделі кезеңде өтіп отырғанын айтты.

– Өздеріңіз білесіздер, жаһандық экономикалық тұрақсыздық жағдайында былтырдан бері Қазақстан экономикасының өсімі де айтарлықтай баяулады. Бұған елдің негізгі экспорттық тауарлары бағасының төмендеуі, негізгі сауда серіктестеріміздің ұлттық валюталарының әлсіреуі және нарықтардағы ахуалдың нашарлауы әсер етті. Біз дереу экономиканы жаңа жағдайға бейімдеу бағытындағы ауқымды жұмысты бастап кеттік. Соның алдында экономиканы әртараптандыруды көздеген бағытқа, құрылымдық реформалар жүргізуге және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге баса ден қойылды, – деді Қазақстан Президенті.

188c5be67000c84ad7dffb8732f8033b

Мемлекет басшысы сарапшылар мен біздің елде жұмыс жүргізіп жатқан инвесторлардың берген бағасына сәйкес, бүгінде республикада инвестиция үшін өңір бойынша ең қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті.

– Мәселен, Дүниежүзілік Банк, ЕҚДБ, АДБ, ИДБ сияқты қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық бағдарламалары аясында таяудағы 5 жылда кәсіпкерлікті, қаржы секторын, инфрақұрылымды, электр энергетикасын дамыту, сондай-ақ институционалдық реформалар жүргізу үшін елге 9 млрд долларға жуық инвестиция келеді. Сонымен бірге индустрияландыру бағдарламасына қолдау көрсету үшін 10 млрд долларға жуық көлемде шетелдік инвестиция тартылады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті ЭЫДҰ стандарттарын енгізуге бағытталған инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі жұмыстың жалғасып жатқанына назар аударды.

– Мәселен, биыл барлық өңірлерде инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету секторлары ашылды, «инвестициялық омбудсмен» институты, инвесторлар тарту мәселелері жөніндегі үкіметтік және өңірлік кеңестер құрылды. Егер 2015 жылы визасыз режімдегі елдер саны 35 болса, 2017 жылдан соң 54-ке жеткізіледі. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін қолданылатын шикізат пен материалдарды импорттау кезінде қосылған құн салығынан босату түріндегі салықтық жеңілдіктер енгізілуде. Жоғарғы сот жанынан дауларды қарастыру үшін ірі инвесторлардың қатысуымен мамандандырылған алқа құрылып жатыр. Оның аясында Туындаған құқықтық дауларды сапалы әрі әділетті түрде шешу барысында шетелдік инвесторлардың құқығы осы алқа аясында жүзеге асырылатын болады. Үкімет трансұлттық корпорациялармен және негізгі инвесторлармен бірге өңдеу өнеркәсібінде, сондай-ақ  инфрақұрылым, энергетика және өзге де салаларда бірлескен кәсіпорындар құру жұмысын жүргізуде, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев құрылымдық реформалар аясында Қазақстанда жекешелендірудің және экономиканы мемлекет иелігінен алудың жаңа кезеңі басталып кеткенін айтты.

– Біз мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін азайту және жеке сектордың аясын кеңейту жөнінде ауқымды науқан ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Тізбеге тау-кен және металлургия, мұнай өндіру, энергетика, көлік және байланыс салаларындағы кәсіпорындардың мемлекеттік жиынтық акциялары, инфрақұрылымдық нысандар, басқа да көп нәрсе енгізілді. Қазақстандық және шетелдік инвесторларға әділетті нарықтық баға бойынша активтерді беруге қойылатын шектеулерді алып тастайтын заңнамалық өзгерістер қабылданды. Қор нарығына акцияларды шығару және ашық бәссауда ұйымдастыру жекешелендірудің негізгі тетіктері болады. Бұл – инвесторлар үшін өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетудің керемет мүмкіндігі, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы бүгінгі пленарлық отырысқа «Астана – халықаралық қаржы орталығы» деген тақырыптың кездейсоқ таңдалмағанына тоқталып өтті.

– Баяндамашылар айтып өткендей, бұл жоба өте күрделі және сонымен бірге өте маңызды. Болашаққа көз жібере отырып, біз АХҚО-ны  инвесторлық капитал тарту және қаржылық тәсілдер саласындағы инновациялар орталығы ретінде көргіміз келеді.  Ол Еуразияның «қаржы қақпасына» айналуы керек. Біздің елордамыз Астана іскерлік, мәдени және ғылыми орталық ретінде дамып, жаңа әуежайды қоса алғанда, заманауи халықаралық көлік-логистика жүйесіне ие болатын болады. АХҚО алдымен мұндай орталықтар жоқ біздің өңірді игеріп, сосын біртіндеп мүмкіндіктерімізді өзге өңірлерге көрсетуге тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті халықаралық өкілдерді АХҚО-ға тарту үшін посткеңестік кеңістікте баламасы жоқ теңдессіз жағдайлар жасалып жатқанын айтты

– Орталықтың қатысушылары мен қызметкерлері салық төлеуден босатылады. Олар үшін жеңілдетілген виза және еңбек режімі қолданылады. Жетекші қаржы орталықтарымен арадағы тікелей әуе қатынасымен қатар, Астана да әлемдік қаржы орталықтары тізбегіндегі авиациялық хабқа айналады деп үміттенеміз, – деді Мемлекет басшысы.

14b9f26996555fe4437adb6fa016ac32

Нұрсұлтан Назарбаев АХҚО-да ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген айрықша құқықтық режім орнатылатынына назар аударды.

– Орталықтың Тәуелсіз соты жариялылыққа, әділеттілікке және инветорлардың, бизнестің құқықтарының қорғалуына кепілдік беретін болады. Мұнда бедел мен сенімге ие болған халықаралық судьялар жұмыс істеуге келеді. Бизнес ахуалын жақсарту үшін тәуелсіз қаржылық реттеуші – АХҚО комитеті құрылады, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Орталықтың жұмысына жоғары білікті кәсіпқой мамандар тартылатынын айтты.

– Біз білім мен технология трансфертін қамтамасыз ететін тәжірибелі шетелдік қызметкерлермен қатар, әлемнің жетекші университеттерінде, соның ішінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған жоғары білімді қазақстандық мамандарды да көптеп тартамыз. Қазір Қазақстанға оралып, жұмыс істеп жатқан жастарды біз бұл бағдарлама бойынша шет елдерде оқытып алдық. Бүгінде 40 мыңға жуық студентіміз шет елдердегі жоғары оқу орындарында дайындықтан өтуде. Сондай-ақ Астанадағы жаңа халықаралық университет жыл сайын 500-дей таңдаулы маманды түлетіп отырады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті жоғары технологиялық инфрақұрылым «ЭКСПО-2017» көрмесінің оның негізгі тақырыбын «жасыл» экономиканы дамытуға бағытталған жобалар арқылы жалғастыруға мүмкіндік беретінін айтты.

– «Жасыл» облигациялар шығару, «жасыл» сақтандыру институтын енгізу,  «жасыл» банк ашу – АХҚО аясында пайдаланылуы ықтимал мүмкіндіктердің бірнешеуі ғана. Менің ойымша, бұл бағытты Орталықтың аясында дамытудың болашағы зор, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев АХҚО қызметінің экономикалық нәтижелері тікелей шетелдік инвестициялар ағыны есебінен ішкі жалпы өнім өсімінің жеделдеуі арқылы көрінуге тиіс екендігіне назар аударды.

– Ел экономикасы үшін Орталық құрудан және оның өңірлік экспанциясынан түсетін қорытынды жиынтық пайда таяудағы 10 жылда 40 млрд долларға жуықтауы мүмкін. Бұдан бөлек, АХҚО аясында 2 мыңнан астам мамандандырылған жұмыс орындарын ашу жоспарлануда, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Орталықтың базасында жер қойнауын пайдаланушылар үшін Торонто биржасы үлгісіндегі алаң қалыптастыру көзделіп отырғанын, онда әрбір компанияның өз жобасын дамыту үшін капитал тартуына болатынын айтты.

– Менің ойымша, осы залда отырған кәсіпорындар басшылары бұл идеяны қолдайды. АХҚО-да жаңа қаржылық технологияларды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалады, ол – икемді үйлестіруші орта және жаңа технологияларды тестілеу үшін мәліметтер мен инкубаторларды сараптаудан өткізетін орталық түріндегі заманауи инфрақұрылым, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

7ca4511cb286e88c8c986731e89d2fadҚазақстан Президенті ең бірінші міндет экономикаға инвестиция тарту, отандық қаржы секторын әлемдік ауқымдағы бәсекеге қабілетті салаға айналдыру екенін атап өтті.

– Былтыр мен Нью-Йоркте, Лондонда, Парижде, Бейжіңде, Катарда ірі кәсіпкерлермен келіссөздер жүргіздім. Олардың бәрі АХҚО-ны  құруды қолдады,  Қазақстанға инвестиция салу және осында бизнес жасау жөніндегі келісімдерге қол жеткізілді. Бұл да осы жобаның перспективалы екеніне деген сенімді арттыра түседі. Шетелдік серіктестердің біздің өңірге деген қызығушылығын ескере отырып, Шетелдік инвесторлар кеңесі мүшелерін Орталықты құруға және оның жұмысына белсене қатысуға, шет елдерде оны ілгерілетуге және шетелдік қаржы институттарымен өзара тиімді қарым-қатынасты жолға қоюға септесуге шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев АХҚО-ны басқару жөніндегі кеңеске ірі компаниялар мен әлемдегі ірі қаржы ұйымдарының ықпалды басшылары шақырылғанын айтты.

– Күні кеше Кеңестің бірінші отырысы өтті, оның барысында біз АХҚО-ның қалыптасу перспективаларын талқылап, стратегиясын қабылдадық және оны дамытудың негізгі бағыттарын айқындадық. Қазақстан АХҚО аясында серіктес болу жөніндегі сіздердің барлық ұсыныстарыңызды қарастыруға әзір. Біздің ынтымақтастығымыз Қазақстанның және бүкіл өңірдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін қолайлы жағдай қалыптастырады деп сенемін, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы республикамыз үшін таяу он жылдағы негізгі міндет экономикалық дамудың әлемдегі 30 дамыған елдің қатарына қосылу мақсатына жетуге мүмкіндік беретін мүлде жаңа моделін қалыптастыру екенін айтты.

– Қазақстанның бәсекелік артықшылықтарын барынша пайдалану, адами капиталды дамыту және жеке сектордың басымдығының рөлін арттыру қажет. Біз «ЭКСПО-2017» өтетін орында орналасатын АХҚО жөніндегі мәселені талқылағандықтан, келесі кездесу тақырыбын «Жаңа энергетика» деп атауды және оны көрме ұйымдастырылатын кезде Астанада өткізуді ұсынамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ отырыс барысында Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті С.Чакрабарти, Инвестиция және даму министрі Ә.Исекешев, «Қазақстанның шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығы басқармасының төрағасы У.Вокурка, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қ.Келімбетов сөз сөйледі.

Бұдан бөлек, «Джи-пи Морган Чейз Интернэшнл» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Дж.Френкель, «Ситигруп» компаниясының бас атқарушы  директоры Дж.Коулз, «Бейкер энд Макензи Интернэшнл» фирмасы атқару комитетінің мүшесі/бас директорының орынбасары Э.Шир, ERG S.a.r.l. менеджерлер кеңесінің төрағасы А.Машкевич, «Эрнст энд янг» компаниясының қаржы секторы үшін консультациялық қызмет көрсету жөніндегі басқарушы серіктесі Д.Баркер, «Делойт СНГ» бас  атқарушы директоры И.Коулберн күн тәртібіндегі негізгі мәселелерге қатысты пікірлерін білдірді.

С.Чакрабарти өз сөзінде ЕҚДБ біздің елмен ынтымақтастықты бұдан әрі дамытуға мүдделі екенін білдірді.

– Былтыр банктің Қазақстан экономикасына салған инвестициясының жалпы құны 700 млн евродан асты. Қазақстан қазіргі кезде ЕҚДБ-мен ынтымақтастық орнатып отырған 36 елдің ішіндегі төртінші ірі нарық болып саналады. Осы инвестицияларды салу елде қазір жүргізіліп жатқан реформалардың арқасында мүмкін болды. Мәселен, тиісті салада қабылданған заңнама алғашқы жел және күн электр стансаларына инвестиция салуға көмектесті. Сонымен қатар, банк әйелдер басшылық етіп отырған компанияларды қаржыландыру және оларға бизнес-консультация беру  бағдарламасын іске қосты. ЕҚДБ-ның Қазақстанға инвестиция салу моделі тұтас Орталық Азия өңіріндегі біздің қызметіміздің негізі болып саналады, – деді С.Чакрабарти.

ЕҚДБ басшысы Қазақстан бастамашылық еткен «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы айта келіп, оның реформалар жүргізу және отандық қаржы секторын дамыту ісі үшін  қызмет етуге тиіс екедігіне тоқталды .

У.Вокурка өз сөзінде «Қазақстанның шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығы елдегі инвестициялық ахуалды жақсарту жұмысын белсенді түрде жүргізіп жатқанын, бұл ретте ұзақ мерзімге арналған стратегиялық мәселелерді басшылыққа алуға, тиісті ұсынымдар әзірлеуге ден қойып отырғанын айтты. Осы орайда ол Кеңестің қарауына салықтық тәртіп бұзу жайттарын қылмыстық сипаттан арылтуды, АХҚО аясында қалпына келтірілетін энергия көздеріне инвестиция салудың инновациялық формаларын дамытуды қамтитын бірқатар ұсынымдар берді.

Ақпарат Ақорда сайтының хабарламасы бойынша дайындалды

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button