Басты ақпаратСаясатЭкономика

ҚАЗАҚСТАН – ФРАНЦИЯ: ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ НЫҒАЯ БЕРЕДІ

Ф.Олланда1, 05

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елордаға ресми іс-сапармен келген Франция мемлекетінің басшысы Франсуа Олландпен кездесті. Екіжақты кездесу барысында қазақ-француз стратегиялық серіктестігінің негізгі бағыттары талқыланып, сауда-экономика, инвестиция, ғарыш, мұнай-газ және теміржол машиналарын жасау салаларындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды.

Сонымен қатар, екі елдің басшылары халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті жайттар туралы да пікір алмасып, көкейде жүрген көп мәселені ортаға салды.

Нұрсұлтан Назарбаев Франция­мен арадағы ынтымақтастықтың негізі еліміздің тәуелсіздігін алғаш­қылардың бірі болып таныған және 1993 жылы Қазақстанға арнайы келген Франция президенті Ф.Мит­теранмен болған кездесуде қаланғанын айтты. Ал Франсуа Олланд өзінің бұл сапары туралы 2012 жылы Қазақстан Президентінің Францияға жасаған сапарында уағдаласқанын жеткізді.

Кеңейтілген құрамда өткен келіс­сөз­дер барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Франция президентінің сапары еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңына орайлас келгеніне назар аудара отырып, Францияның біздің ел үшін жетекші сауда серіктесі әрі ірі инвестор болып саналатынына тоқталды.

«Біз білім беру саласында да ынты­мақтастық жасап келеміз. Астанада жоғары оқу орындарының V форумы өтеді, ал Алматыда Сорбонна университетінің Орталық Азиядағы тұңғыш филиалы ашылады. Сондай-ақ, елордамызда 1966 жылы Байқоңыр ғарыш айлағында болған Шарль де Голльге ескерткіш ашылмақ» деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Франция басшысы да Қазақстанға салынып жатқан француз инвестициясы мен экспортының ұлғайып келе жатқанына назар аударды.

Ол: «Бүгін менімен бірге үлкен делегация келді, оның құрамына министрлер, парламентарийлер, кәсіп­орындардың директорлары мен университеттердің ректорлары енді. Осының бәрі Францияның Орталық Азиядағы ірі экономикасы бар ел – Қазақстанмен ынты­­мақтастыққа қай кезде де мүд­делілігінің зор екенін көрсетеді. Сіздердің елдеріңіз экономикалық даму жөніндегі мақсаттарын табысты жүзеге асырып қана қойған жоқ, ол сондай-ақ, көршілерімен тең дәрежеде диалог жүргізіп, ірі саяси мәні бар уақиғаларға ықпал етуге мүмкіндік беретін маңызды саяси және дипломатиялық рөл атқарады. Бұл ретте Сіздің алар орныңыз ерекше екенін атағым келеді» деді.

Екіжақты кездесу барысында бірнеше келісімдерге қол қойылып, тараптар екі мемлекеттің арасындағы достық қарым-қатынастың нығая түскеніне көз жеткізіп тарқасты.

БЕДЕЛСӨЗ

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Тәуелсіздік алған жылдардан бері жыл сайын дамып келе жатқан қарым-қатынасымыз қазіргі уақытта стратегиялық серіктестік деңгейіне жетіп отыр. Қазақстанда француздық 100-ден астам компаниялар мен көптеген бірлескен кәсіпорындар жемісті еңбек етуде. Дәл қазір ондаған бірлескен жобалар іске асырылуда.

Сізбен бірге іскер топ өкілдерінің үлкен  бір қауымы келгеніне қуаныштымын. Біздің бүгінгі кездесуіміз қарым-қатынасымызды әлі де ілгерілетуге ықпал етеді деп сенемін.

 

Франсуа Олланд, Француз Республикасының Президенті:

 Егер кейінге, Ф.Миттеранның сапарынан бергі жолдарға үңіліп қарайтын болсақ, Қазақстан – дамып, нығайып келе жатқан мүлде басқа ел. Біз Ресей мен Еуропа елдерінің арасындағы қарым-қатынастың ширығуы байқалып отырған уақытта кездесіп отырмыз. Өз басым бұл мәселенің тезірек шешілгенін қалаймын, ал бұл орайда сіздің ел айрықша рөл ойнайды.

Түс ауа екі елдің басшылары Тәуел­сіздік сарайында өткен  Қазақ­стан мен Франция арасындағы биз­нес-форумға қатысып, қос мемлекеттен келген іскер топтардың алдында баяндама жасады.

Елбасы: «Сiздерге белгiлi, ме­нiң бастамаммен Еуразиялық эко­номикалық одақ құрылды. Бұл – тек қана экономи­калық одақ. Саяси ұйым емес. Ол экономикалық мақсат-мүдделердi ғана көздейдi. Кедендiк одақ үш ел арасындағы кедендiк кедергiлердi жояды. Қазақстан, Беларусь және Ресей ел­дерi шамамен 165 млн халқы бар жалпы көлемi           2 трлн доллар ортақ экономикаға ие. Бұл бiз үшiн тиімді нарық болып саналады. Қазақстан мен Ресей ара­сындағы шекара ұзындығы 7 мың шақырымнан асатынын ескерсек, бiзге экономикалық одақтың маңызы жоғары екенiн білуге бо­лады» деп, Қазақстан жылдар жыл­жыған сайын әр қадамын нық басып келе жат­қанын айтты.

Сондай-ақ Елбасы елімізде жүйе­лі дамуға бағытталған бірқатар маңыз­ды бағдарламалар жүзеге асы­рылып жат­қанына тоқталды. Атап айтқанда, индустриялық-ин­новациялық бағдар­ламаның екінші бесжылдығын бастау жоспарлануда, шетелдік инвесторлар үшін түрлі преференциялар мен ынта­ландырулар қарастырылған. Со­нымен қатар «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты қабыл­дан­ды, оның аясында маңызды инфра­құрылымдық жобаларды жүзеге асыру жоспарланған.

Мемлекет басшысы Қазақстан бүкіл Орталық Азия өңіріндегі іскерлік, транзиттік және логисти­калық хабқа айналуды мақсат етіп отырғанын айтты.

Білім мен ғылым саласындағы маңызды бағыттарға тоқталған Қазақстан Президенті табысты жұмыс істеп жатқан «Болашақ» халықаралық стипендиясын, мемле­кеттік академиялық мобильділік бағдарламасын, сондай-ақ Астанада құрылып жатқан интеллектуалдық-инновациялық кластерді айрықша атап өтті.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев студенттермен, сондай-ақ ғылым-білім саласындағы өзара озық тәжірибелер  алмасу үрдісін интенсификациялау мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Форумда сөйлеген Мемлекет бас­­шысы Қазақстанның Еуропалық одақпен арадағы қарым-қатынасы да жоғары деңгейде екенін айта келе:

«Сiздерге толық мағлұмат бере аламын: Қазіргі уақытта Қазақстан мен ЕО арасындағы тауар айналымы 53 млрд доллардан асады. Сонымен қатар, Ресеймен арада – 28 млрд доллар және Қытаймен арада – 25 млрд доллар айналымда. Ал бұл бiзге тиесілі жалпы тауар айналымы көлемiнiң 70 пайызын құрайды. Қараша айында бiз Еуропалық одақ­пен әрiптестiктi кеңейтуге ба­ғытталған келiсiмге қол қойдық» дедi.

Сондай-ақ, форумға қатысқан энергетика, көлік, коммуникация, қауіпсіздік, қаржы, инфрақұрылым, құрылыс, инжиниринг, туризм саласындағы француздық бірнеше компания өкілдері қазақстандық кәсіпкерлермен іскерлік кездесу­лер өткізді. Бірқатар екіжақты ке­лісімдерге қол қою көзделіп отыр.

 

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button