Қазақстан фристайл-могулдан әлем чемпионатының алғашқы медалін жеңіп алды
Фристайл-могулдан Қазақстан құрамасының спортшысы Анастасия Городко Алматыда өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Ұлттық олимпиадалық комитеттің мәліметінше, финалда қазақстандық спортшы 70.79 ұпай жинап, екінші орынға ие болды.
Жапониялық Юма Тагучи 72.43 ұпаймен жеңімпаз атанды. Үшінші орынды тағы бір жапондық спортшы Мисе Курэа (66.63) иеленді.
Ал Юлия Феклистова 13-орынды иеленсе, Анастасия Ларионова 17-орын, Виктория Кузнецова 18-орын, Юлия Мокина 22-орынға тұрақтады.
Айта кетейік, 2022 жылғы әлем чемпионатында Городко үш жүлде жеңіп алған еді.
Ол параллель могулда жеңіске жетіп, жекелей сында және аралас командалық сайыста екінші орын алды. Сонымен қатар 2024 жылғы әлем чемпионатында Городко могулда бірінші, параллель могулда екінші орын иеленген еді.
7-11 қаңтар күндері Алматыдағы Шымбұлақ тау-шаңғы курортында фристайл-могул және фристайл-акробатикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты өтетінін жазған болатынбыз.