Басты ақпарат

Қазақстан – Индонезия: ынтымақтастық ыңғайында

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:

– Екіжақты да, көпжақты да ынтымақтастықты жандандыру маңызды. Индонезия – Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі мемлекет. Біздің еліміз де өңірлік қауіпсіздікті нығайтуда елеулі рөл атқарады. Сауда-экономикалық, көліктік өзара іс-қимылды дамыту, мәдени-гуманитарлық алмасулар үшін біздерде ешқандай кедергі жоқ. Бұл үшін барлық жағдай жасалған.

Сусило Юдойоно:
– Менің Қазақстанға сапарым ынтымақтастықты одан әрі жандандыруға бағытталған. Біздің елдеріміздің экономикасы қарқынды дамуда. Бұл екіжақты серіктестікті тереңдету үшін жақсы негіз болып табылады. Біз инвес­тициялар, қауіпсіздік, энергетика, білім мен мәдениет салаларындағы өзара іс-қимыл мәселесін одан әрі талқылауға дайынбыз.

Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Индонезия Президенті Сусило Бамбанг Юдойономен кездесті. 

Қазақстан мен Индонезия арасын­дағы сауда-экономикалық байланыс қарқынды дамып келеді. Екі елдің сауда айналымы ағымдағы жылдың қаңтар – мамыр айларында 86 млн АҚШ долларын құраған. Индонезия Оңтүстік-Шығыс Азияда мұнай мен газ, көмір мен алтын өндіруде жетекші ел екенін ескерсек, екіжақты қарым-қатынастың Қазақстан үшін маңыздылығы айтарлықтай жоғары.

Ресми кездесуде Елбасы Индонезия Президентінің Қазақстанға жа­саған сапары екі ел арасындағы ын­тымақтастықтың дамуына серпін беретінін атап өтті. Әрі Азиядағы көшбасшы мемлекеттердің бірі – Индонезиямен барлық бағыттар бойынша екіжақты байланысты дамытуға мүдделі екендігімізді білдірді. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақ­стан мен Индонезия арасындағы ынты­мақтастықты дамытуға еш кедергі жоқ, керісінше, барлық жағдай жасалған. «Біздің кездесу екі ел арасындағы дип­ломатиялық қарым-қатынастың орнағанына және Индонезияның Астанада, Қазақстанның Джакартада елшілігінің ашылуының 20 жылдығы қарсаңында өтіп отыр. Қазақстандағы Индонезияның мәдениет күндері мен елдеріңіздегі Қазақстанның мәдениет күндері ортадағы мәдени ынтымақтастықтың маңызды бөлігі болып табылады» деді Президент Нұрсұлтан Назарбаев. Ал, өз кезегінде Сусило Юдойоно Қазақстан мен Ин­донезияның экономикасы жақсы да­мып келе жатқанын тілге тиек етті. «Хал­қымыз екі ел арасындағы қарым-қа­тынастың дамығанын қалайды. Өткен жылы Сіз Индонезияға іс-сапармен келдіңіз, биыл мен Қазақстанға арнайы келдім. Бұл екі елдің байланысын дамыта түседі деген ойдамын. Біз ин­вестиция, энергетика, білім беру, мәдениет салаларындағы серіктестікті дамыту мәселелерін талқыладық. Екі елдің ынтымағы одан әрі нығая түс­кенін қалаймын» деді Индонезия Президенті С. Юдойоно.
Маңызды басқосуда Нұрсұлтан Назарбаев пен Сусило Юдойоно Елбасының өткен жылы Индонезияға мемлекеттік сапары аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру барысын талқылады. Сондай-ақ, электр энергетикасы, тау-кен өнеркәсібі, мұнай-газ секторы, телекоммуникациялар, машина жасау, туризм және өзге де салалардағы бағыттар туралы әңгіме өрбіді.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button