Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАН МЕДИЦИНАСЫНДАҒЫ ҚАЙЫРЛЫ ҚАДАМ

Елімізде шамамен жеті мыңға жуық науқастың тағдыры тікелей донор ағзасына тәуелді. Нақтырақ айтсақ, екі мыңға жуық жан бауыр, үш мыңдай адам бүйрек алмастыруды қажет етеді. Тек бір жылдың ішінде 150-200 науқас жүрек трансплантациясына кезекке тұрады.

Өкпе, ұйқы безі, ішек, жілік майы, көздің қасаң қабықшасы, бұлшық ет трансплантациясына тағдыры байланғандардың қатары да аз емес.

Отандық жүрек трансплантациясы тарихында астаналық кардиохирургтер алғашқы қадамды жасады.

Инсульттен көз жұмған 46 жасар әйелдің жүрегін 38 жастағы Жәнібек Оспанов есімді азаматқа салды.

* * *

Қостанайдан келген Жәнібектің диагнозы медицина тілінде «Терминалдық сатыдағы созылмалы жүрек жетіспеушілігі» деп аталады. Мұндай науқасқа шалдыққан жандардың 80-90 пайызы жылға жетпей көз жұмады екен. Дәрігерлер Жәнібектен ештеңені жасырған жоқ. Ашып айтты. Небәрі жарты жылдай ғана өмірі қалыпты.

Аурудан айығудың бір ғана жолы бар. Дімкәс жүректі алып тастап, орнына о дүниелік болған өзге адамның сау жүрегін салу. Бірақ көз жұмған ет жақынының кеудесіндегі жүрегін суырып алуға кім келісім бере қойсын? Нартәуекелге барар жан қайда?

Өлім мен өмір арпалысқа түскен дәл осы шақта Игорь Воротников есімді 21 жасар ақмолалық жігіттің «ми өліміне» шалдыққан анасының жүрегін өз еркімен науқастарға беруге келіскендігі туралы хабар жетеді.

Аз-кем анықта ма

« Ми өлімі » – жүрек жұмыс істеп тұрғанымен мидың барлық қызметінің толық және біржола тоқтауы. Мидың өлімі адам өліміне теңестіріледі.

…хабар жетісімен Астанадағы кардиохирургиялық орталықтың дәрігерлері донор мен жүрек трансплантациясына кезекте тұрған науқас жандардың өзара иммунологиялық сәйкестігін анықтауға кіріседі.

Алланың сәтін салғаны шығар, Жәнібектің көрер жарығы бар екен. О дүниелік болған әйелдің тіні өзінікімен сәйкес болып шығыпты…

* * *

Сегізінші айдың сегізінші жұлдызы. (8.08.2012 ж). Таңғы сағат 8.00.

Кардиохирургия ұлттық ғылыми орталығының басқарма бастығы, еліміздің жетекші кардиохирургі Юрий Пя мен оның чех әріптесі Жан Пирк бастаған бір топ дәрігер жүрек алмастыру операциясына кірісіп кетті. Бұл – отандық дәрігерлеріміздің сан жылғы жинақтаған тәжірибесі мен еліміздегі медицинаның қауқарын көрсететін сын сағаттары еді.

Операцияның негізгі процесі екі сағатқа созылды. Бірақ, дәрігерлер операция бөлмесінен түске таман бір-ақ шықты. Ең бастысы, Қазақстан тарихындағы алғашқы жүрек алмастыру операциясы сәтті аяқталды. Операция барысында Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығы, Ұлттық кардиохирургия ғылыми орталығы және Республикалық диагностика орталығының мамандары бірлесе жұмыс жасап, сәтті өтуіне атсалысты.

Операциядан кейін дәрігерлерде ағза жаңа жүректі қабылдайды ма, жоқ па деген қауіп болады. Алайда донор жүрегінің Жәнібекті жатсынбай бүлк-бүлк етіп соғуын жалғастыра бергенін көргенде, күдіктері сейіліп сала береді.

Жәнібек бір тәуліктен кейін ғана есін жинайды. Өзінің айтуынша, жүрегі бұрынғысымен салыстырғанда күшті әрі қалыпты соғады. Операциядан бері екі айға жуық уақыт өтті. Дәрігерлер енді келетін қауіп жоқ екенін айтады.

Айтпақшы, 46 жасар донор Галина Воротникова тағы бір жанға өмір сыйлап кетті. Арнайы аппарат арқылы өмірін санаулы күндерге создырудан өзге амалы қалмаған ауыр науқас Евгений Курц есімді азаматқа оның бүйрегі трансплантталды. Қазір Евгенийдің де беті бері қарап, денсаулығы түзеліп келеді.

ҚЫЗЫҚ ХИКАЯ

Жүрек алмастыру операциясынан кейін есін жиған америкалық Дебби есімді азамат өзінің сыра ішкісі келіп тұрғанын байқайды. Қызық! Операцияға дейін сыра дегенді өмірінде аузына алып көрмеген. Арада біраз уақыт өткен соң, бұрындары аса ұната қоймайтын тағамдарға деген тәбетінің артқанын байқайды. Музыкаға деген талғамы да өзгереді. Бұрын классиканы сүйсе, енді рэп әуендерін жанын салып тыңдайды. Бұл құбылыстардың жүрек алмастыруға қатысты екенін сезген ол өзіне донор болған жанды іздейді. Сөйтсе, расымен, өзіне донор болған Хови деген 18 жастағы жігіт көзі тірісінде дәл осы тағамдарды, рэп әуенін ұнататын жан болған екен.

Жәнібектің айтқаны: Игорьді алғаш көрген кезде тіпті, аузыма сөз түспей қалды. Бұл қатты толқығандықтан болса керек. Бірақ бойымнан қандай да бір өзгерістерді сезіп жүрген жоқпын. Тез әрі күшті соғысына қарап «Кеудемдегі расымен де өзге жанның жүрегі болғаны ма?» деп ойлаймын үнемі.

Игорьдің айтқаны: Операция аяқталысымен, анамның жүрегін иеленген адаммен кездескім келді. Кездескен сәттегі ішкі сезімімді айтып жеткізе алмаймын. Анам көз жұмғанымен, жүрегі бұрынғыдай соғып тұр. Дұрыс шешім қабылдадым деп ойлаймын. Бір емес екі адам дүниеге қайта келді. Егер бұл ұсыныс анама тірі кезінде айтылса, ол қарсы болмас еді деген сенімім бар.

* * *

Әлем дәрігерлерінің айтуынша, операциядан кейін кей жағдайда адамның жады сақталмай қалуы да мүмкін екен. Ұлттық кардиохирургиялық орталық басшысының орынбасары, Жәнібектің емдеуші дәрігері Махаббат Бекбосынова операцияның сәтті өткенін, пациентінің сол баяғысынша өмір сүре беретінін айтады.

Әлемдік статистикаға сүйенсек, ағзасын ауыстырған жандар ең аз дегенде 10-15 жыл өмір сүреді. Тіпті, әлемде өзгенің бауырымен 40 жыл өмір сүрген адам бар көрінеді.

Медицинадағы бұл қадам Мемлекет басшысын да бей-жай қалдырған жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде: «Орыстың баласы анасының жүрегін қазаққа берді, бүйрегін неміске тапсырды. Операцияны ұлты кәріс азамат жасады. Бұл Қазақстан халқының бірлігін көрсететін оқиға болды» деп бағалады.

P.S. Жәнібек аяғынан тұрып, ауруханадан шығуға қамданып жатқан тұста Астана перзентханаларының бірінде оның екінші перзенті дүние есігін ашты. Астанадан Қостанайға кеудесіндегі «жаңа» жүрегімен қоса, құшағына кішкентай Махаббатын алып аттанды.

Шынар ДОСАН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button