Қазақстан мен Өзбекстан сауда-инвестициялық ынтымақтастықты арттыруда
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров екі елдің кәсіпкерлері арасында тікелей байланыс орнатуға және инвестициялық және сауда қатынастарын жандандыруға бағытталған Қазақстан-Өзбекстан Іскерлік кеңесіне қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Іскерлік кеңесте сөз сөйлеген Ә. Қуантыров Қазақстан мен Өзбекстанның энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, су пайдалану және экология, білім беру, сондай-ақ көлік және логистика сияқты түрлі салалардағы ынтымақтастық үшін айтарлықтай әлеуетке ие екендігін атап өтіп, екіжақты қатынастарды дамытудың маңыздылығына тоқталды. Министрдің орынбасары екі елдің бизнес-қауымдастықтары арасындағы өзара іс-қимылдың ұлғаюы жаңа жұмыс орындарын құруға алып келетінін және екі мемлекетте экономикалық өсуді ынталандыратынын атап өтті.
«Тату көршілік тарихының, мәдениетінің және дәстүрінің ортақтығына сүйене отырып, Қазақстан мен Өзбекстан барлық бағыттардағы ынтымақтастықты нығайтуды жалғастыруда. Өткен жылы елдер арасындағы тауар айналымы 4 млрд доллардан асты. Біздің мемлекеттер басшыларының тапсырмасы бойынша өзара сауданы 10 млрд долларға дейін арттыру бойынша шаралар қабылдануда», – деді Ә. Қуантыров.
Оның айтуынша, Қазақстанда Өзбекстан капиталы бар 2200-ден астам заңды тұлға тіркелген, ал өнеркәсіптік кооперация жалпы сомасы 2,6 млрд доллар болатын 60 жобаны қамтиды, оның ішінде Қазақстан аумағында 55 жоба және Өзбекстан аумағында 5 жоба.
Іс-шара барысында инвесторларды мемлекеттік қолдау шаралары, оның ішінде кедендік баждардан босату, түрлі салықтық жеңілдіктер мен заттай гранттар егжей-тегжейлі талқыланды. Қолайлы инвестициялық ахуалды құруға бағытталған жаңа бастамаларға ерекше назар аударылды. Министрдің орынбасары Іскерлік кеңестің ағымдағы отырысы Қазақстан және Өзбекстанның іскер топтарының өкілдері үшін тығыз ықпалдастықтың жаңа мүмкіндіктері мен перспективаларын белгілейтініне сенім білдірді.
Іскерлік кеңес аясында мемлекеттік органдар мен бизнес-қауымдастықтар өкілдері арасында келіссөздер өтіп, ынтымақтастықты дамыту бойынша нақты ұсыныстар талқыланды.