Қазақстан мен Ресей 2024-2026 жылдарға арналған өңіраралық бағдарламаны бекітті
Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров пен Ресей Федерациясының Экономикалық даму министрі Максим Решетников 2024-2026 жылдарға арналған өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығы бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Қол қою рәсімі РФ Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Құжат Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының өңірлері арасындағы достық және серіктестік қатынастарды кеңейту әрі нығайту, кооперациялық, сауда-экономикалық, гуманитарлық, мәдени, ғылыми байланыстарды дамыту, трансшекаралық сипаттағы проблемаларды шешу есебінен екі елдің өңірлері халқының өмір сүру деңгейін арттыру үшін әзірленген.
Іс-шаралар жоспарында ынтымақтастықтың мынадай басым салалары көзделген: сауда-экономикалық сала, өнеркәсіп, көлік, құрылыс, сәулет, тұрғын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және әлеуметтік саясат, ақпараттық технологиялар мен байланыс, ғылым мен білім, қоршаған ортаны қорғау, мәдениет, туризм, спорт және жастар саясаты.
Іс-шаралар жоспарын тиімді іске асыру мақсатында ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен РФ Экономикалық даму министрлігі мониторинг жүргізіп, қажет болған жағдайда тараптардың келісімі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізетін болады.