Түркиямен арада өсімдіктерді қорғау туралы келісім ратификацияланды

Бүгін Сенат отырысында “Қазақстан Үкіметі мен Түркия Үкіметі арасындағы өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы” Заңы мақұлданды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Келісімнің негізгі мақсаты – фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және екі мемлекеттің аумағында карантиндік зиянды организмдердің әкелінуі мен таралуын болғызбау үшін өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту.
Өсімдіктер карантині бойынша халықаралық ынтымақтастық екі елдің фитосанитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды. Бұл Келісім карантиндік шараларды жетілдіру және қажетті өзара қарым-қатынасты дамыту мәселелерін қамтиды. Мысалы, нормативтік-құқықтық актілермен, карантиндік зиянды организмдердің ұлттық тізбесімен, сондай-ақ басқа да ережелермен алмасу, өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ғылыми-зерттеу институттары мен ұйымдары арасындағы ғылыми ынтымақтастықты дамыту қарастырылған. Бұдан басқа, Келісім әкелінетін жүктерге, фитосанитариялық сертификаттауға және жүктердің транзитіне қатысты талаптарды белгілейді, – сенатор Ернұр Әйткенов.
Соңғы үш жылда елімізден Түркияға 700 мың тонна өсімдік өнімі экспортталған. Түркиядан 40 мың тоннаға жуық ауыл шаруашылығы дақылы мен 2,7 мың тұқым импортталған.
Барлық карантинге жатқызылған өнімдер фитосанитариялық бақылаудан өтеді. Өткен үш жылда Түркиядан әкелінген өнімдердің 76 партиясында фитосанитариялық талаптарға сәйкес келмеу дерегі анықталды. Егер карантиндік зиянды организмдер анықталса, олардың таралуын болдырмау үшін тиісті шаралар қабылданады. Бұл шаралар халықаралық міндеттемелер мен ұлттық заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады. Осы заңды қабылдау екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және карантин қызметтерінің жұмысын жақсартуға мүмкіндік береді. Заңның қабылдануы әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық мәселелер тудырмайды және бюджеттен қосымша шығындарды талап етпейді, – деді сенат депутаты.