Қоғам

Қазақстан өңірлерін дамытудағы қаржыгерлердің рөлі

Қоғамда мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін қаржыгерлер көбінесе бекітілген сметалар бойынша бюджет қаражатын бөлушілер ретінде қабылданады. Алайда, шын мәнінде олардың жұмысы әлдеқайда терең әрі стратегиялық сипатқа ие (кей жағдайда мұны қаржыгерлердің өздері де толық сезіне бермейді).

Мемлекеттік органдардың қаржыгерлері – бұл өңірлерді дамытуда шешуші рөл атқаратын тұлғалар. Орталық аппараттың бюджеттік саясатты айқындауы, бюджетаралық қатынастарды реттеуі, ал жергілікті деңгейде оның іске асырылуы секілді мәселелер өте өзекті.

Нақты айтатын болсақ, біздің елде бюджеттің дұрыс бөлінуі тікелей қаржыгерге байланысты: республикалық деңгейде бекітілетін 3 жылға арналған субвенциялар мен трансферттерді есептеу және қорғау, одан әрі бөлінген қаражатты стратегиялық құжаттармен байланыстыра отырып басым бағыттар бойынша бөлу функциялары қоғам үшін өте маңызды. Егер бұл процестер дұрыс жүзеге аспаса, қаражаттың әділ бөлінбеуі әлеуметтік сұрақтардың шешілмеуіне, экономиканың және қоғамның дамуына теріс әсер етуі мүмкін

Жай ғана кішкене ұйымның бухгалтерінің бюджеттік өтінімді қалыптастыруы және оны қорғап шығуы, алдағы жылдағы сол ұйымның ағымдағы қызметі мен дамуына тікелей әсер ететіні анық. Оған қоса, қаржыгердің ұйым ішіндегі мәселелерді реттеуі де стратегиялық бағыттардың дұрыс іске асырылуының кепілі. Қазір олардың ықпалы көлеңкеде қалып отыр, дегенмен жүзеге асатын жобалар көбінесе осы мамандардың шешімдеріне байланысты.

Осыған қоса, қаржыгерлер саяси тұрғыда да өте үлкен рөл атқарады: ұйымдардың үздіксіз қаржыландырылуы, бюджет қызметкерлерінің жалақыларының уақытылы төленуі сияқты мәселелер – бұл тек техникалық процес қана емес, сонымен қатар қоғамның мемлекеттік саясатқа деген сенімінің негізі.

Бүгінде әлемдік трендте жұмыс берушілер тәжірибесі бар, дайын кадрларды тартуға тырысады, осы тұрғыда енді оқу аяқтаған жастар бәсекеге қабілетті бола алмайды. Жалақысы ортадан аз болатын мемлекеттік ұйымдарға да қаржыгерлерді тарту қиынның қиыны (көп жағдайда жастардың таңдауы жоғары жалақысы бар жеке секторда). Сол үшін де колледж немесе жоғары оқу орнындарына тәжірибесі бар бюджеттік ұйымдардың қызметкерлерін де тарту қажеттілігі бар.

Алайда бұл бастамадан бұрын, қазіргі қызмет етуші қаржыгерлердің стратегиялық ойлау қабілетін дамыту – басты міндеттердің бірі. Қойылған мақсаттар мен міндеттердің мәнін түсінбей, олардың сапалы іске асырылуы қиынға соғады.

Одан кейін көріп отырғанымыз, өңірлер нарығында «фин-аналитиктер» өте аз, кейде жоқтың қасы. Сол үшін де қолда бар мамандарды «Үлкен көлемді» ақпаратпен жұмыс жасауды оқыту мәселесі де өзекті (қазіргі Техорда гранттары аналогы бойынша). Олардың excel-ді жетік меңгеріп, «финанализ» жасауының өзі де тез әрі дұрыс шешім қабылдауға тікелей әсер етеді. «Power BI» тілін меңгеруге үйретсек, қазіргі мамандарымыз нағыз аналитик болып, нарықта да сұранысқа ие болары анық.

Қазіргі олардың басты жұмысының бірі – бөлінген қаражатты белгіленген мерзімде «игеру» болып тұр, айы сайынғы «передвижка» да өте көп уақытты алады, аналитика тілін білсе ай сайынғы қаражатты да жоспарлау әлдеқайта оңай болар еді.

Мемлекеттік органдардың қаржыгерлері – бұл өңірлер дамуының бағытын айқындайтын, бірақ көзге көріне бермейтін стратегтер. Олардың кәсіби деңгейі, аналитикалық қабілеттері мен кең ауқымды ойлауы мойындалуға және қолдауға лайық, тек әрдайым дамытып отыруымыз қажет.

Қорытындылай келе, қаржы саласын жетілдіруде кадрларды қолдау маңызды екенін атап өткім келеді.

 Еламан Ильяс,

“Қаржы орталығы” АҚ Бюджеттік қаржыландыру департаментінің директоры

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button