#Жаңа Қазақстан

Қазақстан өркендеудің жаңа бетін ашты

[smartslider3 slider=1806]

Тұрсынхан ЗӘКЕНҰЛЫ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры,

тарих ғылымдарының докторы:

– Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығын атап өте салысымызбен елде дүние жүзі көз тіккен үлкен өзгерістер орын алды. Меніңше, бұл да өткен уақытқа тарихтың бір қорытындысы секілді. Сөйтіп, ел асыға күткен жаңа жыл дәуір бөлгіш оқиғалармен басталды. Жаңаөзендегі қарапайым халықтың оңды талап-тілектерімен басталған ереуілдің соңы дүрбелеңге айналды. Талай жылдан бері халықтың есебінен ұрттап ішіп, шайқап-төгіп үйренген топтар өздеріне тиімді артықшылықтардан айырылып қалмауды көздесе, сыртқы күштер осы орайдан пайдаланып еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігіне қатер төндірді. Бұл жағдай Қазақстанда орын алған оқиғалардың шарпымы тіптен кең екенін әрі қандай да бір жағдай болмасын, оны әркім әртүрлі бағамдайтынын көрсетті. Сондықтан геосая­си тұрғыдан өте ұрымтал жерде отырғанымызға көзіміз жетті. Сәтін салғанда, Мемлекет басшысының жедел және батыл шараларының арқасында жағдай тез арада бақылауға алынды. Мемлекет пен ұлттың басына төнген қауіп-қатер сейілді. Бірақ дүрбелеңнен қалған сүреңсіз көріністер жанымызға жара салды. Неге, не себептен осылай болды деген сұрақтар кім-кімді де жиі мазалады.

Демек, Қазақстан өз тә­уелсіздігінің отыз жылдығын салтанатпен атап өтіп отырса да, осындай оқиғалардың орын алуы мемлекет пен қоғам үшін терең ойланатын, қолға алатын мәселелердің әлі де шаш етектен екенін көрсетті. Сонымен бірге бұл оқиғалар қоғамды алға қарай жылжытатын негізгі күш халық екенін, биліктің әрдайым халықпен санасып отыруының қажеттігін көрсетті. Меніңше, шенеуніктердің бұрынғыдай халықтан бөлініп, халықты менсінбей, оларға төбеден қарайтын уақыты өтті. Мемлекет басшысының бұдан екі жыл бұрын ортаға қойған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясы да осы ойдан туындайды. Бастапқыда Жаңаөзендегі халықтың көшеге шығуы тек қана әлеуметтік мәселеге байланысты болды. Шындап келгенде, ондағы жұмысшылардың көтерген проблемасы еліміздің барлық облыстарына ортақ мәселе болатын. Сол себептен жағдай тез насырға шапты. Талай жылдан бері қордаланған әлеуметтік талаптар саяси талаптарға ұласты. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болса да, елімізде әлі күнге дейін ұлттық өнеркәсіп жүйе­сінің қалыптаспауы, халық тұтынатын тауарлардың түгел дерлік шетелден келуі, шикізаттың және ұлттық валюта қорының сыртқа ағылуы Қазақстанның экономикалық қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіруде.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Парламенттегі сөзінің негізгі салмағын экономикалық мәселелерге аударды. Бастысы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, ұлттық өндірісті өркендету, сыбайлас жемқорлық пен бюрократияның, ысырапшылықтың жолын кесу секілді мәселелер көтерілді. Мемлекет басшысының батыл шешімдері мен қолға алған шараларына қарағанда, бұл оның ойға алған істерінің бас­тамасы ғана деп ойлаймын. Біз де биліктің бір қолда болып, халыққа жаны ашитын және елдің болашағына шын күйінетін азаматтың атқа қонғанын қалаймыз. Әрине, өткен мен жаңаның өліарасында күйреген мекемелер мен кәсіпкерлік нысандарын қалпына келтіру, халықтың көңіл күйін аулау, бұзақыларды түгел құрықтау, экономиканың тиімсіз тетіктерін жүйеге келтіру, коррупциялық және бюрократиялық жүйені талқандау, мемлекет табысын халық игілігіне бағыттау, елдің шаруашылық жүйесін қайта құру, саяси реформалар жүргізу, айналадағы көршілермен және халықаралық қауымдастықпен тіл табысып жұмыс жүргізу оңай шаруа емес. Осы орайда, мен қазақ халқын және барша отандастарымызды бір кісідей жұмылып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының төңірегіне топтасып, оның болашаққа бағытталған батыл қадамдарын қолдауға шақырамын.

Біз көзбен көріп, куә болған оқиғалар Қазақстанның қазіргі заманғы тарихына жазылатыны сөзсіз. Мен оның тарихқа еліміздің өркендеуі мен халық бірлігінің жаңа дәуірінің бастауы ретінде жазылғанын қалар едім. Қазақ – сабырлы, парасатты, еңбекшіл халық. Шынымды айтсам, бұл жолғы оқиғалар кезінде өз басым әлдекімдердің орайдан пайдаланып, ұлт­аралық араздық отын тұтатып жіберуінен алаңдадым. Құдайға шүкір, ондай мәселе орын алмады. Болған оқиғалар Қазақстанда ұлтаралық қатынастардың өркениетті жолмен оңды реттеліп келе жатқандығын, қандай да бір ортаға алып шығардай проблеманың жоқ екенін көрсетті. Болған жағдайды пайдаланып, отқа май құйғысы келген сыртқы күштер де ондай ештеңе таба алмады. Біздіңше, Қазақстан халқының бірлігі мен ­әл-ауқаты – еліміздің алға қарай өркен­деуінің басты кепілі. Олай болса, тұтас халық болып жаңа Қазақстанның өркендеуіне атсалысып, қиындықтарды еңсеретінімізге кәміл сенемін.

Зулфухар ҒАЙЫПОВ, Нұр-Сұлтан қаласы жоғары көлік және коммуникация колледжінің ­директоры:

– Қаңтар айының алғашқы күндері еліміз үшін келеңсіз оқиғалармен басталды. Дегенмен Президенттің уақытылы қабылдаған шараларына байланысты қазіргі жағдайда еліміз есін жинап, тұрақтылық орнап келе жатыр. Халқымыз­да «Ырыс алды – ынтымақ», «Бірлік түбі – береке», «Бегі еліне, елі бегіне сенген ел мәңгі жасайды» деген сөз бар. Сол себепті осынау қиын кезеңде халқымыз бір тудың астына жиналып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, Президенттің ұстанымы мен саясатын қолдауға шақырамын.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button