Басты ақпарат

Қазақстан – Пәкістан: Бауырластықтың жаңа кезеңі басталды

пакистан

Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елімізге ресми сапармен келген Пәкістан Ислам Республикасының Премьер-министрі Миан Мұхаммед Наваз Шарифпен кездесті. Кездесу барысында қос ел арасындағы сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.

Қазақстан Президенті Пәкістанның жүйелі дамуындағы Наваз Шарифтің атқарған рөлін атап көрсетті.

– Сіз күрделі жағдайда елде экономикалық және саяси реформаларды табысты іске асырып, Пәкістанның беделі мен рөлін көтеретін белсенді халықаралық саясат жүргізіп отырсыз. Қазақстан мен Пәкістан орналасқан өңірдің елдері өзара сауда және мәдени қарым-қатынастар тұрғысынан әрдайым тығыз байланысты болды. Ілгеріде Сіз біздің бұрынғы астанамыз Алматыға келген болатынсыз. Содан бергі аз уақыт ішінде біз жаңа елорда салдық, оны бүкіл қазақстандықтар мақтан тұтады. Бұл қала – біздің тәуелсіздігіміз бен еліміз егемендік жылдарында жеткен жетістіктердің символы, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Елбасы өз сөзінде Пәкістан Премьер-министрінің сапары екіжақты қарым-қатынасты жандандыруға тың серпін беретініне сенім білдірді.

– Қазақстандықтар еліміздің тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып Пәкістанның танығанын ешқашан ұмытпайды. Халықаралық күн тәртібіне қатысты ұстанымдарымыздың ұқсастығы, сан ғасырлық достық және мәдени байланыстар бізді жақын әрі бауырлас елдерге айналдырады. Бүгінгі ахуал жағдайында қарым-қатынастарымыздың жаңа кезеңін бастау үшін барлық мүмкіндікті пайдаланатын уақыт жетті. Сіздің сапарыңыз дәл осы мақсатқа сай келетініне сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.

Наваз Шариф Нұрсұлтан Назарбаевқа шақыртуы үшін алғыс айтып, екі халық байланысының сан ғасырлық тарихы бар екенін атап өтті.

– Мен Сіздің көшбасшылық қасиетіңізге тәнтімін және Сізді ерекше қабілет иесі деп есептеймін. Бүгінде Астанадан көретіндеріміздің бәрі – Сіздің еңбегіңіз. Бұл – менің Астанаға бірінші келуім. Осы қала Сіздің көрегендігіңіздің символы деп санаймын. Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан зор әлеуметтік-экономикалық жетістіктерге жетті, – деген Пәкістан Премьер-министрі біздің елге деген айрықша көңілі барын айтты.

– Мен Қазақстанды өзімнің екінші мекенім санаймын, сондықтан Сіздің елге көп жылдан кейінгі сапарым айрықша әсерге бөледі. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сізді өзіңізге қолайлы уақытта Пәкістанға келуге шақырамын, – деді Наваз Шариф.

Ол сондай-ақ, Пәкістанның Қазақстанмен және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық аясын кеңейткісі келетінін атап көрсетті.

– Біз энергетика, сауда және экономика, көлік салаларын қоса қамтитын көптеген салаларда қарым-қатынасты дамытқымыз келеді. Осыған байланысты Қазақстанды Қытай-Пәкістан көлік жүйесінің жұмысына атсалысуға шақырамын. Бұл Сіздің ел және осы өңірдегі басқа да мемлекеттер үшін Парсы шығанағына шығуға жол ашады, – деді Пәкістан Премьер-министрі.

Сонымен қатар Наваз Шариф Нұрсұлтан Назарбаевты және бүкіл Қазақстан халқын Қазақ хандығының 550 жылдығымен және ел Конституциясының 20 жылдығымен құттықтады.

Кездесудің соңына қарай бірқатар екіжақты құжаттар бекітілді. Қазақстан Президенті мен Пәкістан Премьер-министрі бірлескен мәлімдемені бекітті. Бұған қоса Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскери қызметшілерін Пәкістан Ислам Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарында оқыту келісіміне, еліміздің Сыртқы сауда палатасы мен Пәкістанның Сауда және өнеркәсіптік палаталары федерациясы арасындағы бірлескен Іскерлік кеңесті құру туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойылды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button