Басты ақпарат

Қазақстан Парламентаризм дамуының жаңа кезеңі

Мемлекет басшысы ­Қасым-­Жомарт ­Тоқаев «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауын тағайындау туралы» Жарлыққа қол қойып, осы науқанды өткізуге қатысты 2020 жылғы 21 қазанда өзінің үндеуін жариялады. Алдымыздағы 2021 жылғы 10 қаңтарда өтетін сайлау өзінің маңыздылығы бойынша қоғамымыздың саяси өмірінде ерекше орын алады деп ойлаймын, өйткені Президенттің алдағы сайлауға қатысты үндеуін­де айтқан пікірінше, барлық саяси партиялардың бұл сайлау науқанына қатысуға дайындалуына, сайлау алдындағы платформасын әзірлеуіне, партиялық инфра­құрылымдарды жетілдіруіне уақыт жеткілікті болды. Мәжіліс депуттарымен бір мезгілде Орталық сайлау комиссиясының қаулысына сәйкес, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы да өтеді. Жергілікті мәслихаттар сайлауының ерекшелігі – бұл науқан алғаш рет партиялық тізім бойынша өтеді. Сөйтіп, пропорционалды модель әлемдік демократиялық тәжірибеге толық сай келетіндіктен, саяси жүйені нығайтуға, демократияны дамытуға ықпал ететін болады, саяси партиялардың жұмысын жандандырады. Бұл жаңа бастамалар партияларға еліміздің саяси жүйесіндегі ұстанымын нығайту үшін қосымша мүмкіндіктер береді.
Тағы бір жаңалық, жаңадан сайланған Парламент Мәжілісі тұрақты комитеттерінің бір төрағасы мен екі хатшысы парламенттік оппозиция депутаттары арасынан сайланады. Сонымен қатар парламенттік оппозиция бір сессия кезінде кемінде бір рет парламенттік тыңдау өткізу жөнінде бастама көтеру құқығын иеленеді. Сондай-ақ бір сессия кезінде кемінде екі рет Үкімет сағатының күн тәртібін айқындайтын болады. Бұдан бөлек саяси партиялар фракцияларының жетекшілеріне парламент палаталарының бірлес­кен отырыстарында, парламент мәжілісінің пленарлық отырыстарында, тұрақты комитеттердің, жұмыс топтарының отырыстарында, парламенттік тыңдауларда және басқа іс-шараларда сөз сөйлеуге кепілді құқық беріледі.
Алдымыздағы Мәжіліс депуттатарының сайлауы тәуелсіздік алғаннан бері елімізде жетінші рет өткізілгелі отыр. Ал жалпы Қазақстандық парламентаризм­нің жаңа кезеңі 1995 жылы екіпалаталы Парламент құрудан бастау алады. Парламенттің бірінші шақырылған Сенаты мен Мәжілісіне сайлау 1995 жылы 9 желтоқсанда өтті. 1996 жылғы 30 қаңтарда өткен Парламенттің бірінші отырысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев: «…Біз ­Қазақстандағы шынайы өркениет­ті парламентаризм қызметінің басталуы алдында тұрмыз» деді. Елде кәсіби парламенттік орта қалыптаса бастады. Қазақстанда парламентаризмнің дамуы жолдары жайында ойлана келе, көрнекті мемлекет қайраткері, Халық жазушысы, Еңбек ері Әбіш Кекілбаев: «Кәсіби парламенттің құрылуын, сірә еш қымсынбастан осы жылдың қоғамдық-саяси өміріндегі ең ірі оқиға деп атауға болады. Оның жұмыс бастауы, күмән жоқ, Қазақстан тарихының күнтізбесіне жаңа мемлекеттілік пен демократияның қалыптасуы үдерісіндегі ең бір елеулі кезең болып кіреді» деген еді. Парламентаризм дамуының негізгі бағыттары: жекелеген депутаттар деңгейінде де, жалпы Парламент деңгейінде де заң шығару қызметін кәсіптік дәрежеге көтеру; бір палаталы құрылыстан екіпалаталы құрылысқа көшу; Парламенттің ішінде депутаттық топтар құру болып белгіленді. Сессияға жылына екі-үш рет шақырылатын бұрынғы Жоғарғы Кеңестен айырмашылығы – екіпалаталы Парламент елдің заң шығару қызметін жүзеге асыратын, тұрақты жоғарғы сайланатын органға айналды.
ҚР Конституциясының 61-бабы 1-тармағына сәйкес, заң шығару бастамасы құқы Қазақстан ­Республикасы Президентіне, Парламент депутаттарына, Үкіметке берілген. Заң шығару қызметімен бірге Парламент заңдардың орындалуын бақылайды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 53-бабына сәйкес, Парламент Үкіметтің республикалық бюджеттің орындалуы туралы есептерін қарап, бекітеді. Үкіметтің республикалық бюджеттің орындалуы туралы есебін Парламенттің бекітпеуі оның Үкіметке сенімсіздік білдіргенін көрсетеді. Конституцияның 57-бабына сәйкес, Парламенттің әрбір Палатасы дербес, басқа Палатаның қатысуынсыз республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің үш мүшесін бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды.
Қазақстандық парламентаризм­нің 1998 жылы басталған және қазіргі уақытқа дейін жалғасып келе жатқан жаңа кезеңінің маңыздылы­ғын Парламенттің қоғамды реформалау ісінде Президенттің толыққанды саяси одақтасына айналғанынан көруге болады. 1995 жылдан кейін мемлекет басшысы мен Парламенттің өзара қарым-қатынастарының сипаты сындарлы өзгеріп, көп кешікпей оң нәтижелер берген-ді.
Енді Қазақстан Республикасының Парламенті (біріншісінен соңғы – алтыншысына дейін) барлық шақырылған Мәжілісіне сайлау науқандарына қысқаша шолу жасап өтейік.
Бірінші шақырылым.
ҚР Парламенті Мәжілісіне алғашқы сайлау 1995 жылы 9 желтоқсанда өтті. Жаңа ғана тәуелсіз­дік алған еліміз Қазақстан Республикасының Конституция­сын қабылдап, парламентті заң шығару міндеттерін орындайтын, сайланатын жоғарғы орган ретінде белгіледі. Мажориттік жүйе негізінде 67 депутат сайланса, ал Мәжіліске ұсынылған партия біреу ғана – Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық ететін «Отан» республика­лық саяси партиясы болды.
Екінші шақырылым.
1999 жылдың күзінде Конституция­ға енгізілген өзгерістер­ге сәйкес, алғаш рет Орталық Азия өңірінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне сайлау саяси партияларға парламентке партиялық тізімдер бойынша тепе-тең өкілдік негізінде сайлану құқын берген аралас үлгі бойынша өтті. Сайлауға он саяси партия қатысты. Мажориттік бірмандатты округтерде 547 үміткер тіркелді. Жалпы алғанда, сайлау барысында Қазақстан үшін сол кезеңде үміткерлердің бұрын-соңды болмаған саны – орташа есеппен бір орынға сегіз адамнан ұсынылған.
Парламент Мәжілісіне сайлау қорытындылары бойынша бірмандатты округтерден 67 депутат және партиялардан бірыңғай жалпыұлттық округ бойынша он депутат сайланды. Олар жеті проценттік межені еңсерген төрт партияның: «Отан» республикалық саяси партиясының, Қазақстанның азаматтық партиясының, Қазақстанның аграрлық партиясының және Қазақстанның Коммунистік партиясының (мемлекеттік тіркеуден 2007 жылы ғана өткен Коммунистік халық партиясымен шатастырып алмаңыз) мүдделеріне өкілдік етті.
Парламент Мәжілісіне депутаттардың көпшілігі – 27 өкіл «Отан» республикалық саяси партиясынан өткен.
Үшінші шақырылым.
Қазақстан Республикасы ­Парламентінің үшінші шақырылған Мәжілісіне сайлау 2004 жылдың қыркүйегінде өтті. Сайлауға он екі саяси партия, оның ішінде төртеуі екі сайлау блогының құрамында қатысты. Сайлау қорытындылары бойынша Парламент Мәжілісіне 77 депутат сайланды.
Он депутат партиялық тізімдер негізінде теңгерімді өкілдік жүйе­сі және бірыңғай жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша сайланды.
Олардың ішінде «Отан» республика­лық саяси партиясынан – жеті депутат, «Асар» республикалық партиясынан, «Ақжол» демократия­лық партиясынан, «АИСТ» сайлау блогынан, Қазақстанның Аграрлық және Азаматтық партияларынан бір-бірден депутат сайланды.
Қазақстан Парламенті Мәжілісіне 2004 жылғы сайлауда Қазақстанның Аграрлық партиясы Қазақстанның Азаматтық партиясы­мен бірігіп, «АИСТ» атауымен (қазақшалағанда: Еңбекшілердің аграрлық индустриялық одағы) блок құрған-ды. Сайлау қорытындылары негізінде бұл блок 7,07 пайыз дауыс алып, партиялық тізім бойынша блоктан Мәжіліске депутат болып Ромин Мадинов сайланды.
«Асар» республикалық партиясы 2003 жылы 25 қазанда құрылған. Мәжіліске сайлау қорытындылары бойынша бұл партия партиялық тізім бойынша сайлаушылардың 541239 дауысын (11,38%) жинап, сол арқылы депутат болып Дариға Назарбаева сайланды.
«Ақжол» демократиялық партиясы «Қазақстанның демократия­лық таңдауы» қоғамдық бірлестігінің негізінде құрылған. 2004 жылғы сәуірдің 4-інде партия Қазақстанның Әділет (Юстиция) министрлігінде тіркелді. Парламент Мәжілісіне сайлауда бұл партия сайлаушылар дауысының 12 пайызын иеленіп, партиялық тізім бойынша Мәжіліске депутат болып Азат Перуашев сайланды.
Төртінші шақырылым.
Қазақстан Республикасы Парламентінің төртінші шақырылған Мәжілісіне сайлау 2007 жылдың тамызында, Конституцияға сол жылдың мамырында енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға сай өткізілді.
Жаңартылған Конституцияға сәйкес, Мәжіліс құрамында 107 депутат болуы керек. Депутаттардың 98-і партиялық тізімдер бойынша жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқымен бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі бойынша жасырын дауыс беру жолымен сайланды.
2007 жылы тамыздың 18-інде өткен сайлауға қатысқан жеті саяси партияның ішінен жеті проценттік межені республикалық халық-демократиялық «Нұр Отан» партиясы ғана еңсеріп, Парламент Мәжілісіндегі 98 орынды сол партияның депутаттары иеленді. Қазақстан Халқы ассамблеясынан тоғыз депутат сайланды.
Бесінші шақырылым.
Қазақстан Республикасы Парламентінің бесінші шақырылған Мәжілісінің жаңа құрамы 2012 жылы құрылды. Сайлауға қатысқан жеті саяси партияның ішінен үшеуі қорытынды нәтижелер бойынша сайлаушылардың 7 пайыз артық дауыстарын алып, Парламент Мәжілісіне өтті. Олар: «Нұр Отан» партиясы (80,99%), Қазақстанның демократиялық «Ақжол» партиясы (7,47%), Қазақстанның Коммунистік халық партиясы (7,19%).
Парламент Мәжілісінде «Нұр Отан» партиясынан – 83, «Ақжол» партиясынан – 8, ҚКХП-дан 7 депутат жұмыс істеді. Мәжіліс құрамында барлығы 107 депутат қамтылған.
Алтыншы шақырылым.
Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы ҚР Парламентінің жаңа шақырылған, партиялық тізімдер бойынша 2016 жылы 20 наурызда өткен кезектен тыс сайлауы нәтижесінде құрылған Мәжілісінің 107 депутатын тіркеді.
Партиялық тізімдер бойынша Мәжіліске «Нұр Отан» партиясынан – 84, Қазақстанның демократия­лық «Ақжол» партиясынан – 7, Қазақстанның Коммунистік халық партиясынан – 7, Қазақстан Халқы ассамблеясынан 9 депутат сайланды.
Бекітілген тізімдер бойынша, алтыншы шақырылған Мәжіліске бесінші шақырылымнан 33 депутат өткен, сондай-ақ Мәжілісте ерте шақырылымдардан жұмыс істеп келе жатқан бірқатар белгілі саяси қайраткерлер, жоғары білікті экономистер, заңгерлер және саясаттанушылар орын алған.
Қазақстан Халқы ассамблеясының тізіміне сәйкес, Мәжілістің жаңа шақырылымында алдыңғы шақырылымнан үш депутат: Роман Ким, Ахмед Мурадов және Юрий Тимошенко жұмыс істейді. «­Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек ­Әбдірахманов, ішкі істер министрі­нің орынбасары Владимир Божко, сондай-ақ бірқатар этно-мәдени бірлестіктердің басшылары және Қазақстанның әр өңірлерінің қоғам қайраткерлері депутаттық мандаттар алған болатын.
Ал енді алдымыздағы сайлау нәтижесінде құрылатын Мәжіліс депутаттарының жетінші шақырылымы, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың пікірінше, қазіргі күрделі кезеңде Қазақстанның алдында дағдарысқа қарсы тиімді шаралар қабылдау, орнықты экономикалық дамуды және азаматтарымыздың әлеуметтік игілігін қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқатын арттыру міндетін ойдағыдай атқаруға тиіс деп ойлаймыз.

Талғатбек ӘМИНОВ,
Мемлекет тарихы
институтының аға ғылыми
қызметкері, профессор

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button