Қазақстан қалаларында қазы бағасы қанша тұрады
Қазы — ұлттық тағам. Қазақстандықтар дастарханға қойып қана қоймай, спортшыларымыз жарыстарға да апарады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Егер сатып алушы етті өзі таңдап, көз алдында қазы айналдырып бергенін қаласа, баға сәйкесінше қымбат болады. Егер тек қазы емес, етті қоса сатып алсаңыз сатушылар едәуір жеңілдік жасайды. Тіпті екі есе түсіріп сатады. Сонымен бірге соңғы кезде кішкене шұжықтар сұранысқа ие.
Елорда мен еліміздің түкпір-тікпіріндегі бағада үлкен айырмашылық жоқ. Әрі бұл өнімнің құны жылдың түрлі мезгілінде көп өзгере қоймайды. Қазіргі кезде дүкен мен базар сөрелерінен піскен, қақталған, сүрленген, шикі етті кезіктіруге болады. Біз шикі еттің бағасын, соның ішінде қазы құнын салыстырып көрдік. Еліміз бойынша дайын қазы бағасы орта есеппен — 4020 теңге.
Қарағанды мен Жезқазғанда баға ең жоғары. Мұнда бір келі қазы бағасы 4300 — 5200 теңге.
Ал Тараз, Астана, Алматы мен Семейде баға шамамен 4500-5000 теңге.
Ақтөбеде бір келі қазы бағасы 3000-4700 теңге тұрады. Ет дүкендерінде арзандау болса, супермаркет пен базар бағасы жоғары.
Өскемен мен Оралда қазының келісі 4500 теңге тұрады. Дегенмен шығыста кей жерлерде қазының келісін 3000 теңгеге сатып алуға болады. Ал батыста 4000 теңгеден арзанын таппайсыз.
Ақтау қаласында қазының орташа бағасы — 4500 теңге. Ал еліміздің солтүстігінде, яғни, Павлодарда қазының келісі 4000-4500 теңге тұрады.
Ұлттық тағамның құнын білетін адамдар қазы дәмін еттің майының елісіне қарай бөледі. Бір елі майы болса, ең төмені деп есептейді. Нағыз қазы 3-4 елі болады. Бұл дегеніміз қазыны айналдырғанда жартысы ет, жартысы май болғаны. Шымкентте қазының келісі 3800 теңге тұрады. Ал сүр ет пен піскен ет шамамен одан 1-2 мың теңге қымбат. Ең қымбаты — қақталған қазы. Оның бағасы — 9500 теңге.
Еліміз бойынша Көкшетау, Қостанай, Қызылорда мен Түркістанда қазы бағасы төмен. Мұнда 3000-3500 және 4000 теңге.
Ал ең арзаны Талдықорған мен Петропавлда. Онда баға — 3500 теңге.