Sport

Қазақстан құрамасы Қытай құрамасын жеңді

Енді бір күннен кейін футболдан Еуропа чемпионаты басталады. Франция елінде өтетін доп додасында 24 елдің құрамасы сынға түседі.

Ал осы жарысқа түсетін командалар, сондай-ақ басқа құрлықтар мен елдердің де құрамалары күні кеше жолдастық кездесулер өткізді.Сондай  ұлттық құрамалар арасындағы ойынның бірі Қазақстан және Қытай арасында өтті.

Қытайдың Далян қаласында болған ойынның бірінші кезеңінде есеп ашылмады. Екі жақ та қорғанысқа аса мән беріп ойнағаны байқалды. Өкінішке қарай, Қазақстан құрамасының белді ойыншысы Ұлан Қонысбаев бірінші тайм аяқталар тұста ауыр жарақат алып қалды. Мамандардың айтуынша талантты футболшымыз енді үш айға жуық ойыннан тыс қалуы мүмкін.

Екінші таймның 69-шы минутында отандасымыз Азат Нұрғалиев алаң иелері қорғаушылары арасынан сытылып өтіп, ала допты қарсыластар қақпасына тулатып түсірді. Осылайша есеп ашылып, Қазақстан құрамасы алға шықты. Алайда, екі команда да қанша тырысқанымен таблодағы есепті өзгерте алмады. Сөйтіп, Қазақстан футболшылары  Қытай құрамасын 1:0 есебімен жеңді.

Бұл ойынға Қазақстан құрамасын отандасымыз Талғат Байсуфинов баптап апарды. Осы бапкер құрама тізгінін ұстағалы ұлттық құрамамыз төрт ойында қатарынан жеңілмей келеді. Осыған дейін Қазақстан құрамасы Латвия және Әзербайжан құрамаларын жеңсе, Грузия құрамасымен тең түскен болатын.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button