Қоғам

Қазақстан табиғаты туризмге сұранып тұр

Табиғат – барлық тіршілік иесінің ұлы мекені, алтын ұясы. «Табиғаттың өзінде өзгеше бір сүйсінерлік, жанға жайлы бір нәрсесі бар» деген екен қазақтың атақты ғалымы Шоқан Уәлиханов. Шынымен де табиғат жүрекке жылы сезіліп, адам бойына сабыр береді.    

Атам заманда табиғат адамзатпен тығыз байланыста болып бізге пана болса, қазір адамзат дамып, табиғатқа деген тәуелділігін азайтты. Адамзаттың қарқынды дамуы әрине, жақсы, бірақ сол дамудың өзіміз үшін де, айналамыздағы қоршаған ортамыз үшін де зиянды жақтары бар. Қазір ұйқыдан ояна салып құлаққа көліктердің жүріп өткені, жақын маңайдағы құрылыстың жағымсыз дыбыстары естіледі. Әйтеуір қала у да шу. Оның үстіне қалада ауа өте лас. Бұл адамға теріс әсерін тигізіп, қатты шаршатады. Сондықтан да табиғатқа шығып, демалып қайту адам үшін өте маңызды. Сол табиғатқа шығу мәдениетін қалыптастыру үшін туризмді мемлекет тарапынан дамыту өте маңызды.

Табиғат адамды өз әдемілігімен, көркімен тамсандырады. Осыны пайдаланып әлемдегі көптеген елдер туризм арқылы өз елін, өз халқын байытып, экономикасын жоғары көтеріп отыр. Біздің еліміздің де табиғаты өте керемет, адам денсаулығына пайдалы жерлер бар. Елімізде қалың жасыл орман, кең жазира дала, мөлдір өзен-көлдер, құмды-шөл дала қазақ даласына ғана тән сұлулық. Бірақ туризм саласы дамымағандықтан, туған жердің қасиетін жете тани алмай келеміз. Өкініштісі – осы.

Еліміздегі туризмнің өркендемеуінің көптеген себептер бар. Біріншіден, өзіміз табиғатқа қиянат жасамауымыз керек. «Ағаштың жемісін жеймін десең, түбіне балта шаппа» деген алтын орда әдебиетінің көрнекті өкілі Саиф Сараидың қанатты сөздерін есте сақтап, табиғатты аялай білуіміз керек.

Екіншіден, туризмді дамыту үшін дұрыс жол қажет. Еліміздің көрікті жерлеріне жету көптеген қиындықтарды туғызады. Шыны керек, елімізде жол сапасы нашар. Жаман жол адамның күйін кетіріп, қатты шаршатады. Жолдың нашар болуы – туризмнің дамуына үлкен кедергі.

Үшіншіден, қазір интернет және әлеуметтік желі адамның бір бөлігіндей болып кеткен. Біз әр уақыт желімен байланыста боламыз, қайда болсақ та интернетті әрдайым қолданамыз. Интернетсіз өмір сүруді елестете алмаймыз десек те болады. Сондықтан да туризмнің дамуын қаласақ, көрікті жерлерде интернет желісінің байланыс сапасы жоғары болу керек.

Төртіншіден, туристік жерлерде барлық жағдай жасалу қажет. Қонақ үй, мейрамхана жоғары деңгейде болса, шет елге шығып, өзге елге қызығушылар азаяр еді.

Осы мәселелер шешілмейінше, елімізде туризм дамымайды. Егер де туризм саласы қарқынды түрде дамыса, еліміздің экономикасына өзінің үлкен үлесін қосады деп есептеймін. Табиғат пен адам арасында ажырамас байланыс бар. Табиғат адамды барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етеді. Табиғат адамға сабыр мен тыныштық береді және адамды өзіне баурайды. Сондықтан да еліміздің көрікті әрі сұлу табиғаты әлемге танылса деймін.

Нұрасыл ҚАЛИБЕК,

Астана қаласы Абай атындағы №87 мектеп-гимназия­ның 11-сынып

оқушысы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button