Жаңалықтар

Қазақстан үлкен сыннан абыроймен өтті

314

Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин біздің тілшімізге сұхбат берді. Сұхбат барысында ағымдағы жылдың 10 наурызында Женевадағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропа бөлімінде өткен БҰҰ Адам құқылары жөніндегі Кеңестің 28-отырысында Дін немесе сенім бостандығы жөніндегі Арнаулы баяндамашысының Қазақстандағы қалыптасқан жағдай туралы есебінің қорытындысы туралы әңгімеледі.   

Ғалым Нұрмағамбетұлы, БҰҰ Адам құқылары жөніндегі кеңес қандай ұйым және БҰҰ дін немесе сенім еркіндігі жөніндегі арнаулы баяндамашының мандаты қандай?

– Біріншіден, БҰҰ Адам құқылары жөніндегі кеңесті 2006 жылдың 15 наурызында БҰҰ Бас ассамблеясы құрғанын атап өткен жөн. Бас ассамблея әр үш жыл сайын БҰҰ қатарындағы 189 мүше-мемлекеттердің ішінен 47 мемлекетті Кеңес құрамына сайлайды. Бұған қоса, БҰҰ Бас ассамблеясының жанында адамзат дамуының белгілі бір салаларына жауап беретін өзге де ұйымдар жұмыс атқаратынын айта кеткен жөн.

БҰҰ Адам құқылары жөніндегі кеңес  жетекші халықаралық орган ретінде  Бас ассамблеяның аса маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.

Қазақстан Адам құқылары жөніндегі кеңестің 2013-2015 жылдар аралығындағы мүшелігіне алғаш рет 2012 жылғы 12 қарашада Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас ассамблеясының 67-отырысында қабылданды. Бұл біздің елдің адамның әмбебап құқылары мен бостандықтарын бірізді қорғау мәселесіндегі қол жеткізген жетістіктерінің БҰҰ тарапынан мойындалғанын білдіреді.

2009 жылдан бастап адам құқығының әртүрлі салалары бойынша БҰҰ арнаулы баяндамашыларын елімізге шақырту шаралары басталды. Осы орайда, оларды шақыру немесе шақырмау біздің елдің өзіне тиесілі құқы екенін әрі бұл шараның біз үшін міндетті еместігін айта кеткен жөн. Дегенмен, Қазақстан өзінің игі ниетін білдіре отырып, БҰҰ-ның Арнаулы баяндамашыларын өз азаматтарымыздың құқыларының хал-ахуалына қатысты барлық салалар бойынша танысуға  шақырып отырды.

Адам құқыларының белгілі бір салалары бойынша дайындаған сарапшылардың баяндамалары іс жүзінде БҰҰ-ның басқа мүшелерінің сол мемлекетке беретін мінез­демесі болып табылады. Осы жерде БҰҰ Арнаулы баяндамашыларының Адам құқылары жөніндегі кеңес отырыстарында жасайтын есептері ұсыныстық сипатта болғанымен, ол Біріккен Ұлттар ұйымының кез келген мүше-мемлекетінің әлемдік қауымдастық алдындағы халықаралық беделін қалыптастыру ісінде ерекше маңызға ие.

– БҰҰ Арнаулы баяндамашысының Қазақстандағы дін және сенім бостандығы жөніндегі қорытынды есебін дайындау жұмыстары қалай өтті? Қазақстан және
БҰҰ тарапынан осы бағытта
қандай жұмыстар атқарылды?

– Бұл бағыттағы жұмыстар Арнаулы баяндамашы тарапынан қосымша ақпараттарды жинақтап, Қазақстанның бастапқы есепте көрініс тапқан ұсыныстарды іске асыру мақсатында қолға алып отырған шараларын талдауды қажет еткендіктен бір жыл бойы жүрді.

Арнаулы баяндамашының қорытынды есебі әзірленіп жатқан кезде біздің тарапымыздан оның мандатында көзделген тетіктер арқылы осыған дейін берілген барлық ұсыныстар мен ескертулер бойынша Қазақстанның дәйектелген ұстанымы жазбаша түрде жолданып отырды. Біздің тарапымыздан жан-жақты сұрыпталған пікірлер ұсынылып, дін және сенім бостандығын қамтамасыз ету саласындағы Қазақстанның қол жеткізген айтарлықтай табыстарын қорытынды баяндамаға енгізуге ұсыныс жасадық.

Осы ретте Қазақстандағы адам құқыларын қорғау ахуалы туралы шынайы пікір қалып­тастыру мақсатында мемлекеттік органдармен Арнаулы баяндамашының бастапқы есебіндегі ұсыныстарға түсінік беру бойынша жұмыстар жүргізіліп, елдегі діни сенім бостандығын одан әрі қамтамасыз етуге қатысты бірқатар шаралар іске асырылды.

– БҰҰ Арнаулы баяндамашысы Қа­зақстанның Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу бастамасын қалай бағалайды?

– Мен бұл сұраққа жауап беруді Женевада қорытынды есептің алдында біздің Арнаулы баяндамашымен және оның сарапшыларымен екіжақты кездесу өткізгенімізден бастағым келеді. Мен өз тарапымнан бастапқы есепте көрініс тапқан ұсыныстарды жүзеге асыру бойынша бір жыл ішінде атқарған жұмысымызда қол жеткізген жетістіктеріміз мен нәтижелеріміз туралы айтып беріп, Қазақстанның осы бағыттағы бұдан кейінгі жоспарларын баяндадым.

Арнаулы баяндамашы кездесу барысында Қазақстанға «конфессияаралық және ұлтаралық келісім үлгісі» ретінде баға беріп, Президент Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келген Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі Қазақстанның әлемдік деңгейдегі әртүрлі конфессиялардың өзара сенімге негізделген ықпалдастығын нығайту үдерісіне қосқан маңызды үлесі болып табылады деп пікір білдіргенін ерекше айта кету керек…

Сонымен қатар, Арнаулы баяндамашы өзінің 2014 жылғы Қазақстанға жасаған  сапарын ұйымдастырғаны үшін, сондай-ақ өз мандатын жүзеге асыру барысында сындарлы ықпалдастығы үшін Қазақстан Республикасының Үкіметіне шынайы ықыласын білдірді.

– БҰҰ Арнаулы баяндамашысының ұсыныстарын жүзеге асыру бойынша Қазақстан қазіргі күнде қандай нақты іс-шаралар атқарылды? Бұл жұмыста неге баса назар аударылып отыр?

– Біріншіден, біз өткен жылы мемлекеттік қызметшілердің, оның ішінде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынас мәселелері бойынша біліктілігін көтеру жұмыстарын жолға қойдық.

Екіншіден, біз мемлекет пен діни бір­лестіктердің өзара әрекеттесуінің қосымша тетіктерін қалыптастырдық. Атап айтар болсақ, еліміздің барлық өңірлерінде және елордамызда діни бірлестіктер өкілдері жиналыстарының тұрақты жұмыс жасауын ұйымдастырдық. Бұл, өз кезегінде, діни бірлестіктердің бір-бірімен өзара әрекеттестігін жақсартып, бірлескен іс-шаралар ұйымдастырулары, қоғамдағы өздерінің қызметіне қатысты орын алған теріс түсініктерді жойып, әлеуметтік мәселелердің шешімін табуына оң үлес қосулары үшін қажет. Бұдан бөлек, дін саласындағы уәкілетті органмен қоғамдағы конфессияаралық ынтымақты жақсартуға бағытталған басқа да шаралар қолға алынуда.

Үшіншіден, дін саласындағы заңдарды одан әрі жетілдіру шаралары талқыланды. Біз осы мақсатта діни бірлестіктердің басшыларының, тәуелсіз сарапшылар мен ҮЕҰ жетекшілерінің қатысуымен Консультативтік жұмыс тобын жасақтадық.

Төртіншіден, мемлекеттік орган­дардың дін саласындағы заңдарды жүзеге асыруға бағытталған  құқық қолдану тәжірибесі жетілдірілуде.

Бесіншіден, елімізде қазіргі күнде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының мемлекеттік мектептерде дін мәселелерін оқыту жөніндегі Толедолық басшылыққа алу қағидаттарына сәйкес, дін саласындағы білім беруге ерекше назар аударылуда. Өзіңізге мәлім, елімізде білім беру мен бала тәрбиелеу жүйесі, діни білім беру ұйымдарын есептемегенде, діннен бөлінген әрі зайырлы сипатқа ие. Елімізде 2009 жылдан бастап оқушылардың дін туралы ғылыми көзқарасын қалыптастырып, жастарды бейбітшілік, мәдени әралуандылық және өзге діндерге құрметпен қарау қағидатында тәрбиелеу бағытында «Дінтану негіздері»  пәні енгізілді.

Қазіргі кезде біз қазақстандық мектеп оқушыларын оқыту бойынша жаңа бағдарлама әзірледік, ал «Дінтану негіздері» пәні бойынша жаңа оқулық, оқу құралы және хрестоматия дайындалу үстінде. 2016 жылдан бастап  аталған курс «Зайырлылық және дінтану негіздері» деп аталатын болады.

Алтыншыдан, тұрғындардың әртүрлі топтары арасында өткізіліп отырған кең ауқымдағы ақпараттық-ағартушылық жұмыстар жолға қойылды.

Біз қысқа уақыт аралығында қолға алынып, іске асырылған осы жұмыстар БҰҰ сарапшыларының Қазақстандағы дін бос­тандығына қатысты адам құқыларын қамтамасыз етудің қазіргі жағдайы мен болашағы туралы оң пікір қалыптастыруына мүмкіндік берді деп санаймыз.

– Сіз атқарылған жұмыстарға қандай баға берер едіңіз? БҰҰ Арнаулы баяндамашысы есебінің Қазақстан үшін нәтижесі қандай?

– Қазақстан БҰҰ жоғары инспекциясы ұйымдастырған жауапкершілігі үлкен сыннан абыроймен өтті. Біз, шын мәнінде, Біріккен Ұлттар ұйымының Адам құқылары жөніндегі кеңесінің оң бағасына ие болдық. Бұл уақиға әлемдік қоғамдастық алдында адам, оның өмірі, құқылары мен бостандығы ең жоғары құндылық болып саналатын Қазақстанның зайырлы, демократиялық және құқықтық
мемлекет ретіндегі беделінің одан әрі арта түсуіне оңды ықпалын тигізері сөзсіз.

Әңгімеңіз үшін рахмет.

Әңгімелескен Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен
Қазақстан»

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button