Жаңалықтар

«ҚАЗАҚСТАН ЖОЛЫ» – КЕМЕЛДЕНУ КЕПІЛІ

IMG_5544

Жуырда М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің орталық кітапханасында «Қазақстан жолы: тұрақтылық пен орнықты даму факторлары» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Аталмыш алқалы жиынды ұйымдастыруға М.В.Ломоносов атындағы ММУ,  РҒА Экономика институты,  РФ СІМ Дипломатиялық академиясы, Ресей жаратылыстану ғылымдар академиясы, Ресей тауар өндірушілер одағы мұрындық болды.

Келелі кездесуге қатысушылар Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының негізгі аспектілері төңірегінде пікір алысып, евразиялық интеграция мен Қазақстан – Ресей қарым-қатынасының өзекті мәселелері жайында жан-жақты сөз қозғады.

Конференцияны ашқан Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Садовничий елдегі оң өзгерістер әлемде «Қазақстан жолы» атауына ие болған табысты даму концепциясының авторы, евразияшылдық идеясының жүзеге асуына орасан зор үлес қосқан көрнекті мемлекет қайраткері Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты екенін атап өтті.

– Нұрсұлтан Назарбаевтың евразияшылдық идеясы, бұрынғы Кеңес одағы елдері арасындағы интеграция туралы ойлары 1994 жылы ММУ қабырғасында айтылғанын айрықша мақтан тұтамыз, – деді ол ағынан жарылып. – Қазіргі таңда ол идеялардың өміршеңдігін заманның даму барысы дәлелдеп отыр.

Ол сонымен бірге қарышты қадаммен өркендеген Қазақстан әлемдік қауымдастықтан ойып отырып өзінің орнын алған. Бұл жетістіктердің негізі әлеуметтік-экономикалық саясатты стратегиялық жоспарлау болып табылады. Осы орайда Қазақстан Президенті өзін салиқалы саясаткер, байыпты реформатор, Қазақстан мен Ресей халықтары достығының белсенді қолдаушысы ретінде таныта білді. Бұрыннан бері стратегиялық әріптестер болып табылатын біздің елдеріміз өзгелерге өзара тиімді әрі ынтымақты ықпалдастық орнатудың өнегесін көрсетіп келе жатқанын ауыз толтыра айтты.

Конференцияға қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Марат Тәжин бұл басқосудың Нұрсұлтан Назарбаев екі рет лекция оқыған осынау айтулы алаңда өтіп жатқандығын жақсы ырымға балайтынын жеткізді. Ол сондай-ақ, осы конференцияны ұйымдастыруға мұрындық болған ММУ басшылығына және басқа да бастамашылдарға алғысын білдіріп, әрқайсысы өз саласының білгірлері саналатын шараға қатысушылар деңгейінің биіктігін атап өтті.

Еуразия тақырыбын Ресейдің тағы бір жетекші оқу ордасы – Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар университетінің ректоры Анатолий Торкунов одан әрі өрістетті. Ол сонау 1993 жылы Алматыдағы кездесу кезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың евразияшылдық мәселесінің бүге-шігесімен біршама таныстырғанын, Қазақстан көшбасшысы үнемі дүние жүзілік экономикаға қатысты тың ұсыныстар тауып, үлкен ізденіс үстінде жүретінін алға тартты.

– ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығында дүние жүзін дүрбелеңге түсірген дағдарыс дүмпуі қоғамның қалыпты даму талаптарына жауап беретін, тосын соққыларға төтеп бере алатын экономиканың жаңа моделін құруға негіз болатын тың идеялардың туындауына жол ашты. Бұл мәселені көптеген саясат серкелері мен ғұлама ғалымдардың айналып өтпегені анық. Замана сырын ұғуға тырысқан осынау ойшылдар шоғырында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алар орны айрықша. Оның ұтымды ұсыныстарының бірқатары «Дағдарыстан шығу кілті» атты мақаласында көрініс тапқан, – деп сөзін түйіндеді А.Торкунов.

Адам өмірінің өркениетті ережесіне айналып, мәдениеттің мәйекті элементтері ретінде қабылданғанда ғана кез келген реформалар мен қайта құрулар жемісті жүзеге асырылды деп бағалауға болады. Белгілі мәдениет қайраткері, РФ Президентінің халықаралық мәдени байланыстар жөніндегі арнаулы өкілі Михаил Швыдкойдың пайымдауынша, Нұрсұлтан Назарбаевқа тура осындай стратегиялық жоспарларды болжай білетін көрегендік тән.

М.Швыдкойдың пікірінше, «Қазақстан – 2050» стратегиясы елді әлемдегі дамыған мемлекеттердің алғашқы отыздығына кіргізіп қана қоймай, ұлтты қайтадан қалыптастыратын, өте жоғары мақсаттарды көздейтін бағдарлама. Оның үдесінен шығу үшін өте білімді, асқан зиялы, жоғары білікті адамдардың жаңа буынын тәрбиелеу қажет.

Оның ойынша, евразияшылдықтың назарбаевтық нұсқасы – ескі дәстүрлерге еліктеп-солықтау емес, болашаққа батыл ұмтылған көрегендік.

– Бүгінгі евразияшылдықты толық түсіну үшін, бәріміздің Астанадағы жаңа опера және балет театрына бас сұққанымыз абзал. Бұл – шығыстық мәдениеттің үздік үлгілері мен еуропалық рухани құндылықтар үйлесім тапқан керемет құбылыс, – деді М.Швыдкой жан тебіренісін жасыра алмай.

Ресей жаратылыстану ғылымдар академиясының президенті Олег Кузнецовтың сөзіне қарағанда, Қазақстан индустриалды-инновациялық саясатта салиқалы бағыт ұстанып отыр. Ол ресурстық-өндірістік әлеует пен жоғары  технологиялар саласын жарасымды интеграциялауға жағдай жасайды. Мұның өзі ғылым мен білім деңгейінің ұдайы өсуін талап етеді. Нұрсұлтан Назарбаев ғылым болашаққа бастайтын даңғыл жол екендігін терең түсінеді.

Еуразиялық іскерлік кеңесінің төрағасы Олег Сосковец егемендіктің елең-алаңында-ақ Қазақстан мен оның көреген көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев геосаяси сипаттағы басты мәселелерді шешіп тастағанын тілге тиек етті.

– Орталық Азия картасында пайда болған, аумағы жөнінен дүние жүзінде 9-орын алатын алып мемлекет әлемдік деңгейдегі барлық ойыншылардың назарын бірден өзіне аударды. Оған олар ғаламдық геосаясат пен аймақтық мүдделер тұрғысынан қарап, Қазақстанның қай бағытқа бет бұратынын бақылап отырды. Халықаралық қарым-қатынаста ядролық қарудың иесі болу дегеніңіз аса күшті аргумент болып саналатындығына қарамастан, одан бас тартуға қандай даналық пен саяси жігер қажет екенін бағамдай беріңіздер. Дәл осы тағдыршешті таңдау Қазақстанның болашағын айқындап, әлемдік қауымдастықтағы абырой-беделін нығайтты.

Ойын одан әрі өрбіткен Олег Сосковец біздің еліміздегі тату-тәтті тірлікке тәнтілігін білдірді.

– Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасып қана қоймай, азаматтардың алаңсыз өмір кешуіне қолайлы қонысқа айналды, – деп сөзін сабақтады.

РҒА Экономика институтының директоры Руслан Гринберг 2009 жылғы дүние жүзілік экономикалық дағдарыс ел дамуына елеулі әсер еткенін айта келе, құрылыс пен қаржы саласындағы келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында Қазақстан Үкіметі өз жоспарына тиісті өзгерістер енгізгенін, соның арқасында біраз қиындықтар айқай-шусыз еңсерілгенін, ұлттық экономиканы қолдауда «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатының айрықша роль атқаратынын үлгі ете сөйледі.

– Әлеуметтік-экономикалық дамуда кешегі кеңестік елдердің арасында Қазақстанның мойы­ны озық тұр.

Мемлекеттік Дума депутаты, ТМД, еуразиялық интеграция және отандастармен байланыс істері жөніндегі комитет төрағасының орынбасары  Татьяна Москалькова ресейлік парламентари биліктің тиімді институттары мен басқару органдарын, қазіргі заманғы құқық жүйесі мен жағымды бизнес-ахуал қалыптастырып отырған Қазақстанның заң тәжірибесін оқып-үйренуге көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Ол сондай-ақ, 300 келісімді қамтитын және екі ел үшін де көп жақты құрылымдарды дамыту үшін құқықтық негіз болып табылатын Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы келісім базасының сапалы жасалғандығын да атап көрсетті.

– Қазақстан дегенде бірінші кезекте менің ойыма ұлтаралық бірегей қарым-қатынастар жүйесін құруға мүмкіндік туғызған Қазақстан халқы ассамблеясы түседі. Президент жанындағы Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның басқа мемлекеттерде сирек кездесетін гендерлік саясатты жүргізгенін айтар едім. Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен тұрғызылып жатқан керемет қала – Астананың өзі неге тұрады! – деп ағынан жарыла сөйледі Т.Москалькова.

Қазақстанның әлеуеті тек экономикалық даму мен жалпы әлеуметтік тұрақтылықты қолдауда ғана емес, әлемдік дағдарыс жағдайында сыртқы әлеммен теңестірілген қарым-қатынас жүйесінде деді РФ СІМ Дипломатиялық академиясының ректоры Евгений Бажанов. Сыртқы саясатта Қазақстан Ресеймен басымдық қарым-қатынасты таңдап, осы бағыттан еш танған емес.

Оның айтуынша, Ресей Федерациясы Қазақстанмен түсініскендей басқа ешбір елмен түсіне алған емес. Сонымен қатар, Қазақстан Қытаймен де, Азия елдерімен де, ислам әлемімен де, Батыспен де жақсы қатынас орнатылып азық-түлік алмасады. Дегенмен, бұл да Ресейдің мүддесінен алшақ емес.

– Қазақстан біздің – табысты көршіміз. Табыс­ты көршіміз болуы себепті – тұрақты көршіміз, жақсы көршіміз, – деді Е.Бажанов.

 Оны Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық интеграцияны түбегейлі фактор ретінде бағалап, саяси зерттеу институтының директоры Сергей Марков қолдады.

– Көптеген ресейлік компаниялар қазақстандық заң жүйесіне жүгінуде. Қазақстанда бизнесті жүргізу үшін кейбір артықшылықтар жасалғанын түсіне отырып, біз бұдан ешқандай жаманшылық көріп тұрған жоқпыз, – деді С.Марков. Біз Қазақстанның жетістіктеріне қуанамыз, сол сияқты Қазақстанда да Ресейдің жетістіктеріне шаттанады. Бұл, әрине, интеграцияның мүмкіндіктері.

Өзекті мәселелерге тоқтала келіп, сарапшы Қазақстандағы саяси жағдайдың тұрақтылығына сырттан еш әсер ете алмайтын бірнеше себептерді атады.

Біріншіден, өркендеп, дамуына орай елде айтарлықтай наразылық  нышаны байқалмайды, екіншіден, әлем таныған тұлға ретінде қалыптасқан көшбасшысы бар, – деді Сергей Марков.

– Біз, журналистер, Нұрсұлтан Назарбаевты қолдаймыз, өйткені, бұл – біз үшін ортақ ақпарат кеңістігін кеңейтуге қол жеткізетін тағы бір мүмкіндік, – деді «Российская газета» басылымының бас редакторы В.Фронин.

Ресей Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет және халық шаруашылығы академиясының профессоры Анатолий Спицын соңғы 20 жылда Қазақстан экономикасы нарықтық жағдайда тұрақты экономикалық-әлеуметтік жетістіктерге жетіп, қарқынды дамуда деп мәлімдеді.

Ұзақ жылдар бойы Н.Назарбаевпен бірге жұмыс істеген адам ретінде ол Қазақстан көшбасшысының бірқатар жеке қасиеттеріне тоқталды: «Нұрсұлтан Назарбаев – уақыт ағысы мен саяси-әлеуметтік және экономикалық даму бағыттарын тап басып тани білетін көреген көшбасшы. Назарбаев кәсіби металлург ретінде еңбек ұжымының тыныс-тіршілігін жақсы біледі және адамдарға қамқорлық жасауды ешқашан ұмытпайды.

Ресей Саяси конъюнктура Орталығының бас директоры Сергей Михеев Н.Назарбаевтың саяси философиясындағы ең басты ұстаным – дәл осы «көпшілік еркін жүзеге асыру» деп тұжырымдайды.

– Тыныштық пен тұрақты дамуды сақтау үшін демократияны дәл осылай түсіну қажет, – дейді С. Михеев.

Конференция еуразиялық экономикалық ықпалдастық билік құрылымдарында туған кейбір бастамалардай емес, ресми институттардың шеңберінен шығып, еуразиялық қауымдастықтың күнделікті өмірінің маңызды бөлшегіне айналды. Әсіресе, іскер адамдар ортасында.

Шешендердің сөзіне қарағанда, елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси даму бағытын сақтау – барша қазақстандықтардың басты мақсаты.

 

Ресей Федерациясындағы

Қазақстан елшілігінің

баспасөз қызметі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button