Қазақстанда ғылым қалалары пайда болады
Абай облысы (Курчатов қаласы) мен Алматы облысының (Талғар ауданы, Түзусай ауылы) аумағында екі ғылым қалашығын құру жұмыстары басталды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки мәлім етті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
– Біріншісі Курчатов қаласында орналасады, «ғылым қаласы» мәртебесін берудің барлық критерийлеріне сәйкес келеді. Мұнда ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарының зияткерлік әлеуеті шоғырланған. Қалада тау-кен өнеркәсібі мен өңдеу салалары алға қойылған. Курчатовта ұлттық ядролық орталығы мен ядролық технологиялар паркі АҚ жұмыс істеп тұр, – деді Дархан Ахмед-Заки Сенат қабырғасында өткен ғылым қалашықтарын дамыту мәселелеріне арналған отырыста.
Вице-министрдің мәлімдеуінше, екінші ғылым қаласы Алматы облысының аумағында пайда болады.
– Екінші ғылым қаласы Алматы облысында Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына іргелес учаскеде құрылады, жақын жерде ядролық физика институты орналасқан. Сонымен қатар бұл жобаны іске асыру Мемлекет басшысының жоғары оқу орындарын Алматы қаласынан облыстарға көшіру қажеттілігі туралы тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді. Қазір «Байсерке-Агро» ЖШС ғылым қалашығының аумағы үшін қажетті инженерлік инфрақұрылым жүргізуге техникалық тексеру жүргізіп жатыр, – дейді ол.
Сондай-ақ Дархан Ахмед-Заки Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың 2024 жылғы 16 қазандағы хаттамалық тапсырмасы бойынша біздің министрлік ғылымды құру және дамыту тұжырымдамасының жобасы әзірленгенін мәлім етті.
– Тұжырымдама жобасы 8 бөлімнен тұрады. Онда мақсат, міндеттер, ағымдағы жағдайды талдау, халықаралық тәжірибе, көзқарас тағы басқа жайттар көрсетілген. Кремний алқабы (АҚШ), Дэдек (Оңтүстік Корея), Цукуба (Жапония) тағы сол сияқты ғылым қалаларын құрудың халықаралық тәжірибесі зерттелді, – деп толықтырды вице-министр.
Қазақстанда ғылым қалашығы қызметінің негізгі бағыттары:
– агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және экспорт пен азық-түлік қауіпсіздігін арттыру үшін өнімді қайта өңдеу;
– атом энергетикасы технологияларын және тұрақты энергетика үшін жаңа материалдарды енгізу, композиттер мен қорытпаларға назар аудара отырып металлургияны дамыту, вакциналар мен дәрі-дәрмек өндіруге арналған биотехнологиялар, автоматтандыру және бәсекеге қабілеттілік үшін жасанды интеллектіні қолдану, жасыл экономика үшін жаңартылатын энергия көздерін пайдалану, сондай-ақ өнеркәсіпке қажетті жабдық әзірлеу үшін машина жасау.
Одан бөлек, «Ғылым қаласы» жобалық командасы (Ғылым және жоғары білім министрлігі жобалық кеңсесінің базасында) және ғылым қаласын дамыту мәселелерін үйлестіру жөніндегі жұмыс тобы («Алматы бас жоспары» ғылыми-зерттеу институты базасында) құрылды.
Айта кетейік, бүгін Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде Курчатов қаласын ғылыми орталыққа айналдыру мәселелері қаралды.
Жиын барысында Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев ғылымды басқаруда әлі де бюрократияның барын айтты.