Қоғам

Қазақстанда ішкі туристер саны артты

Ресми статистикалық мәліметтерге сәйкес, биылғы қаңтар-қыркүйек аралығында 5 млн 973 мың қазақстандық ел ішінде саяхаттаған. Ішкі туристер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 562 мың адамға артқан. 2023 жылы осы көрсеткіш 5,4 миллион адамды құрады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

2024 жылдың 9 айында ішкі туристер саны 562 мыңға артып, 6 млн адамға жетті. Шетелден келетін туристер легі 11,5 млн адамды құрады, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда екі есеге жуық көп. Оның ішінде шетелдік 969 мың турист орналастыру орындарына жайғасты.

Бұл көрсеткіштер қабылданып жатқан шаралардың тиімділігі мен туристік бағыт ретінде Қазақстанға қызығушылықтың артып келе жатқанын айғақтайды. Саланың экономикалық көрсеткіштері де айтарлықтай өсім көрсетіп отыр. Орналастыру нысандарының жалпы кірісі 27%-ға өсіп, 224 млрд теңгені құрады. Орналастыру нысандарының саны 306 бірлікке өсіп, 4 315-ке жетті, ал олардың сыйымдылығы 18 мың төсек-орынға дейін артып, 226 мыңды құрады.  Бұл Қазақстанның ішкі және халықаралық туристерді қабылдауға дайындығын едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Туризмге салынған инвестиция көлемі қарқынды өсіп келеді. 2024 жылдың 10 айында олардың көлемі 33,6%-ға артып, 668,1 млрд теңгені құрады.

Алматы, Астана қалалары мен Ақмола облысы ішкі туризм бағыттары арасында көш бастап тұр. Бұл аймақтар туристерді ерекше табиғатымен, дамыған инфрақұрылымымен және алуан түрлі туристік мүмкіндіктерімен тартып келеді.

«Ішкі туристер санының артуы қазақстандықтардың ел бойынша жиі саяхаттайтынын көрсетеді. Яғни, өз елін танып-білуге деген қызығушылығының артқанын байқауға болады. Ішкі туризмді әр азамат үшін қолжетімді, тартымды және жайлы етуге жұмыстар жасалуда. Осы мақсатта инфрақұрылымды дамытып, жаңа бастамаларды қолдап келеміз»,  деді Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button