Қазақстанда көп балалы отбасыларға салық жүктемесі азайтылады
Көп балалы отбасыларды қолдау – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басымдықтарының бірі. 2025 жылғы қаңтардан бастап салық заңнамасында отбасылық табысқа әсер ететін өзгерістер болды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Атап айтқанда, ҚР Салық кодексінің 347-бабында көп балалы отбасылар үшін маңызды жаңалықтар айтылады.
Көп балалы отбасы үшін салық шегерімі күнтізбелік жылға белгіленген 282 АЕК-тен (2025 жылы – 1 108 824 теңге) аспайтын мөлшерде екі ата-анаға жиынтығында мынадай тәртіптердің бірінде қолданылады:
1) көп балалы отбасының ата-анасының біреуіне әр ай үшін 23 АЕК (2025 жылы – 90 436 теңге);
2) көп балалы отбасының әрбір ата-анасына әр ай үшін 12 АЕК (2025 жылы – 47 184 теңге) мөлшерінде.
Салықтық шегерім үшін шарт: отбасында осы шара қолданылатын күнтізбелік жылдың 1 қаңтарына төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалардың болуы. Растау үшін балалардың туу туралы куәліктерінің көшірмелерін ұсыну қажет.
Салық жеңілдіктерін алу үшін құжаттар жергілікті салық органдарына немесе жұмыс орны бойынша кадр қызметіне – салықтық шегерімге өтініш беріледі.
Осылайша, көп балалы отбасылар үшін салық жүктемесі төмендейді.