Қазақстанда мектептердің рекордтық саны салынды
Қазақстанда мектептердің рекордтық саны салынды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Қазақстанда екі жылда 32 апатты және 71 үшауысымды мектеп мәселесі шешімін тауып, ел аумағындағы 200 мектепте оқушы орны тапшылығы жойылды. Оған осы уақыт аралығында қолданысқа берілген мектептердің рекордтық саны ықпал етті – жарты миллион оқушы орнына арналған 422 мектеп салынды.
Қазіргі таңда елімізде 8000-ға жуық орта білім беру ұйымы бар. Соңғы 10 жылда оқушы саны 1 миллион астам балаға өсіп, 3,9 миллионды құрады.
Оқушы орындарының тапшылығы, үшауысымды оқыту және апаттық мектептер мәселесін шешу, сондай-ақ қалалар мен ауылдар арасындағы білім беру инфрақұрылымы сапасының айырмашылығын төмендету мақсатында елімізде мектеп құрылысын жүргізу және реновациялау бойынша бірқатар бастамалар қарқынды іске асырылуда.
Орта білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жақсарту мақсатында 2023-2024 жылдары 464 мектеп күрделі жөндеуден өтті. 2024 жылдың көктемінде су тасқыны салдарынан зардап шеккен 35 нысан қалпына келтірілді. 2039 мектеп 3130 заманауи пәндік кабинетпен (робототехника, химия, биология, физика, STEM) жабдықталды.
Атап өту керек, мемлекет жаңа оқушы орындарын ашу және балалар үшін жайлы жағдай жасау бойынша кешенді шаралар қабылдауда. Бұл еліміздің барлық өңірінде білім инфрақұрылымын дамытып қана қоймай, балалардың сапалы білім алуға қолжетімділігін арттырады.