Денсаулық
Қазақстанда шала туған балаларды қалай күтеді?
2008 жылдан бастап Қазақстанда дене салмағы 500 г асатын балаларға күтім көрсетіліп келеді. Заманауи медициналық жабдықтардың, сондай-ақ мамандардың біліктілігінің арқасында балалардың осы тобы арасында өмір сүру деңгейі 50%-ға дейін арттырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
«Қазақстанның босандыру мекемелерінде «Ашық неонаталдық реанимация» жүйесі енгізілді. Яғни, шала туған нәрестелердің ата-аналары реанимация бөлімшелеріне баруға, баласына қарауға, кенгуру әдісі бойынша «теріге тері» байланысын жүзеге асыра алады. Бұл, әрине, баланың жақсы дамуына, жақсы салмақ қосуына әкеледі», – деді ҚР ДСМ «Астана медицина университеті» КеАҚ неонатология кафедрасының меңгерушісі Күләш Жақсалықова ОКҚ алаңындағы дөңгелек үстел барысында.
Мұндай балалардың өмір сүру сапасын арттыру үшін скринингтің төрт түрі жүргізіледі: жаңа туған нәрестеде фенилкетонурия мен туа біткен гипотериозды анықтауға бағытталған неонатальды; есту қабілетінің бұзылуын анықтауға арналған аудиологиялық; шала туған нәрестелердің ретинопатиясын анықтауға арналған офтальмологиялық; психофизикалық – психофизикалық дамудың бұзылуын анықтауға бағытталған.
Спикер емізудің балалар үшін маңызды екеніне баса назар аударды.
«Елде сәби үшін оңтайлы тамақтануға қол жеткізілсе, денсаулық сақтауға жұмсалатын жаһандық шығындар күрт азаяды және балалардың болашағы жақсаратыны белгілі», – деп толықтырды Күләш Жақсалықова.