Қазақстанда ҮЕҰ қызметінде оң динамика байқалады
2008 жылдан бастап Қазақстандағы тіркелген үкіметтік емес ұйымдар саны 2,5 есе артты – 8 502-ден 22 227-ге жетті. Олардың 17 964-і белсенді жұмыс істеуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Қазақстанның 19 өңірінде мемлекеттік органдармен тиімді байланыс орнату, ҮЕҰ дамуына жағдай жасау және оларды қоғамның маңызды мәселелерін шешуге тарту мақсатында құрылған ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі кеңестер жұмыс істейді.
Мәдениет және ақпарат министрлігі «АДАЛ АЗАМАТ – БЕЛСЕНДІ ҚОҒАМ» жобасы аясында стратегиялық серіктестік құрып, оны 20 өңірде жүзеге асырды. Сондай-ақ, азаматтық қоғаммен елдің маңызды мәселелерін талқылау мақсатында «Ұстаным» пікірталас клубы құрылды.
Жоба шеңберінде Қазақстанның 20 өңірінде консультациялық орталықтар ашылды. Тамыз айынан бері заңгерлер, нотариустар мен адвокаттар 2 069 азаматқа кеңес берді.
Әкімшілік әділет, кәсіпкерлік қызметте адам құқықтарын сақтау, бала құқықтарын қорғау және басқа да заң жобалары бойынша 138 сарапшы қатысқан пул құрылды.
ҮЕҰ-ның кәсіби дағдыларын арттыру мақсатында «ҮЕҰ академиясы» жобасы жүзеге асырылды. 2022 жылдан бері еліміздің барлық өңірлерінен 3 400-ден астам ҮЕҰ өкілдері оқытудан өтті. Көшбасшылық бағдарлама бойынша 300-ден астам ҮЕҰ басшылары дайындалып, ҮЕҰ дамуы саласында 90 жаттықтырушы оқытылды. Сонымен қатар, 500 әлеуметтік кәсіпкердің біліктілігі артытрылды.
Азаматтық қоғамның жағдайын зерттеу және оны дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында министрлік әлеуметтік зерттеулер ұйымдастырды. 6 өңірде 500-ден астам ҮЕҰ мен сарапшылардың қатысуымен қоғамдық талқылаулар өтті. Зерттеу нәтижелері бойынша ҮЕҰ-ға деген сенім деңгейі 56,3%-ды құрайды. Сонымен бірге респонденттердің 65,1%-ы азаматтық қоғамның даму деңгейін жоғары бағалап, оны әлеуметтік және саяси өмірге белсенді қатысумен, азаматтық бастамаларды қолдаумен және мемлекеттік саясатты оң қабылдаумен байланыстырды.