Қазақстанда ЖИ саласы бойынша 150 стартап бар – Олжас Бектенов
Премьер-министр Олжас Бектенов елімізде жасанды интеллектті дамытудың құқықтық базасы қалай қалыптасып жатқанын айтты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Үкімет басшысы «Digital Almaty 2025» цифрлық форумы барысында, қазір тек технологиялық инфрақұрылымды ғана дамыту тиімсіз екенін жетікізді. Оны әлемдік озық тәжірибе көрсетіп отыр.
– Әсіресе, есептеу қуаттарын экспорттау ережелері қатаңдатылып, құны өсіп бара жатқанын ескеретін болсақ, бұл – өте өзекті мәселе. Мысалы, DeepSeek және 01.AI компанияларының қытайлық модельдері LLM үлкен тілдік үлгілерін ең төмен шығындармен дамытуға болатынын дәлелдеді. Бұл мұндай технологияларды әзірлеу қолжетімді екенін көрсетеді. Жергілікті LLM және мультимодальды модельдерге көшу жасанды интеллекттің дамуындағы келесі маңызды қадам. Бұл технологиялар біздің мәдени құндылықтарымызды сақтауға, шешімдерді бейімдеуге және деректердің қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді,– деді ол.
Сондай-ақ Олжас Бектенов елде жасанды интеллект комитеті құрылғанын тілге тиек етті.
– Біз өзімізде жаңа мемлекеттік орган – Жасанды интеллект комитетін құрдық. Ұлттық жасанды интеллект стратегиясын әзірлеуге негіз болған тиісті тұжырымдаманы бекіттік. Инновацияларды дамыту үшін құқықтық негіз құруға бағытталған жасанды интеллект туралы заң жобасын әзірледік.
Бұл құжат та жасанды интеллект саласын реттеу мен дамытуды ынталандыру арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге тиіс. Қазір Президент жанындағы жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңес құрылып жатыр, оның құрамына жетекші отандық және халықаралық сарапшылар кіреді, олар осы саладағы озық технологиялар мен тәжірибені интеграциялауға ықпал етеді,– деп түсіндірді Премьер-министр.
Перспективалы AI-стартаптарын қолдау үшін Astana Hub базасында мақсатты көлемі 1 млрд доллар болатын Венчурлік инвестициялар қоры құрылды.
– Технологиялық прогресс пен инновациялардың өңірлік орталығы болып табылатын Astana Hub жалпы жылдық кірісі 1 млрд доллардан астам соманы құрайтын мың жарымнан астам қатысушыны біріктіреді. Олардың арасында жасанды интеллект саласындағы Higgsfield AI, Cerebra, CodiPlay, Arlan Biotech, Alaqan сияқты барлығы 150 стартап бар. Кейбір стартаптардың құны 100 млн долларға жетіп үлгерді,– деді ол.
Осыған дейін биыл Қазақстанда жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын және цифрлық технологияларды дамытуға негізделген ірі ұлттық орталық құрылатыны туралы жазған едік.
https://kaz.inform.kz/news/kazakstanda-zhi-salasi-boyinsha-150-startap-bar-olzhas-bektenov-b40b05/