“Қазақстандағы метан шығарындыларын реттеу” семинары өтті
Ағымдағы жылдың 29 қаңтарында Таза ауа жөніндегі нысаналы топ (Clean Air Task Force, CATF) және Халықаралық энергетикалық агенттік (ХЭА) ұйымдастырған “Қазақстандағы метан шығарындыларын реттеу” семинары өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Іс-шараға Президент Әкімшілігінің, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, Энергетика министрлігінің жоғары лауазымды өкілдері, сондай-ақ мұнай-газ бизнесінің жетекші өкілдері қатысты.
Семинардың басты назары мұнай-газ саласындағы метан шығарындыларын реттеу мәселелеріне, соның ішінде нормативтік-құқықтық базаны әзірлеуге, шығарындыларды мониторингілеуге, ағып кетулерді анықтаудың озық технологияларын және оларды азайту әдістерін енгізуге аударылды.
Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев өзінің сөзінде Қазақстан Метан жөніндегі жаһандық міндеттемеге қосыла отырып, климаттың өзгеруіне қарсы күрес үшін өзінің жауапкершілігін сезінетінін және метан шығарындыларын азайту үшін халықаралық серіктестермен белсенді ынтымақтасатынын атап өтті.
Семинар аясында үздік халықаралық тәжірибелер, сондай-ақ реттеудің тиімді тетіктерін енгізу саласындағы халықаралық ұйымдармен және бизнес-қоғамдастықпен ынтымақтастық перспективалары қаралды.
Семинар метан шығарындыларын азайту саласында Қазақстанның алдында тұрған негізгі сын-тегеуріндерді талқылау және тәжірибе алмасу үшін, сондай-ақ елдегі экологиялық саясатты жетілдіру бойынша одан әрі қадамдарды айқындау үшін маңызды платформаға айналды.