Басты ақпарат

Қазақстандық арман

Америкалық арман… Бұл сөзді естігенде бірден ешкімде жоқ ерекше қымбат, үлкен автокөлік мінуді, хан сарайындай зәулім үйде тұруды армандайтын америкалықтар көз алдыңа келеді. Ал қарапайым қазақ нені армандайды?

Менің ойымша, қалалық қазақтар құрқылтайдың ұясындай-ақ болса да, жеке баспанасы болғанын армандайды. Жуырда жаһантордағы жаңалықтар таспасынан мынадай ақпаратты көзім шалды: «2017 жылы 11 миллион 200 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 100 мыңнан астам отбасылар жаңа баспанаға қол жеткізді. Жылдық жоспарға орай жалпы тұрғын үйлерді пайдалануға беру 111 пайызға орындалды. Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы рекордтық көрсеткіш. Ендігі міндет – 2030 жылға дейін әрбір қазақстандықты адам басына 30 шаршы метрге дейін баспанамен қамтамасыз ету. Жыл сайынғы өсім көлемі 8-10 пайызды құрайды». Басқа біреу емес, ресми ақпаратты Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Қайырбек Өскенбаевтың өзі таратты. Астана қаласы әкімінің орынбасары Сергей Хорошун тұрғындармен кездесуде былтыр елордамызда 2 миллион 360 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 20781 пәтер салынғанын хабарлады. Қош делік.
Баспананың қолжетімділігін Мемлекет басшысының өзі де ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Соның бір дәлеліндей, «Тұрғын үйді көпшілікке қолжетімді еткен тұрғын үй жинақтау жүйесі тиімді жұмыс істеуде. Баспанамен қамту көрсеткіші соңғы 10 жылда бір тұрғынға шаққанда 30 пайызға өсіп, бүгінгі күні 21,6 шаршы метрді құрады. Бұл көрсеткішті 2030 жылы 30 шаршы метрге дейін жеткізу керек» деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында.


Бұл, сөз жоқ, баспана мәселесіне жаңаша көзқарас. Алайда мәселенің мәнісіне терең бойлайықшы. Мысалға, өз басым отбасымдағы 4 адаммен 55 шаршы метрді құрайтын пәтерде тұрамын. Егер адам басына 21,6 шаршы метр тиесілі болса, онда 4 адам – 84,6 шаршы метр, 30 шаршы метр тиесілі болса, 120 шаршы метр пәтерде тұруымыз керек. Жасыратыны жоқ, біреулер Астанада 150 шаршы метр үйде тұратын болса, екінші біреулер 1 шаршы метрге де қолы жетпей, бала-шағасымен пәтер не жатақхана жалдап, кісі есігінде жүр. Сонда әр қазақстандық 30 шаршы метр тұрғын жай иеленетін күн қашан туады?
«Тұрғын үйлерді пайдалануға беру 111 пайызға (!) орындалды!» деп Үкіметке есеп берген құзырлы мекеме (Инвестициялар және даму министрлігі – Т.Т.) 12 жылдан кейін әрбір қазақстандықтың өзіне тиесілі 30 шаршы метрінде тұрып жатқанын қалай дәлелдейді? Мәселе – осында. «Он екі жылда пәленбай миллион шаршы метр тұрғын үйлерді пайдалануға бердік» деп қағазбен есеп беретіні анық. Сонда дейміз-ау, барлық тапсырылған үйлердің ауданын қала тұрғындарының жалпы санына (Мысалы, Астанада 1 млн-нан астам адам тұрады) бөліп: «Міне, біз 12 жылдық жоспарды артығымен орындадық» деп бөркін аспанға ата ма? Ең алдымен, олар әлгі пайдалануға берілген тұрғын үйлердің иелері кімдер екенін ашық айтуға тиіс. Салынып біткен үйлерді байлар алып жатыр. Көп қабатты үйдің бір подъезіндегі барлық пәтерлерді сатып алғандар бар. Сондай-ақ, өзінің жеке бұрышына зар болып, сергелдеңге түсіп жүргендер де көп. Тапсырылған шаршы метрлердің көлемімен мақтанбай, еліміздегі баспанаға мұқтаж жандардың нақты санын, санатын және т.б. статистикалық мәліметтерді неге ашық жарияламаймыз. Менің ойымша, еліміздегі қанша азамат жаңа қонысқа көшкенін, қанша адам тұрғын үй жағдайларын жақсартуға мұқтаж екенін және қанша баспанасыз жандардың көшеде қаңғып жүргенін нақты есептеп, ашық айтатын уақыт жетті.


Екіншіден, әр қазақстандыққа 30 шаршы метр деген межеге жетудің әртүрлі жолдарын қарастырған жөн. Мысалы, жоғары оқу орындарын бітірген жас мамандарға үй беретін жеке бағдарлама жасауға болады. Өткенде Үкіметтегі мәжілісте еліміздегі ипотекалық несие үстемесін арзандату мәселесі қарастырылып жатқаны айтылды. Коммерциялық банктер биыл үй салушыларға жәрдемақша есебінен 125 млрд теңге несие және 105 млрд теңгеге ипотекалық несие бермек. Олай болса, ипотекалық несие мөлшері шындап арзандауы керек. Қазақстандағы және дамыған елдердегі ипотекалық несиенің мөлшерлемесін салыстырсақ, айырмашылық жер мен көктей. Дамыған елдерде – 1,2 пайыз, ал бізде – 16-23 пайыз аралығында. Яғни біздің банктердің халыққа арзан ипотека беруге икемделетін кезі келді. Мысалы, Елбасының өзі Жолдауда айтқан «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» 2017 жылы мемлекет бөлген 30 млрд теңгеге арзан үйлер салып, 3488 қазақстандық өз баспанасына қол жеткізген. Еліміздегі жылдық 5 пайызбен өз салымшыларына қарыз беретін жалғыз банк – осы. Бірақ баспанасы жоқтардың барлығы бұл банктен есепшот ашпаған. Баспанасыз демекші, бір ғана Астана қаласында мемлекеттік тұрғын үй қорынан жеңілдікпен (әлеуметтің әлжуаз топтары, жетім балалар, мүгедектер, мемлекеттік қыз­метшілер мен әскерилер, үйі апатты жағдайдағы азаматтар) үй алуға кезекке тұрған 126884 адам (2016 жылғы 18 ақпандағы мәлімет – Т.Т.) бар екен. Бұлардың бәрі өзіне тиесілі 30 шаршы метр тұрғын жайына ие бола ала ма? Себебі коммерциялық банктердің ипотекасының мөлшерін көрсең, жағаңды ұстайсың. Мәселен, «Сбербанк» – 15,1 пайыз, «БанкЦентр­Кредит» – 15,5 па­йыз, «АТФ банк» – 16 пайыз, «RBK» және «Qazaq bank» – 19 пайыз, «Цеснабанк» – 20,3 пайыз, «Альфабанк» – 23 пайыз, «ВТБ банкі» 23 пайызбен ипотекалық несие береді. Әрине, халық санының өсімі бар жерде баспана жыры да бітпейтіні белгілі.

 

Қайырбек Өскенбаев, Инвестициялар және даму министрінің орынбасары:

– «Нұрлы жер» бағдарламасына көп өзгерістер енгізіп жатырмыз. Мысалы, тек қалаларда ғана емес, ауылдарда да жаңа үйлер салуымыз керек. Осы жағын ойластыруға тиіспіз. Шындығын айтсақ, аймақтарға барсаңыз, соңғы 4-5 жылда қаншама үйлер салынып жатқанын көресіз. Жалғыз Астана, Алматыда ғана емес, барлық өңірлерде тұтас ықшам аудандар салынуда. Менің ойымша, облыс әкімдері 1-2 үй салумен шектелмей, үлкен ықшам аудандар тұрғызуға ұмтылғаны абзал. Себебі инф­рақұрылымды 2 үйге де, 15 үйге де тартсаң, бәрібір сонша қаражат жұмсалады. Екіншіден, халықты ақша жинауға үйретуіміз керек. Тойға не басқа қажеттілікке емес, үй сатып алуға. Тұңғыш баласы туды ма, үй алуға ақшасын жинай бастасын. Ал «Нұрлы жерді» сынап-мінеуден не ұтамыз? «Бұл да жаман!» дей берсек, ақша бөлінбей, үйлер салынбай қалады. Сондықтан мемлекет мүмкіндік беріп тұрғанда неге салмасқа? Мысалы, «Нұрлы жерге» «БАЗИС-А», «BI Group» сияқты ірі құрылыс компаниялары қатыспайды. Өйткені олар байларға ғана үй салады. Біздікі арзан үйлер ғой. Олар маңайымызға да жоламайды. Менің ойымша, жаңа үй аламын деп армандамаған адам оған қол жеткізе алмайды. Әркімге де армандау керек, өзіне талап қою керек.

Меруерт Қазбекова, Мәжіліс депутаты:

– Егер министрліктегілер осыншама уақытта қазақстандықтар баспанамен қамтамасыз етіледі десе, сол сөздеріне жауап беруі керек. Бәлкім, сондай бағдарламасы бар шығар. Менің ойымша, бұл мәселеде екі нәрсенің басын ашып алуымыз керек. Біріншісі – мемлекет әр азаматына үй алу құқығын толық қамтамасыз етуі керек. Бірақ ол қымбат, аса қымбат үй емес. Қандай пәтер алатыны әркімнің табысына, мүмкіндігіне, тілегіне қарай әртүрлі. Бір анығы, бізде мүмкіндік мол. Мысалы, «Нұрлы жер», негізінен, өңірлерде жүзеге асырылады. Мемлекет жер учаскелерін бөліп, инфрақұрылым салып береді. Үйдің кезегінде тұрғандарға өте жақсы мүмкіндік туады. Ендеше, «Нұрлы жерді» бірден сынай кетпей, істің нәтижесін күтейік. Екіншісі – көп балалы отбасылар, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтардың баспана алуға мүмкіндіктері өте төмен. «Ақ жол» партиясы, осыған орай, әлеуметтік жатақханалар салуды ұсынды. Соның ішінде, жастардың және отбасылардың жатақханасын бөлек-бөлек салу керек. Мұндай жатақханалар Астана, Алматыдан бөлек, барлық облыс орталықтарында бой көтерсе құба-құп. Бірақ бұл коммуналдық меншікте болғаны дұрыс. Сіз айтқандай, біреудің есігін жағалап жүрген көп балалы отбасыларға осы жоба өте қолайлы. Мемлекет баспанасыздар мәселесін осылай шешетін болса, ең үлкен әлеуметтік мәселе шешіледі. Бұған қаражат та жеткілікті. Тек атқарушы органдардың істі сапалы, тиімді етіп атқарғаны ғана керек.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button