Ел тынысы

Қазақстандық кино өндірісі былтыр 58% өсті

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында креативті индустрияны дамыту және мәдениет пен өнер салаларын цифрландыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Бүгінде Қазақстанның креативті индустриясы 12 бағыт бойынша ұсынылған, онда 143,6 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Цифрландыру саласында Мәдениет және ақпарат министрлігінде 4 ақпараттық жүйе: «е-Архив», «ҮЕҰ дерекқоры», «е-кітапхана», «е-Кино» жұмыс істейді.

Жиын барысында креативті тауарлар мен қызметтердің әлемдік экспорты өткен жылдың қорытындысы бойынша $250 млрд-тан асқаны атап өтілді. G20 Insights зерттеу компаниясының болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай креативті экономика үлесі әлемдік ЖІӨ-нің кем дегенде 10%-ын құрайды.

Премьер-министр Мемлекет басшысының креативті индустрияны дамытуды қолдау шараларын әзірлеу бойынша міндеттер қойғанын баса айтты. Тапсырманы жүзеге асыру шеңберінде тиісті заңнамалық база қабылданды. Қабылданған шаралар нәтижесінде, 2019 жылдан бастап елімізде креативті экономика 3 еседен астам өсті. Алайда оның еліміздің ЖІӨ-ге қосқан үлесі шамамен 1%-ды құрайды. Сонымен қатар кейбір «шығармашылық» салалардың өсу қарқыны жекелеген өндірістік салаларға қарағанда жоғары.

«Өткен жылы компьютерлік ойындарды әзірлеу саласы жалпы қосылған құнға шамамен 460 млрд теңге қомақты үлес қосты. Қазақстандық кино өндірісі былтыр 58%-ға өсті. Кассалық табысы ең жоғары 10 фильмнің арасында әрбір екінші таспа отандық өндірістің туындысы болды. Шетелдік және отандық картиналардан түсетін алым шамамен теңесті. Бұл көрермендердің ұлттық контентке деген қызығушылығының артып келе жатқанын білдіреді. Мемлекет басшысы Құрылтай отырысында түсіріліп жатқан фильмдер мен сериалдарға ерекше мән беруді тапсырды. Жобалардың санын көбейтіп, тек пайда түсіруді ғана мақсат етпей, фильмдердің сапасына баса назар аудару керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр жақсы кино түсіру көп қаржыны қажет ететінін, мұндай қаражатты прокаттан түсіруге болатынын айтты. Дегенмен, бүгінгі күні фильмнен түсетін пайданың көбі кинотеатр иелерінде қалады. Кино өнімдерін өндірушілер мен прокатқа шығарушылардың мүдделерінің тепе-теңдігін бекіту қажеттігі атап өтілді.

Олжас Бектенов кірістердің ашықтығын және авторлық құқықтардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында «е-Кино» платформасын іске қосу қажеттігін айтты. Құжаттарды сақтау және архивтер жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында «е-Архив» ақпараттық жүйесін одан әрі дамытуға, қолда бар деректерді «Батырларға тағзым» онлайн-платформасымен үйлестіру жұмыстарын аяқтауға назар аудару қажет.

Қолданыстағы платформалармен жұмыс істеудің маңыздылығы атап өтілді. Мәселен, бүгінде «е-кітапхана» жүйесінде классикадан қазіргі заманғы басылымдарға дейінгі кітаптарға қол жеткізу мүмкіндігі бар. Аудиокітаптардың да танымалдығы артып келеді, осыған байланысты қазақстандық авторлардың шығармаларын отандық әдебиетті, оның ішінде шетелде танымал ету үшін әртүрлі тілдерде онлайн-алаңдарда орналастыру маңызды.

Музейлерді цифрландыруға ерекше назар аудару керек. Сондай-ақ мәдениет ұйымдарындағы билеттердің бірыңғай электрондық жүйесін енгізу қажет.

Премьер-министр Мәдениет және ақпарат министрлігіне барлық мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 1 шілдеге дейін инвестиция тарту, жобаларды қаржыландыру, сондай-ақ қазақстандық шығармашылық өнімдер экспортына жәрдемдесу үшін Креативті индустрияны дамыту қорын құруды тапсырды. Өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, шығармашылық жобаларды мемлекеттік қолдаудың нақты шараларын енгізу маңызды.

Мәдениет және ақпарат, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктері мен мүдделі мемлекеттік органдар алдына Креативті салаларды одан әрі дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеу міндеті қойылды.

Ақмола, Алматы, Жетісу, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстарының әкімдіктері осы жылдың соңына дейін облыс орталықтарында креативті хабтар құруды тапсырды. Олардың базасында креативті индустрия өкілдері жобаларды қаржыландыру үшін инвесторлармен өзара іс-қимыл жасайтын пәрменді алаңдар құрылуы тиіс.

Мәдениет және ақпарат, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері креативті индустрияны орнықты дамыту және мәдениет пен өнердің барлық саласын цифрландыру бойынша нақты бірлескен жұмысты жолға қоюы қажет.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button