Қазақстандық маркетолог Кремний жотасын қалай бағындырды?
Маржан Мыңжасарова – халықаралық тәжірибесі мол кәсіби маркетолог, табысты өнімдік маркетинг менеджері және өзіндік мәдени көзқарасқа ие тұлға. Қазақстанның тумасы Маржан өз жолын туған жеріндегі жетекші банктерден бастап, АҚШ-тағы Кремний жотасындағы технологиялық компаниялардың маркетингін басқаруға дейін жетті. Н.Бауман атындағы Мәскеу Мемлекеттік техникалық университетінің түлегі, бүгінде АҚШ-тың Калифорния штатындағы SmallTalk2.me (ағылшын тілі бойынша емтихандарға дайындыққа арналған жасанды интеллект платформасы) компаниясында өнімдік маркетинг менеджері болып жұмыс істейтін онымен бұл сұхбатта мәдени айырмашылықтар, өмірлік сабақтар мен шығармашылық пен бизнестің үйлесімі туралы әңгімелестік.
– Маркетолог мамандығының ерекшелігі қандай?
– Маркетинг пен әдебиет арасында көп ұқсастық бар. Екеуі де сөзбен жұмыс істейді. Әдебиетте автор образдар жасап, эмоция туғызады. Маркетингте біз брендтің бейнесін жасап, аудиториямен байланыс нүктелерін табамыз. Бұл жерде сөз – басты құрал.
Мен әрқашан «сөзбен жеңуге болады» деп есептедім. Бұл түсінік маған мансабымның алғашқы кезеңінде үлкен көмек берді. Сол кезде АҚШ-тың ірі компанияларындағы басшыларға қысқа, бірақ адамдарды сендіретін хаттар жазу керек болды. Әр сөздің салмағы бар және сол сөздің адамның келісімшарт жасауға септігі тиеді.
– Қазақстан мен АҚШ-тағы іскерлік мәдениет қалай ерекшеленеді?
– Айырмашылық өте үлкен, бірақ екі елде де үйренетін үрдістер бар. Қазақстанда жеке байланыстар мен сенімге баса назар аударылады. Көп жағдайда ынтымақтастық туралы шешім тек сандарға емес, адамаралық қарым-қатынасқа негізделеді. Ал АҚШ-та бәрі нақты деректерге, ашықтыққа және идеяны қысқа уақыт ішінде сата білуге құрылған. Мұнда уақыт пен нақтылық ерекше бағаланады: кездесуде екі минутта ойыңызды жеткізе алмасаңыз, сізді ары қарай тыңдамайды.
Маған осы жылдамдық пен қатаңдыққа бейімделуге тура келді. Дегенмен, мен америкалық мәдениетке қазақстандық сенім орнату және ортақ тіл таба білу қабілетін енгіздім. Нәтижесінде, ерекше үйлесім пайда болды. Бұл – қазақстандық жан жылуы мен америкалық іскерлік тиімділік.
– Халықаралық мансап жолыңызды қалай бастадыңыз?
– Мәскеудегі Бауман атындағы университетті бітіргеннен кейін Қазақстанға оралып, ірі банктерде жұмыс істедім. Бұл жылдар маған жауапкершілікті, тәуекелдермен жұмыс істеуді және үлкен деректерді басқаруды үйретті. Бірақ мен халықаралық деңгейге шығып, маған шабыт сыйлайтын өнімдермен жұмыс істеуді армандадым.
Алғашқы қадамым өз стартапымды бастау және LinkedIn арқылы АҚШ-тағы клиенттермен жұмыс істеу болды. Шешім қабылдайтын негізгі адамдарды тауып, назар аударатын хаттар жазуды және ұзақ мерзімді байланыс орнатуды үйрендім. Кейінірек NVIDIA және басқа стартаптармен жұмыс істей бастадым. Бұл тәжірибе мені басты нәрсеге үйретті: халықаралық жетістік бұл – жаңа жағдайларға бейімделе білу, үнемі үйрену және жабық есіктерді қағудан қорықпау.
Белгілі бір кесте құрып алсаңыз, өмірде жетістіктерге жету оңайлау болады. Мен таңғы 4-те тұрамын. Спортпен айналысамын, күнімді жоспарлап, оқуға уақыт табамын. Кітаптар әрқашан мен үшін шабыт пен қуаттың көзі болды. Мені жігерлендіретін сөздердің бірі – Стив Джобстың «Ешкім сізден ақылды емес». Бұл ой жаңа елде немесе жаңа нарықта жұмыс істегенде өзіңе деген сенімділікті арттырады.
– Кәсіби дағдыларыңызды басқаларға көмектесу үшін қалай қолданасыз?
– Менің ойымша, маркетинг бұл – тек сатылым ғана емес, сонымен қатар адамдар үшін мүмкіндік жасау. Мен өзімнің дағдыларымды қиын жағдайға тап болған аналарға көмектесу үшін қолданамын. Мен әйелдер мен олардың балаларына қолайлы жағдайлар ұсынатын ұйымдарды табуға жәрдемдесемін. Мысалы, Кремний жотасының ең қымбат қалаларының бірі – Пало-Альтода әйелдерге жеке бөлмесі бар жеке үйлерден орын беріледі. Ал жалдау ақысы олардың кірісінің 5%-ын ғана құрайды. Бұл оларды жұмыс істеуге, ең болмағанда минималды табыс табуға және қоғамға қайта қосылуға ынталандырады. Бәрі өте қарапайым: қадам-қадаммен жүрсеңіз, шешім табылады.
– АҚШ-та сізді қандай мәдени ерекшеліктер таңғалдырды?
– Бізге ерекше көрінетін көптеген дүние, шын мәнінде, мәдениеттерді біріктіреді. Мысалы, америкалықтарда «гуди-бэг» деп аталатын дәстүр бар оқиғаға орай кішкентай сыйлық беру. Бұл біздің тойбастар дәстүрімізге ұқсамай ма? Бұл дәстүрді көрген сайын мен күлімсіреймін, өйткені бұл да маркетингтің бір түрі: мерекеден сыйлықсыз кетпейсің.
Сондай-ақ америкалықтардың біздің тіл үйрену қабілетімізге деген таңданысы мені жиі таңғалдырады. «Сіз үш тілде сөйлейсіз бе? Бұл керемет!» деген сөздерді жиі естимін. Бұл шынында мақтанышқа лайық және үлкен мотивация береді. Егер біз екі тілді меңгерсек, ағылшын тілін үйрену тек уақыт пен ниетке байланысты.
Сұхбаттасқан
Аманғали Қалжанов