Ел тынысы

Қазақстандық қаржы ұйымдары халықаралық төлем стандартына көшті

Ұлттық банк Қазақстанның төлем жүйелері, екінші деңгейлі банктер мен төлем жүйесінің өзге де қатысушылары (банктер) төлем хабарламаларының халықаралық ISO 20022 стандартына сәтті көшірілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Жаңа стандартты ескере отырып жаңғыртылған төлем жүйелері мен банктердің ақпараттық жүйелері 2025 жылғы 13 қаңтардан бастап жаңа форматта іске қосылды. Банктер клиенттердің төлем тапсырмаларын ақпараттық жүйелердің жұмыс кестесіне сәйкес әдеттегі режимде, еш шектеусіз және кідіріссіз қабылдап жатыр.

– Жаңа стандарт төлемдерді өңдеу ісін автоматтандыруға, сондай-ақ есеп айырысудағы жылдамдық пен қауіпсіздікті арттыруға ықпал етеді. ISO 20022 стандартының ерекшелігі – төлем немесе мәміле туралы қосымша мәліметтерді беру мүмкіндігінде. Бұл сәйкестендіру процесін жеңілдетіп, қателіктерді азайтады және клиентке көрсетілетін қызмет сапасын арттырады, – деп жазды Ұлттық банктен.

ISO 20022 стандарты қолданылғанда осы әдістемені пайдаланатын әртүрлі ақпараттық және төлем жүйелері арасында жаһандық үйлесімділік қамтамасыз етіледі.

Қазақстан Орталық Азия елдері арасында алғашқылардың бірі болып халықаралық стандартты пайдаланатын мемлекеттердің қатарына кірді. Енді Еуропалық Одақ пен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен бірге трансшекаралық төлемдерді жеңілдетіп, халықаралық сауда-саттықтың дамуына ықпал етеді.

ISO 20022 стандартының енгізілуі қаржы институттары мен клиент (тұтынушы) арасындағы өзара әрекеттесудің тиімділігін арттырып қана қоймай, қаржы нарығындағы технологиялық өзгерістерге бірыңғай ережелер мен рәсімдер негізінде тез бейімделуге мүмкіндік береді.

Бұған дейін Ұлттық банк валюта айырбастаудың жаңа ережесін бекітетінін жазғанбыз.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button