ӘлеуметЖаңалықтарҚоғамМәдениет

Қазақтан шыққан Тұңғыш ханымдар

 

kulash-bajsejitova2-3-asliҚазақтың басына қауіп төнген сын сағатта атқа мініп, жауға қарсы шапқан апа-аналарымыз көп болған. Тұмар патшайымнан бастап, Бопай ханшайымға дейінгі батыр аналарымыз елдің ертеңі үшін күресті. Ал екінші дүниежүзілік соғыстың оты тұтанған сәтте Мәншүк пен Әлия сынды жүздеген жауынгер қыздар майданға аттанды. Осындай батыр аналарымыздың ізін қазақтан шыққан тұңғыш әйел-генерал Сәуле Айтпаева жалғастырды.

Қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш күйші Дина Нұрпейісова болатын. Құрман­ғазыдан сабақ алған ол Түркештің, Соқыр Есжанның, Мүсірәлі мен Әлкейдің, Дәу­­леткерейдің күйлерін нақы­шына келтіре орындайтын болған. Күйші туралы композитор Ахмет Жұбанов: «Дина ұзын да сүйріктей сау­сақтарымен домбыра пер­не­сінде, сағалағында небір ал­шақ пернелер аралықтарын ешбір мүлтіксіз алады. Симфония сазындай сиқырлы әуен алпыс екі тамырыңды бойлата, шымырлата, буырқана небір әсерге түсіреді» деп жазады.
Аты аңызға айналған тұлға­лардың бірі, қазақтан шыққан тұңғыш КСРО халық әртiсi Кү­ләш Байсейітова еді. Е.Бру­си­ловский жазған тұңғыш қазақ операсы «Қыз Жiбек­тiң» қо­йылуы қазақ музыка мәдение­тіндегі үлкен тарихи оқиға болды. 1936 жылғы Мәскеудегi қазақ өнерiнiң онкүнiнде Қыз Жiбекті сом­даған Күләш тыңдарман жұрт­шылықтың ыстық ықыласына ие болды. Ол бар-жоғы жиырма төрт жасында КСРО халық әртiсi атағын алды.
Шара Жиенқұлова қазақтың тұңғыш кәсiби бишi қызы болып саналады. Ол небәрi он алты жасында көпшілікке таныла бастайды. Ал қазақ әдебиетi мен өнерiнiң Мәскеудегi алғашқы онкүндiгiнде зор табыстары үшiн оған «Құрмет белгiсi» орденi табысталады. Сондай-ақ, Шара Жиенқұлова қазақтың тұңғыш драма театры шымылдығын ашқанда Еңлiк пен Қаракөздей аяулы қыздардың рөлiн сомдайды. Бұдан бөлек, ол ұлттық кино өнерiнiң төлбасы болған «Амангелдi» фильмiнде Бану рөлiн ойнады. Демек, ол биші ғана емес, сонымен қатар театр және кино әртісі болып саналады.

4651f1ce00c898546927e028cc2f79a5-3-asliСондай-ақ, «қазақтың тұңғыш балеринасы кім?» дегенде ең бірінші болып Нұрсұлу Тапалованы еске түсіреміз. Қаршадай қызды Алматыдағы опера және балет театрының көркемдік жетекшісі Қ.Жандарбеков пен балетмейстер А.Александров қамқорлықтарына алады. Сонымен қатар, Дариға Тінәлина қазақтан шыққан тұңғыш кинорежиссер болып саналады. Ол «Салтанат», «Қияндағы қыстауда», «Айрықша маңызды тапсырма» атты фильмдер түсірген.

НӘЗИПАНЫҢ ІЗІН ЛӘЗИЗА ЖАЛҒАДЫ

Білім саласында қазақтан шыққан тұңғыш қай­рат­кер әйелдер туралы айт­қанда, ең бірінші болып Нәзипа Құлжанова еске түседі. Алайда оның білім саласындағы қызметінен гөрі журналистік қыры басымдау түсіп жатады. Сол себепті оның есімі ұлт тарихындағы қазақтан шыққан тұңғыш журналист ретінде есте қалды. Нәзипа Құлжанова 1902 жылы Қостанайдағы қыздар гимназиясын бiтiрiп, Торғайдағы қыздар училищесінде, кейін Семейдегi мұғалiмдер семина­риясында ұстаздық етеді. Ол қазақ әйелдерi арасынан әлеуметтiк iске белсене ара­ласқан тұңғыш педагог-ғалым болатын. Сондай-ақ, оның қайраткерлік белсенділігін назардан тыс қалдыруға болмайды. Мысалы, Нәзипа Құлжанова 1914 жылы Семей қаласында Абайдың қайтыс болғанына он жыл толуына орай поэзия кешін ұйымдастырады. Қарындасының осындай белсенділігіне риза болған Ахмет Байтұрсынұлы оған өлең арнап, 1924 жылы шыққан «Ана мен бала» атты еңбегiне алғысөз жазды.
Нәзипа Құлжанованың ізін Ләзиза Аймашева тұңғыш теле­жүргiзушi ретінде жалғады. Бір қызығы, Ләзиза дәрiханадағы жұмысынан тележүргiзушiлiкке шақырылған екен. Содан не керек, Аймашева апамыз он бес жылдан астам тікелей эфирде диктор болды.
Шыны керек, қазақ әйелдерінің арасынан шыққан алғашқы геолог-ғалым Патшайым Тә­жібаева туралы көпшілігіміз біле бермейміз. 1920 жылы дүниеге келген тұлға ғылыммен қоса қоғамдық қызметтерге де белсене араласқан болатын. Ол геология ғылымының ішіндегі іргелі сала литологияның негізін қалаған. Патшайым Тәжібаева қазақ ғылымының қаранары Қаныш Сәтбаевтан тәлім алды.

i-4-asli

ӘЛИЯ МЕН МӘНШҮК АҢЫЗҒА АЙНАЛДЫ

Сөз басында Тұмар патшайым мен Бопай ханшайымды тектен-тек тілге тиек еткен жоқпыз. Қос батырдың ұрпақтары екінші дүниежүзілік соғыста ерен ерлігімен көзге түсті. Мысалы, Мәншүк Мә­метова Кеңес Одағы батыры атағын алған тұңғыш қазақ қызы ретінде тарихта қалды. Небәрі он сегіз жастағы қаршадай қыз «Фашистердi жою үшiн майданға аттанатын ағайым да, апайым да жоқ, сондықтан, өзiмдi жiберiңiз» деп, әскери ко­миссариатқа хат жазған.
1942 жылдың 13 тамызында Алматыдан №100 атқыштар бригадасымен Мәншүк те майданға аттанады. КСРО Жоғарғы Кеңесiнiң жарлығымен 1944 жылдың 1 наурызында Мәншүк Мәметоваға Кеңес Одағының Батыры атағы берiлдi. Дәл осындай атаққа Әлия Молдағұлованың да ие болғанын айтып өткен жөн. Сондықтан да болса керек ұлт тарихында Әлия мен Мәншүктің есімі аңыз болып қалды.
Сондай-ақ, «қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш кім?» дегенде Хиуаз Доспанованы атаймыз. 1940 жылы Мәскеу қала­сындағы медицина институ­тына оқуға түскен ол соғыс басталғанда атақты орыс ұш­қышы М.Раскова басқарған 46-гвардиялық полкке қабыл­данады. Қайсар қыз Украина, Белоруссия, Қырым, Кавказ, Польша және Албания сияқты фашистер басып алған елдер аспанында «ПО-2» бомбалағыш ұшағымен үш жүз рет жау төбесiнен ажал оғын боратқан. Осы ерлiгi үшiн Хиуаз Доспановаға Елбасының Жарлығымен Халық қаһар­маны атағы берiлiп, «Алтын Жұлдыз» және «Отан» ордендерi тапсырылды.

img_1072_aytpaeva_saule-3-asliӘлия мен Мәншүктің және де Хиуаз апаларымыздың ізін оның сіңлілері абыроймен жалғастырып келеді. Мәселен, Сәуле Айтпаева қазақтан шыққан тұңғыш әйел-генерал болса, Тоты Әмірова – ТМД елдері бойынша тұңғыш әйел ұшқыш, экипаж командирі.

 

ip0a1463-3-asli

АЛДАНЫШТАН ЖАЗИРАҒА ДЕЙІН

Қазақ қыздары спортта да өзінің мықты екенін танытып жүр. Мәселен, Алданыш Рамазан қазақ қыздарының арасынан тұңғыш Олимпиадаға қатысқан. Моң­ғолияның Байөлке аймағына қарасты Өлгей қаласында туған қан­дасымыз жүгіруден 1964 жылғы Токио олимпиадасына барады. Ол Моң­ғолияның спорт тарихында тұңғыш «Спорт шебері» атанған. Оның жарты ғасыр бұрын жаңартқан үш бірдей рекордының бірін әлі күнге еш желаяқ бұзған жоқ.
Назым Қызайбай – қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы. Ол бокстан Оңтүстік Кореяда өткен әйелдер арасындағы VІІІ әлем чемпионатында жеңімпаз атанған болатын. 48 келі салмақта бақ сынаған Назым Қызайбай Үндістан үміті Шамджетсабам Сарджубаладан басым түсіп, саф алтынға қол жеткізді. Сондай-ақ, өткен жылы Дариға Шәкімова бокс­тан қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш Олимпиада жүлдегері атанды.
Бұдан бөлек Жазира Жап­парқұл қазақ қыздары арасында Олимпиада ойындарында күміс жүлде алған тұңғыш спортшы ретінде тарихта қалды. Алайда оның Токио Олимпиадасында топ жарып, алтыннан алқа тағуына мүмкіндік бар. Өкінішке қарай, әзірге олимпиада алтынын алған қазақ қыздары болмай отыр.
Иә, қазақ қыздары арасынан тұңғыш деген атаққа ие болатын көптеген жандар шығады. Өйткені әлі де болса биік шыңдарды бағындыруға тиісті салаларымыз баршылық. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Тұмар патшайым мен Бопай ханымның сіңлілері амандық болса талай-талай биіктерді бағындырады.

Серік ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button