Басты ақпаратРуханият

Қазағын рухты әнімен тербеген

Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, Абай елінің құрметті азаматы, белгілі әнші-композитор Кентау Назарбек 60 жасқа толды

 Композиторлық талантының құпиясы

Тума талант, әнші-композитор Кентау Назарбекпен елордадағы Шәкәрім мектебіндегі «Жұлдыздар шеруі» атты мерекелік кеште таныстым. Қалпы қазақы, жүзі жылы адаммен бұрыннан таныс-біліс адамдардай сөзіміз бірден жарасым тапты. Чеховша айтар болсақ, «жүзі де, киген киімі де, жаны да, ойлары да әсем» өнерпазбен салтанатты жиын өткен үлкен залда да қатар отырдық. Бірден байқағаным, мерекелік жиында қойылған музыкаға құлақ түрді. Балалар сахнаға шыққанда қойылған шетелдік әуенге көңілі толмай, қазақша әнді неге қоймады екен деп елеңдеп отырды. Ол ойын жанында отырған мектептің сол кездегі басшысы, ұлтшыл азамат Роман Фазылұлының қаперіне жеткізді. Салтанатты рәсімде оқушыларға тілегін айтты. Өнер адамы екенін сөзінен де бірден бағамдадым. Сөз саптасы қазақы, өзін-өзі ұстау әдебі ерекше. Ізденгіш, жаны тыным таппайтын адам екені көзге көрініп тұр. Есімі елге мәлім композитор болса да кеудесін көтермейді. Мектептен шыққанда аз-кем тілдесіп, бұрыннан білетін жандардай сұхбаттасып, ұзақ тұрдық. Кентау ағамен таныстығымыз осылай басталды.

Тұла бойындағы тағы бір қасиеті – қарапайымдылығы дер едім. Қандай жағдайда болсын кішіпейілділікті сақтау – әркімнің қолынан келе бермейтін іс. Ағаның асыл мінезі, асыл қасиеті – адалдығына кейінірек аға-іні болып жақын араласа бастағанда басымды идім. Өнер өлкесі, ән әлемі туралы пікірлесе қалсақ, Кентау ағаның ақылдылығы мен адалдығына, тереңдігі мен байыптылығына көз жеткізесің. Адал ісі мен тума талантының арқасында киелі өнердің қасиетін бағалайтынына, айналасына үнемі имани, рухани насихат айтып жүретініне әрі сүйсінесің, әрі қызығасың. Былтыр өзім 50 жасқа толғанда той жасап, өнерпаз аға-апаларымның тізіміне Кентау ағамды да қостым. Тойға шақыруымды жібергенде достары соның алдында ғана бір тәуір шипажайға 10 күнге емделіп-демалуға жолдама алып бергенін айтты. «Шипажай ешқайда қашпас. Сенің тойыңа келіп, жеңгең екеуміз қуанышыңа ортақ боламыз, бауырым» деді. Адалдық өмірден қымбат деген осы шығар. Ағаның парасаты жарық күні іспетті. Ән жазатын адамның өне-бойында парасат, ақыл, даналық болмаса жазылатын әуен де сондай жеңіл, ғұмыры қысқа, арзан болып туады. Ал композитор ойлы, парасатты, өнерге адал адам болса, оның туындысы тыңдаушының жүрегінен орын алады. Кентау ағамның адами зор бақытының, композиторлық талантының құпиясы осында жатыр.

Сайын даланың иісін сездіретін үн

Қазақта «Сегіз қырлы, бір сырлы» аса биік тұлғалы азамат деген сөзді кез-келген адамға қаратып айта бермейді. Мұндай атаққа лайықты адамның бойында ақындық, әншілік, күйшілік, өнерпаздық қабілетпен қатар адамгершілік, жомарттық, мәрттік, тектілік сияқты ізгі қасиеттер болуы тиіс. Өз заманында есімі күллі елге мәлім Біржан сал, Ақан серілер ұлттық мәдениетіміз бен өнеріміздің аласармас шыңындай болып, сал-серілік дәстүрді берік ұстанды. Олар өзі нақышына келтіріп айтатын әндерін өздері шығарып, өздері орындап, өздері насихаттады. Ел ішінде сән-салтанатымен жүрген серілердің жарқын үлгісі бүгінгі заманда үзіліп қалғандай ойлайтынымыз рас. Алайда ғажайып үрдіс үзілген жоқ. Өзі әннің сөзі мен әуенін жазып, өзі жұртқа насихаттап жүрген хас өнерпаздың бірі – Кентау Назарбек. Қазірге дейін ұзын-саны 200-ге жуық әндер жазып, соның барлығын халыққа өзі таратып, насихаттап жүрген әнші-композитордың шынайы өнер иесі екенін айтқымыз келеді.

Кентау Назарбектің әндерінде ұлттық дәстүр, рух, колорит бар. Тобырлық әндерге қарсы тұрарлық ғаламат күш бар. Қазақтың сайын даласының иісін, кеңдігін көрсететін ғаламат үн бар. Сөзімізге дәлел іздесеңіз, «Ата-ана аманаты», «Абайдың өлеңі», «Құнанбай», «Домбыра», «Үш бақытым», «Отан, Отан!», «Рахмет, дала!», «Бесік жыры», «Қазақстан», «Ұлы елім, асқақта!», «Қазақ жері», «Сен, қазақсың!», «Қазағым, жаса мәңгілік!», «Мен – қазақпын!» әндерін тыңдаңыз. Қандай да бір әнді жазарда ұлттық намысы, мінезі мен отаншылдық ұстанымы менмұндалап тұрады. Ұлттық болмысын сақтап, әнқұмар әр жүректің төрінен орын алатын себебі, әндерінің шынайылығы мен өміршеңдігі дер едік. Әр әннің мәтініндегі ырғақ, үйлесім бір-бірімен жымдасып тұрады. Бұл сөзімізге де дәлел керек болса, ақын Мағжан Жұмабайдың сөзіне жазылған «Сүй, жан сәулем!», «Күнім, айым!», ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Жүр, қалқам», «Қайран, көктем», «Кел еркем, Алатауыңа!», «Ән сал, жаным!», «Бір күндік сәуле», «Жастық әні», «Әлем сұлу екен ғой», ақын Қадыр Мырза-Әлінің сөзіне жазылған «Махаббат жыры», «Бақыт үлкен болмайды» және «Бір бәйтерек, бір шынар», «Баласы жақсы болса» атты әндеріне құлақ түріңіз. Сол сәтте тұла бойыңыз шымырлап, әуелеген әннің жетегімен биікке қалықтай жөнелесіз.

Қазақтың әнін тыңдағың келсе…

Кентау Назарбектің ұстазы, белгілі композитор Теміржан Базарбаев: «Кентаудың әндері байыпты, байсалдылығымен, әуезділігімен, қазақи болмысқа сай адами қалпымен құнды» деген баға беріпті. Белгілі жазушы, аудармашы, баспагер Роллан Сейсенбаев: «Музыка ауа. Музыка үн ғой!.. Үн тебіренісін жанымен сезіп, Жер-Ана мен асқақ Аспан кеңістігінде сол үнді еркін тербете алған әуен өлмейді. Халық әндерінің өміршеңдігі де осында жатыр. Кентаудың әні халқының тыныс-тірлігінің айқын көрінісін танытады. Осынау шырғалаң жалған дүниеде Кентау маған өмірден өткен халық композиторларын еске салады. Қоңыр үн, қоңыр ән, сабырлы да салиқалы тұнық музыка. Жер-Ана мен Көк Аспан ортасында телегей теңіз бейнесінде тербелген, әсіресе тау суындай таусылмайтын ерекше асқақ үн. Қазақ үні. Қайран қазақтың асыл әндері-ай! Асыл үндері-ай! Сол үндерді көкіректен, жүректен, жанымыздан жоғалтып алмасақ қазақ болып қалармыз-ау. Жоғалтып алсақ, қазақ болмаспыз. Оны ойлаудың өзі қорқынышты, өліммен тең!» деп тебірене-толқып жүрекжарды лебізін жеткізіпті.

Қазір ұйқасы ұйқас емес ән көбейді. Таңертең «Шалқарды» қосып қалсам, сөзі мен сөйлемдері орнында тұрмаған неше түрлі әндер эфирден беріледі. Бұл – батыстың лас мәдениетін бойына сіңірген, ұлттық талғамнан алыс композитор-сымақтардың шығарған әндері. Тобырлық музыка мен тобырлық әндер қазақтың той-думанын, сән-салтанатты кештерін де жаулады. Қазір «Көк Жигули» мен «Қызыл көйлектің» деңгейіне түсіп кеткен Қазақстан эстрадасы ұлттық бояуын жоғалтып, рухымызды әлсіретуге күш-жігерін жұмсап жатқанын білсек те, бейқам қалпымызда отырмыз. Міне, санамызды улайтын сұмпайы саз рухымызды тұншықтырған шақта ұлттық арманы, болмысы, мінезі бар композиторлар шығып жатыр. Әйтпесе, даңғаза думандарда «ұялмағандар әнші болып», құр ыңырсығандар мен аузын жыбырлатқандар «өнерімен» жас ұрпақты рухани мешелдікке бастап барады. Жаһандану деген тажал да ұлттық өнерімізге қауіп төндірген кезеңде қазақты ұлт ретінде сақтап қалатын – ол ұлттық музыка, ұлттық өнер. Қазір қазақтың әнін тыңдаудан жиренетін дүбәра жастар да бар екені шырылдаған шындық.

Бұл үрдіс туралы Кентау Назарбектің өз пайымы бар: «Қазір пайданы ғана ойлаған кейбір «әншілер», «сазгерлер» арзан танымалдықтың жетегіне еріп, қырғыздың, өзбектің, ұйғырдың, қытайдың, түріктің, армянның, еврейдің, латын американың әуендерін қазақшалап орындап, ұлттық болмысымызға сай келмейтін жат әуендерді буыны қатпаған жастардың санасына сіңіріп, аяусыз улап жатыр. Өкініштісі, ондай әндерді тыңдаған жастарымыз ұлттық кодынан айрылып, дүбәра халге түсті. Мұндай үрдіс жалғаса беретін болса, өзімізге ғана тән қазақы әуенді келешек ұрпақ ұқпай, саф өнеріміздің тынысы күннен-күнге тарылып, рухани әлсіреп, тіпті ұлттық өнерді жоғалтуға әкеліп соғатыны анық. Бұл – ұлт болашағына төнген зор қауіп. Ал Қазақ Елінің ертеңіне, жас ұрпақтың келешегіне бәріміз бірдей жауапты екенімізді естен шығармайық!».

Өзге жүректі толғандыратын ән жаз!

Қазақтың әйгілі композиторы, өнер зерттеушісі, жазушы Ілия Жақанов Кентау Назарбектiң «Жастық әні» атты әнін тыңдап, мынадай шынайы ағалық ақ тiлегiн жазып жіберіпті: «Қадірлі Кентау! Сенің «Жастық әні» деген жақсы бір әніңді тыңдап отырып, сол сәттегі ойымды жеткізгім келді. Осы әнді тыңдағанда ең алдымен Мұқағалидың ойы мен сезімін өз жүрегіңнің толғанысы етіп, мелодиясын жеріне жеткізе жазыпсың. Кешегі Жүсіпбек Елебеков, Мәдениет Ешекеевтердің салған әндеріндей, Семей жағының Абай әндеріндей толғанысты ән тыңдағандай керемет әсер алдым. Домбырамен орындауыңның өзі сондай сәтті, адамға әсерлі, тебіреністі болып, бәрі үйлесіп, бір қорғасындай құйылып түскен жақсы бір ән болып туған екен. Қандай ән жазсаң да көп жазып, әлекке түсудің керегі жоқ. Өз жүрегің ғана емес, өзге жүректі де толғандыратын, өзге жүректер де соны ән қылып айтатын шығарма жазсаң, тамаша. Мен сендерді оқытқан жоқпын, бірақ сен алдын көрген ұстазың Теміржан Базарбаевпен жан-жүрегіміз үйлескен, ой-пікіріміз ұқсас жандармыз. Мен әндеріңді бекерге мақтамаймын, оның маған да, саған да қажеті жоқ. Біз баяғыда Жүсіпбек Елебековті ұйып тыңдағанда тірі Абай ғой деп, қиялға батушы едік. Абай елінің ән салу мәнері, домбыра шертісі бөлек. Тыңдап отырғанда өзіңді көрмесе де жүрегі зерделі адам әнді түсінеді. Өз еліңнің ән дәстүрін бойға сіңіріп, осындай тамаша әндер жазып жүргеніңе қуанып отырмын. Қандай ән жазсаң да, өзіңнен де ұзақ өмір сүретін болсын, тілегім сол. Мына «Жастық әнін» сезімі сырлы, тебіренісі терең, қуатты әншілерге орындауға беру керек. Жүсекең орындайтын «Қанатталды» әні сияқты бағы ашылады».

Өнер атты өлкеде кемеліне келіп, кержорға мінген талантты композитор Кентау Назарбектің әндері өңірлік, елдік деңгейден асып, күллі түркі әлеміне ортақ туындылардың қатарына қосылуда. Бізбен көршілес қырғыз, өзбек, түрік, моңғол бауырлардың қазақ композиторының әндерін өз тілдеріне аударып, шын ықыласпен орындап жүргені соның айғағы. Қазір Ресейдегі, Қытайдағы, Даниядағы қазақтар да Кентау Назарбектің әндерін сүйіспеншілікпен тыңдайды, жиын-тойларда қосылып шырқайды. Осы ойымызды «Кентау Назарбектің әндері жалпы адамзаттың жанын баурап алатын, ерекше сүйіп орындайтын туындылар екеніне көз жеткізіп, тыңдаушысының құлақ құрышын қандырып жүргеніне мен куәгермін. Бұл күнде композитор Кентаудың тұла бойына біткен рухани болмысын, шығармашылық қабілетін, қазақ ән өнерінің мақтанышы деп атауға әбден болады. Оның шығарған әрбір әні бір-екі күндік әуезді әуен  емес, сонау ғасырлардан ғасырларға ұласатын кәдімгі ұлттық діңгегі бекем жаралған, тыңдарман жүрегінен ерекше орын алатын және сол ізгі жүректен шығып жүрекке жеткен әндер» деген халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділмановтың пікірі растай түседі.

Өнер – әркім кіріп-шығатын, әр адам жаман «сөзімен», «әнімен» былғай салатын төр емес. Соның ішінде, ән өнері – қазақпен біте қайнасқан, күнделікті қан тамырларымен бірге соғатын рухани қазынасы, сарқылмас бұлағы. «Үлкен өнердің үлкен, таза мінезі болуы керек» деп ұлы Ғабаң айтқандай, шынайы өнерпаздың таза мінезі, кіршіксіз болмысы көп рөл ойнайды. Бұл орайда Кентау Назарбектің елдің алдында да, Құдайдың алдында да ары таза, беделі биік. Белгілі театр және кино актері Бекжан Тұрыстың сөзімен айтсақ: «Адал да арлы адамнан ғана тамаша өнер иесі шығады. Бізде бүгін шын жақсысын емес, көңілі жарасқан өз тапшысын асыра мақтау әдетке айналып кетті. Қара бастың қайғысын құлдық тірліктің рахатына айырбастамайтын, әділдікке бастаған ісі оң, биіктесе – аспандап асқақтамай, төмендесе – жабырқап-жасымайтын, бойында жасандылығы жоқ, бірқалыпты мінезінен өзгермеген, сырбаз жан кім десе Кентауды айтар едім. Ән адам жанымен егіз. «Халықтың әні кетсе, әдебиеті жесір қалады, сәні кетеді, сәні кетсе, жаны кетеді» дейді Сұлтанмахмұт Торайғыров. Құлақтан кіріп бойдан тұрақ табатын әуезді әндерің көп болсын Кенеке! Елін әнімен тербеп жүрген Кентау Назарбекке айтарым өмірің өнеріңмен өрістеп, биіктей берсін. Еліңнің игілігіне қызмет ете бер!».

Композитор философ болуы керек!

Кентау ағаны танып-білгеніме аз уақыт өтсе де, жоғарыда сөз болғандай бірнеше қырын байқадым. Соның бірі – ақындығы, екіншісі – пәлсапашылығы. Нақыл сөздерді, уытты афоризмдерді жазып жүрген композиторды көріп пе едіңіздер?!. «Қандай болар еді, қарашы, Тату болса бар қазақтың баласы», «Байтақ жердің иесі Қазақ қана, Осыны санаңа түй, Қазақ бала!» деп жазады К. Назарбек. Айтпақшы, үнемі жан-жақты ізденіс үстінде жүретін өнерпаз ағам жуырда мынадай әр композитордың бойында болуы тиіс сипаттарын жазыпты.

«Менің пайымдауымша композитордың бойында төмендегідей «ЖЕТІ СИПАТЫ» болуы тиіс деп санаймын, атап айтсам: Бірінші сипаты: «АЛЛА БЕРГЕН ҚАСИЕТІ» болуы тиіс; ол тылсымнан берілетін дарын, өнерге құштарлық, бойында талант барын сезіне білумен қатар оны үнемі баптау.

Екінші сипаты: «АТА-БАБАДАН ҚОНҒАН КИЕСІ» болуы тиіс; өйткені қан тартады, ізгі нәрсенің бәрі де тек арқылы келеді, тек қанмен беріледі. Үшінші сипаты: «АҚЫНЖАНДЫЛЫҒЫ». Қолына алған өлеңді ақынмен бірге тең деңгейде талдап, өзінің ұсынысын айтып, керек болса жөндеп өзгеріс енгізетіндей дәрежеде болуы тиіс; поэзия – қуатты көркем сөз болса, оның тағы да түлеп, қанат қағып биікке самғай жөнелуіне музыка жол ашады. Композиторлық үштікке сүйенетін синкретті өнер – сөз, саз және орындаушы. Төртінші сипаты: «ӘНШІЛІГІ». Ән айту композиторға артық етпейді,  ол сазға жүрек лүпілін қосады. Әншіге әнді жан жақты зерттеп, дауысты, дауыссыз, қатаң, ұяң дыбыстарды нақтылап келістіріп орындап ұғындырып бере алуы тиіс. Мұны вокалдық өнерде дауыс қою, ән болмысын реттеу дейді. Бесінші сипаты: «ҰЛТШЫЛДЫҒЫ». Жазатын әр шығармасын саралап, ұлты үшін пайдасы мен зиянын зерттеп талдай білуі тиіс. Егер әннің өзіне тікелей пайда әкелетінін сезсе де, ұлтына зиянды шығарманы мүлде жазбайтын деңгейде патриот болуы тиіс. Өйткені адам санасына әсер етуде өнердің рөлі өте зор, ол не оң, не теріс әсер ете алады. Алтыншы сипаты: «ФИЛОСОФ БОЛУЫ КЕРЕК». Өйткені, әннің тақырыбын таңдаудың өзі – философия. Ән атауын қоюдың өзі – философия. Әннің болмысы мен болашағын анықтаудың өзі – тұтас бір пәлсапа. Философиялық пайымы жоғары композитордың шығармаларының өміршең болатыны заңдылық. Философия – даналыққа құштарлық, былайша айтса, дүниетанымның дұрыстығы, құбылыс атаулыны айқын көре білу. Жетінші сипаты: «ШЫНАЙЫЛЫҒЫ». Шынайы шығарма ғана жан-дүниеңді қозғап, сезім қылымен жүрегіңді тербеп туатыны белгілі. Композитор біреуге ұнаймын деп мақсатты түрде ән жазбауы тиіс. Өрелі ән терең тебіреністен, жан шуағынан, буырқанудан туады. Негізі әннің ақылмен жазылғаны жөн. Ұлтыма қызмет етемін деген композитордың өн бойына осы Жеті сипатты қасиеттер қонған болса – сонда ғана ол композитор деген мәртебелі атқа лайықты тұлға болмақ» дейді Кентау Назарбек.

Жаратқанның жазуымен ғұмырыңыздың талтүсіне жетіпсіз, аға! Күллі елдің, барлық тыңдармандарыңыздың атынан құтты болсын дейміз! Жүз жасаңыз! Рухымызды асқақтататын, қазақтығымызды әйгілейтін ғажайып та өміршең әндеріңізбен Қазақ Елінің тәуелсіздігін бекемдей беріңіз! Ал өнеріңіз қазақ деген халық барда ешқашан өлмейді, мәңгі жасайды!

Төлен ТІЛЕУБАЙ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button