Руханият

«Қазақтың бағы – Қазақстанда»

Қазақстан тәуелсіздік алғанда жер бетінде бөркін аспанға атып қуанбаған қазақ жоқ шығар. Соның бірі – менің әкем-жазушы Жақсылық Сәмитұлы.

Мен ол кезде он жастағы бала едім. Үрімжіге көшіп келгенімізге 3-4 жыл болған. Аты-жөні кім екені қазір анық есімде жоқ, әкемнің үнемі әңгімелесіп, сырласып жүретін екі досы болды. 3 бөлмелі үйіміздің бір бөлмесіне үшеуі кіріп алып, бізді шығарып жіберіп ұзақ әңгімелер айтатын. Соңғы кездерінде радиоға құлақтарын төсеп, демдерін іштеріне тартып тыңдап отырғанын да талай көрдім. Үйдің еркесі болған соң, мен қайта-қайта кіріп барып мазаларын алушы едім. Бір күні екі досын шығарып салып тұрып, «Бүгін де жоқ болды ә» деп ауыр күрсінді әкем. Аналар да қабақтары салбырап, сүлкіні түсіп кетіп қалды. Ертесі түстен кейін әлгі екі досы тағы келді де, радионы ортаға алып, қоралай отырысты. Залда ойнап жүр едім, бір уақытта әкемдер отырған бөлмеден қатты айқайлаған дауыс шықты. Жүгіріп жетіп бардым. Барсам, бөлмеде үшеуі секіріп жүр. Әкемнің шаттанып, ананы бір, мынаны бір құшақтап, соңында түк те түсінбей көзі бақырайып тұрған мені тік көтеріп шыр айналғаны әлі күнге дейін есімде. Әкем жылап жүрген сияқты, қуанып жүріп жылағаны несі деп ойладым ол кезде. Бірақ ол жастың қуаныштың, мәңгілік арманның орындалып, ақ түйенің қарны жарылған ғажайып сәттің жасы екенін мен кейін түсіндім.

Сөйтсем, үшеуі күнде ауша бөлмеге кіріп алып, «Азаттық радиосын» тыңдайды екен ғой. Кеңес Одағы құлауға айналып, одақтас республикалар бірінен кейін бірі тәуелсіздік жариялап, егеменді ел құрып жатқанда «Қазақстан қашан тәуелсіздік жариялайды?» деп пәлен күн бойы тықыршып жүріпті. Дәл сол күні Хасен Оралтай Азаттық радиосынан Қазақстанның тәуелсіздік жариялағанын күллі әлемге сүйіншілеп жеткізіпті. Сол кездегі әкемнің есі шығып қуанған бейнесі күні бүгінге дейін көз алдымда.

Сол күннен бастап әкемнен маза кетті. Қазақстанға көшуге бел буды. «Желпілдемей, әліптің артын бақсаң қайтеді?! Бұл елден не жамандық көрдің, том-том кітаптарың шықты, қазір де бір мекеменің бастығысың» деп әлдекімдер айтып еді, «Жоқ, бұл елде жүре берсем, балаларым ертең қытай боп кетеді. У ішсең руыңмен, не көрсем де атажұртыма барам, сол елде жүріп жер сыпырсам да жан бағам, қазақтың бағы – Қазақстанда» деп әкем шорт қайырды. Бірақ біздің құжат жұмыстары бітпей біраз уақыт айналдық. Құжатымыз кешіккен сайын «Қазақстанға қашан кетеміз?» деп біз де үлкендердің мазасын алдық. Сөйтіп, мың бір жапан құжаттарымызды бітіріп, виза ашқызып, Қазақстанға қарай бет алдық. Үрімжіден көшкен 4 отбасының бала-шағасы бір автобусқа отырып, шекараға жеттік. Қазақстан шекарасынан өткенде автобустың жүргізушісі «Ал, ағалар, Қазақстан еліне хош келдіңіздер, сіздер міне, өздеріңіз аңсап келе жатқан Қазақстан топырағына жеттіңіздер» дегенде Әкем Жақсылық Сәмитұлы, Армиябек Сағындықұлы, Тұрсынхан Зәкенұлы, Ғалым Қалибекұлы төртеуі – төрт отбасының отағасылары бірін-бірі құшақтап секіріп қуанғаны да әлі күнге дейін көз алдымда. Ол 1993 жылы 9 сәуірі еді. Мүмкін бұл қуанышты қазір көп адам сезіне бермейтін шығар, ал ол кезде құжат бітіру қиын, екі ел арасындағы көші-қон мәселесіне байланысты көп мәселе әлі толық шешілмеген кезеңде қой бастаған серкедей Қытай қазақтарының көшін бастаған біздің әкелеріміз үшін ол – мәңгі ұмытылмас сәт. Күні бүгінге дейін әкемді еске алсам, сол екі сәт – Қазақстан тәуелсіздік жариялаған күн мен шекарадан өткен шақтағы қуанған бейнесі көз алдыма келеді.

Аңсаған Алматыға сам жамыраған шақта жеттік. Сайранда Қабдеш Жұмаділов бастаған Қазақстан жазушылар одағының мүшелері, ақын-жазушылар күтіп алды. Қытайдан келген көштің басы деп ыстық ықылас танытты. Әрине, ол Қазақстанның бір қиын кезеңі еді ғой, біз де қиналдық, әсіресе, құжаттану жұмысы қанжілік қып әзер бітті. Бірақ соның бәріне әкем қабақ шытып, ренжіген емес. «Балам, мен сендерді атажұртқа жеткіздім. Басты арманым орындалды. Мен бұл елден алайын деп келгем жоқ, берейін, баламды үйіріне қосайын деп келдім. Дүние кімге жолдас болар дейсің, сендер жақсы оқып, осы елге балдай батып, судай сіңсеңдер болды. Менің құдайдан тілегенім де сол» деп бізге ақыл айтатын. Құдайға тәуба, әкем Жақсылық пен шешем Мәкиләнің армандары орындалды, қазір 6 баласынан 17 немере, жиендері бар.

Әкемнің тағы бір арманы Оспан батыр жайлы роман жазу еді. Ол да орындалды. «Қаһарлы Алтай» романы бастапқыда «Сергелдең» (1995 ж) деген атпен 4 том болып жарық көрді. «Сарыала қаз» деген әңгімелер жинағы, «Атамекен», «Алтын қазық» повестер жинақтары баспадан шықты. «Сергелдеңнің» соңғы томы түрік тіліне аударылды. Қазақстанға келгенде әкем сүбелі сыйлық, үлкен атақ алған жоқ. Бірақ Президенттің мемлекеттік стипендиясын иеленді.

Әкеміздің сол кезде батыл шешім қабылдап, бізді атажұртқа жеткізгеніне біз қазір де үлкен алғыс айтамыз, оқыдық, білім алдық. Ел қатарлы бақытты тұрмыс кешіп жатырмыз. Өз еліңде, тәуелсіз мемлекетіңнің құшағында еркелеп жүргеннің өзі – үлкен бақыт. Тірі болса, келер жылы 85 жасқа келетін марқұм әкеміз бізді сол бақытқа жеткізіп кетті.

Қазақ үшін тәуелсіздіктен қымбат байлық жоқ. Біз осыны шынайы сезінген ұрпақпыз.

Заңғар ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button