Әлеумет

ҚАЗАҚТЫҢ БIР КӘДЕСIНЕ ЖАРАЙМЫН

Жалпы, әзербайжан деген халық жоқ, олардың өздерiнше аталуы – әзерилер, әзери түркiлерi деп аталады. Атақонысты «Одлар юрду» – от елi деп те атайды. Бiздер сол елдiң өкiлiмiз. Тiлiмiз – түркi тобының алтай туыстас тiлдерi iшiнде кiшi оғыз тобына жатады. Түбi бiр түркi халқына ортақ – «Көрұғлы», «Шахнаме» жауһарлары қазақ баласына жақсы таныс. Классикалық поэзияның өкiлдерi Низами, Физули, Насимидың сыршыл бәйiттерi жырсүйер қауымға белгiлi. Ал, Қорқыт мұрасын қалай бөлiсуге болады?! Бiр қызығы, қазақтың домбырасынан күй төгiлсе, жүрегiмнiң  күмбiрiн естiгендей боламын, ал екi ақыны айтысқанда делебем қозып, осы аламанға қосылып кететiндей сезiнемiн. Бұл әрбiр түркi баласының жан-дүниесiндегi ортақ бастаулардың бұлқынысы ма деп түсiнем.
Кеңес кезеңiнде интернацио­нал­ды халық жасалып, ұлты мен на­ным-сенiмiне қарамай мидай ара­ласып кеткен отбасыларын жоққа шығаруға болмас. Олардың да өз орны бар, оны дұрыс не бұрыс деп бағалауға бiздiң хақымыз жоқ. Қаза берсеңiз, менiң де арғы әжем украин қызы екен. Қаншама таны­сымыз өзге ұлттың өкiлiмен құдан­далы болды. Қазаққа келiн болған орыстарды бiлемiз. Елдерiмiз тәуел­сiздiгiн алып, еншiсiн алып кет­се де, халықтың қарым-қаты­насы өзгерген жоқ. Басқа мем­ле­кеттермен салыстырғанда  ТМД елдерiндегi ұлттардың бiр-бiрiн iш тартып тұратыны белгiлi. Мента­ли­тетiмiз де ұқсас, бiздi байланыс­ты­ратын ортақ тарихымыз бар. Алай­да, өзге мемлекеттермен салыстыр­ғанда қазақ елiнде өзге этнос өкiл­дерiнiң бейбiт, қатар өмiр сүруiне көп мүмкiндiк жасалған. Барлық қазақстандықтардың бiр ғана «бас ауруы» бар. Ол – «не iшем, не кием» деген емес. Керек десеңiз, жеке басының қауiпсiздiгi немесе «қайда барып, қайда  қоямын» де­ген уайым да емес. Бар болғаны «таңертең жылы ұясынан шығып, жұмысқа баруы, кешкiсiн жұмыс кү­нiн табысты аяқтап, отбасына оралуы». Бұл тамаша емес пе?! Мұның бәрi ұлтаралық келiсiм мен этносаралық ауызбiршiлiктiң ар­қа­сында болып жатыр.
Бейбiт өмiрдiң бағасын өзге­лер­ден гөрi мен артық сезiнетiн шы­ғар­мын деп ойлаймын. Бiр кездерi бiрге жа­сап, құдайдың ырзығын бiрге терiп жүрген армяндар мен әзербайжандар арасындағы қақ­тығыс әлi есiмiзден шыға қойған жоқ. Менiң әке-шешем Қарабахта тұрады. Жасыратын ештеңе жоқ, сол қым-қуыт заманда үш жыл суық жер жастанып, қолыма қару алған кезiм болды. «Балық басы­нан шiридi» дейдi. Екi халықтың арасына от салған солақай саясат­шылар, алыстан шалмайтын бас­шылар десем жаңылмаймын. Мұн­дай соғысты досым түгiл жауыма тiле­меймiн. Бiр кездерi бiрге өскен көр­шiге қару кезенген қандай жа­ман. Дәл осындай сынақ менiң де алдым­нан шықты. Шептiң арғы жағында таныс армян көршiм, мына жағында мен. Бiр-бiрiмiздi жақыннан көрiп, танып та тұрмыз. Бiр мезетте ол оқты аспанға атты. Мен де армянды емес, ас­панды көз­дедiм. Қарапайым халық­қа со­ғыстың, қантөгiстiң керегi жо­ғын сонда түсiндiм.
Мен Қазақстанға оң-солымды та­нып, азамат болған шағымда келдiм. Саналы ғұмырым осында өттi. Қайда барсам да осы жерде тұрып жатқа­нымды мақтан тұта­мын. Небiр сы­нақтар басымыздан өттi, барды да көрдiк, жоққа да шы­дадық. Ең бас­тысы, ауызбiр­лiгi­мiзге қаяу түскен жоқ. Халықтың сабырлылығының, Елбасының көрегендiгiнiң жемiсiн  көрiп жа­тыр­мыз. Бакулық Мирза Шалеран деген бiр ақын «Нұрсұл­танның нұр­лы жолы» деген өлеңдер жина­ғын жазыпты. Полковник ше­нiнде әскери қызметкерге қалам ұста­тып, шабытын тербеген не деп ой­лай­сыз? Әрине, бiздiң Елбасы­мыз­дың саясатының дұрыс екенiн жүре­гiмен түсiнгенi. Бiздiң бар­шамыздың мiнде­тiмiз – бiрлiгi­мiз­дiң баянды болуын тiлеп, осы дос­тықты әрi қарай нығай­та түсу. Хал­қымыздың жұмылған жұ­дырықтай бiрiгуiне,  ынтымағымыз арта тү­суiне күш салуымыз керек.
Ал, өз басыма келсем, түбi бiр түр­кiнiң намысы үшiн, халықтың бар жақсылығы үшiн, қажет десеңiз сын сағатта қазақтың бiр кәдесiне жарай­мын деп ойлаймын.

Видади АГАЕВ,
Астана қалалық «Хазар» әзербайжан қоғамдық бiрлестiгiнiң жетекшiсi

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button