Қазақтың бұлбұлы – Бибігүл
Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы, опера әншісі, колоратурлы сопрано дауыс иесі, актриса, педагог, аңыз адам Бибігүл Төлегенованың 95 жасы қарсаңында өнердегі шәкірттері, өнердегі үзеңгілес әріптестері елордадағы «Астана Опера» театрында жеке концертін өткізді. Астананың аспанында таңғажайып, биік музыка әуелеген тамаша кеш болды. Жетпіс жыл бойы үлкен сахнада өнерін паш еткен аңыз тұлға, қазақтың бұлбұлы Бибігүл Ахметқызы өзі де концертті көрермендер залында халықпен бірге тамашалады.
1929 жылы 16-желтоқсанда Семей қаласында дүниеге келген Бибігүл Ахметқызы 1959 жылы ҚазССР Халық әртісі, 1967 жылы КСРО Халық әртісі атағына ие болды. Бибігүл Ахметқызы – І дәрежелі «Барыс» орденінің және”Отан” орденінің иегері, академик, Әл-Фараби алтын медалінің иегері.
Аңыз әнші Бибігүл Ахметқызы концерт алдында журналистердің сауалдарына жауап берді.
– Әкем скрипкада ойнаса, шешем ән айтатын. Әкемді 1937 жылы Қатон-Қарағайда тұтқындап алып кеткеннен кейін хабарсыз жоғалып кетті. 1946 жылы кешкі мектептің жетінші сыныбында оқып жүрген кезімде Семейдегі ет комбинатында жұмыс істей бастадым. Комбинаттағы көркемөнерпаздар үйірмесінде ән айттым.Семейде айдауда жүрген жазушы Г.И. Серябрякованың көзіне түстім. Галина Серябрякованың тәлімінің арқасында Құрманғазы атындағы Қазақ консерваториясына оқуға түстім. 1951 жылы консерваторияда оқып жүріп қазақ радиосында халық әндерін шырқап, әнші болып жұмыс істедім.1954 жылы Қазақ консерваториясын ұстазым Н.Самышинаның ән класы бойынша бітірдім. Одан кейінгі өмірім, шығармашылығым халқымның көз алдында. Жалпы, менің репертуарымда халық әндерінің орны ерекше. Кез келген өнер иесі, әнші халықтың тұнығын, кәусар бұлағымызды қанып ішпей, өз өнерімізді паш етпей, басқа дүниелерге баруын құптамас едім. Денсаулығыңды күтіп, даусыңды баптап, қанша қиындық көрсең де мойымай, ел алдында абыройыңмен ән шырқау – Жаратқанның маған берген үлкен сыйы деп білемін. 90 жасымда да сахнада ән салдым, қазір, шүкір, шәкірттерім-балаларым әндерімді халық алдында орындап, жолымды жалғастырып жүр. Сіздерге де менің мерейлі жасымды берсін деп тілеймін. Бұйырса, әлі де жақсы күндерде, әдемі кештерде жолығамыз деген ойлаймын, – дейді Бибігүл Ахметқызы. Әншімен сұхбатты газетіміздің алдағы нөмірлерінен оқи аласыздар.
Әншінің талантты шәкірттерінің бірі – «Астана опера» театры опера труппасының директоры Мейір Байнеш ұстазы жайында тебірене айтты.
– Қазақ әншілерінің қаншама буынын тәрбиелеп, өсірген, өзінің аты аңызға айналған Бибігүл Ахметқызы менің әкемді, сосын маған тәлім берген айрықша адам. Ұстаз ретінде өте қарапайым, мейірімді болды, бірақ талапты дұрыс қоятын. Ойлаймын, қазақтың әні «Бұлбұлды» дәл Бибігүл Төлегеновадай әуезді шырқаған өнер иесі жоқ деп есептеймін. Оған әлі де зор денсаулық тілеймін,-дейді әншінің немере шәкірті саналатын Мейір Байнеш.
Концертте Бибігүл Төлегенованың бала шәкірттері, немере шәкірттері өзі секілді қазақтың халық әндері мен классикалық әндерді орындады. Концерт жоғары деңгейде аншлагпен өтті.
Кеш Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсындағы «Тойбастармен» басталды. Бибігүл Төлегенова атындағы байқаудың лауреаттары Расул Жармағамбетов пен Татьяна Вицинская, «Астана Опера» хоры, оркестрі мен балет труппасы дирижер, «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзиннің жетекшілігімен кеш бойы бекзат өнердің хас шеберлігін көрсетті. Ақын апамыз Фариза Оңғарсынованың «Бибігүл – ән» өлеңін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Өнербаев мәнерлеп оқыса, танымал әнші Толқын Забирова “Бұлбұлды” нәшіне келтіре шырқады. Дәулескер күйші Айгүл Үлкенбаева күй тартса, Самал Байсейітова “Гауhартасты” тамылжыта орындады. Н Тілендиевтің “Асатаяқ” музыкасына
Astana Ballet театрының әртістері биледі, әлемдік классика “Севиль шаштаразы” комедиясынан тамаша көріністер қойылып, ариялар орындалды.
Альфия Каримова, Дінмұхамед Көшкінбаев, Азиза Омарова, «Астана Операның» ерлер хоры, К. Сен-Санстың «Аққуын» Әйгерім Бекетаева мен Назым Сағынтай керемет орындап шықты. Астана Опера сахнасындағы қазақ әндерінен поппуриді «Forte Trio»-ның орындауында тыңдасақ, Шахимардан Әбілев пен балалар хорының Абайдың «Желсіз түнде жарық-ай» әнін шырқағанда зал дүбірлете қол соғып, қолпаштап отырды. Өнер майталмандары Медет Чотабаев, Салтанат Ахметованың салған әуендері, сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейір Байнеш, Талғат Аллабиринов пен Нұрғалым Аманбай қатысқан трионың орындауындағы әндер, опералық шығармадан үзінділер тыңдарманды айрықша тамсантты. А. Зацепиннің “Көктем туралы әнін” концертке қатысқан барлық әншілер аты аңызға айналған әнші Бибігүл Төлегеновамен бірге орындап, биік өнерге қол соққызды. Халықтың қошаметі. Өнердің құдіреті. Аңыз әншіге құрмет көрсетілді. Қазақстан Республикасының Президенті атынан Ықылас гүлі әкелінді. Бір қалада, бір сахнада сайраған бұлбұлдар даусы адам айтса нанғысыз ғажайып әсерге бөледі, кештің әуені талай уақытқа дейін құлағымыздан кетпеді…
Гүлшат САПАРҚЫЗЫ