Басты ақпарат

Қазақтың капиталисі

Атанған Баймұхамбет (Байкөп) Қосшұғылов Ақмоланы дамытуға үлкен үлес қосқан

[smartslider3 slider=3552]

Құрманғали Баймұхамбетұлы Қосшұғылов 1878 жылы туған, жастайынан әке тәрбиесімен жан-жақты болып өскен. Ақмоладағы жергілікті медресені, семинарияны бітіріп, Санкт-Петербург технологиялық институтында оқып, жоғары білімді инженер-технолог, экономист атанған алғашқы қазақтың бірі. Қосшұғыловтардың сол кездегі кәсібінің озық дамуына, өрлеуіне негіз салған, сыртқы экономикалық байланысын жетілдіруге, өнеркәсіп саласын орнықтыруға, қаржы-банк жүйесін жүргізуге бастама жасап, іске асырудың бәрі алдымен Құрманғали есімімен тығыз байланысты. Сол кезде өз заманындағы Ресейдің, Еуропаның экономикасын көріп-біліп, оқып-тоқып келген Құрманғали Баймұхамбетұлы ХХ ғасырдың алғашқы жылдарынан-ақ әкесінің ісін жаңаша прогресшіл жолмен жалғастырғанын айтуға тиіспіз. Ресей патшалығы үкіметінің шешімімен берілетін бар-жоғы екі дәрежелі гильдия атағының 1-іншісіне ие болуы да көзіқарақты Құрманғалидің білімі мен еңбегі деуіміз керек. Ол сонымен қатар Ақмола оязының (уезінің) мүшесі, Ресей патшалығының әскери-лауазымдық шенін иемденген. Әкесі Байкөптің атымен жалғасқан кәсіпті кеңейте отырып, Құрманғали Ресейден де әрі шығып, Батыс Еуропа елдеріне; оның ішінде Германия, Англия, Австрия сияқты мемлекеттермен сауда-экономикалық байланыс жасауға көшеді.

Құрманғали атымен айтылатын әңгімелерді естіп, көріп-білген көнекөздер де арамыздан азайып барады. Бірақ біз бұл арада соның ішінде ол туралы мына бір қысқаша мағлұматты бере кетсек те болады. Құрманғали Санкт-Петербургте оқып жүргенде, сол замандарда-ақ ел-елге енді ғана шығып, тарала бастаған кәдімгі автомобильді алғашқы игерген қазақ деп те айтатын әңгімеге негіз бар. Ол сонда өзінің институттағы негізгі оқуымен бірге автомобиль жүргізудің оқуын қоса игере отырып, оны айдаудың жарыстарына қатысқан алғашқы спортшы да болған екен. Бірде алғашқы бір үлкен жарыста бірінші орын алып, сыйлыққа автомобильге ие болған деседі. Жарысқа қатысу үшін өзі көп ақша тіккен дейді. Ол сол автомашинаны ХХ ғасырдың (шамамен 1905-07 жылдар) алғашқы жылында Ақмолада, тіпті қазақ даласында деуге болады, алғашқы әкеліп мінген қазақ екенін көзкөрген талай куәлар айтып кеткен болатын. Тіпті ол ол ма, Құрманғали енді өзімен әріптес, қалтасы қалың байлардың тапсырысы бойынша автомобиль саудасын жүргізіп, оны алғаш рет сатумен айналысқан. Ол алғашқы автомобильді Ақмоладағы фотограф К.Шаховқа, қала мэрі, көпес А.Кубринге сатқан. Ақмола туралы деректі кітаптарда К.Шахов пен А.Кубринді алғаш автомобиль мінушілер деп көрсетсе, ал мұны оларға әкеліп сатқан Қ.Қосшұғылов екенін кім де болса білмеуі заңды.

Ол туралы ендігі бір маңызды дерек – автомобиль атаулының болашағын байқаған Құрманғали өз мүмкіндігін пайдаланып, үлкен бір жоспарды жүзеге асырмақшы болғаны. Бұл жоспар Ақмолада автомобиль зауытын салып, осындай темір көлік шығару болатын. Бұл жөнінде әлі нақты дерек жинақтауды қажет етеді. Бірақ та біздің сүйеніп айтарымыз, оның туған кіші інісі, Баймұхамбеттің кенже ұлы Бекмұхамбеттің айтуына қарағанда, Құрманғали Германия үкіметімен, оның бір автомобиль жасау зауытымен (кейбір деректерде «Опель» компаниясы дейді) 1912-1913 жылдары Ақмолаға осындай зауыт салу жөнінде келісімшарт жасасқан. Өйткені бұған дейін мұндай нақты мысалдар Ақмола төңірегінде болған. Мәселен, Атбасарда, Ақмолада Құрманғалидің ұйымдастыруымен германиялық атақты «Зингер», «Саламандра», «Якорь» компанияларының өкілдіктері мен филиалдары жұмыс істеген. Қосшұғыловтар осы компаниялардың жұмысын қазақ даласында алғаш ұйымдастырушылар ретінде танылған. Қазақ даласына «Зингер» іс-тігін машиналарының, «Саламандраның» небір киімдерінің, «Якорьдің» де киімдері мен тұрмысқа қажетті сөмке-шабаданнан бастап небір тері-терсек бұйымдары тауарларының таралуына мұрындық болған.

Құрманғали Қосшұғылов Германиядан өзімен бірге зауыт пен автомобиль жасаудың бүге-шігесіне дейін қатталған жобасы мен барлық құжаттары бар үлкен каталогын және 4 неміс инженерін әкеліп, 1913 жылдың жазында құрылыс жұмысына кіріседі. Алайда бұл үлкен істің аяқсыз қалуына 1914 жылғы Германия мен Ресей арасында басталған, арты Бірінші дүниежүзілік соғысқа ұласқан халықаралық жағдайдың өршуі себеп болады. Содан кейінгі қоғамдық өмір де белгілі: 1918 жыл аралығына дейін созылған Бірінші дүниежүзілік соғыс, сол екі ортадағы 1917 жылғы қазан төңкерісі, азамат соғысы, кеңес өкіметінің орнауы. Осы кезеңдерде қазан төңкерісінен кейін алғашқы жылдарда қазақ даласында Алашорда өкіметі орнаған кезде Қосшұғыловтардың ұлт мүддесі үшін құрылған оларды негізгі қаржыландырушы болғаны жөнінде де әңгімелер бар. Бұл орайда, Бекмұхамбет атамыздың айтуы бойынша, олар осы кезеңде қазақтың игі жақсылары Ә.Бөкейханұлы бастаған ұлтжанды тұлғаларымызбен байланыс жасаған. Соның ішінде Мағжан Жұмабаевпен кездескен, Ақмолада 1917 жылдың жазында облыстық қазақ съезін өткізуге көмек көрсетеді. Ақмола облысы атынан Мағжанмен бірге Құрманғали қайраткер әрі демеуші ретінде Мәскеуге Бүкілресейлік мұсылман съезіне делегат болып қатысқан.

Олардың өкілдері Ақмолаға келіп, Құрманғали үйіне түсіп, сонда келелі мәслихат құратынын, заманауи мәселелерді сөз еткеннің куәсі болғанын да аталарымыз айтып отыратын. «Соның бір шешімінде Қосшұғыловтар тарапынан тиісті қаржы, материалдық, басқа да көмек беріліп, бөлінгенін өзім хаттап, шоттаған едім. Сәкен Сейфуллин Ақмолада тұрғанда нағашы деп біздің үйімізде жиі болатын. Сол кезде оқуды жаңа бітіріп, мұғалім болып жүрген жас жігіт қоғамдағы өзгеріске белсене араласып еді. Өзім де мүше болған Ақмоладағы қазақ жастарының құрған «Тіршілік» ұйымына, сол атпен шыққан «Тіршілік» газетіне Құрманғали барынша қаржылай, материалдық қолдау көрсетіп еді» дейтін Бекмұхамбет атамыз.

Кеңес өкіметінің орнауына байланысты бай, өнеркәсіп иелері атаулының бәрі қуғындалып, ақыр аяғы оларды қырып-жойғанын да жақсы білеміз. Қосшұғыловтар әулеті де қуғындалып, олардың барлық мүлкі тәркіленіп, кеңес өкіметіне көшеді. Қосшұғыловтардың сонда барлық дүние-мүлкін, өнеркәсіп, сауда-саттық, басқа да орындарын санамағанда, банктегі қаржысын 1 миллион сомнан аса есептеп өткізгенін Бекмұхамбет атамыз айтып отыратын. Бірақ та қазан төңкерісінен кейін кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Бүкілресейлік халық депутаттары кеңесінің төрағасы В.Лениннің кәсіпкерлерге, соның ішінде әсіресе өнеркәсіп иелеріне рақымшылық жасап, олардың әрі қарай жаңа қоғамға қызмет етуін көздеген арнайы декреттік шешіміне байланысты Қосшұғыловтарға бірден тиісе қоймаған. Енді олардың бәрі бұрынғы өздерінің меншікті кәсібін кеңес өкіметіне тапсырып, соған жұмыс істейді.

Қызыл империя бәрібір мұндай бұрынғы бай атаулының соңынан қалмай, атышулы кәмпескесімен түбін құртқаны белгілі. Солардың ішінде Қосшұғыловтарды да 1927 жылы қолдағы қалған бар дүние-мүлкімен, үйімен қоса кәмпескеге іліктіріп, ашық қудалауға ұшыратады. Құрманғалидің өзіне бас бостандығын бергенмен, Ақмоладан кетуге мәжбүр етеді. Қалған ағайындарын да тоз-тозын шығарып, біразын (інісі Бекмұхамбетті, Құрманғалидің баласы Хасенді) ұзақ жылға соттап та жібереді (Уәли, Мұхаметқали, Нұрмұхамед, Қадыркей тағдыры тіпті қиын, бәрі де сол кезеңде түрлі жағдайда өмірден өтеді). Содан Құрманғали 1928-1940 жылдар аралығында өз отбасымен ел жақта, атап айтқанда, атамекені Келтетал, Өркендеу, Бөтей бойындағы ағайындар ортасында, одан Жаңаарқада біраз болады. Қайда барса да қудалауды көреді. Одан соң Қарағанды жақта тұрады. Арасында елге жыл аралатып келіп отырған. Елге соңғы рет 1951 жылы отбасымен (қасында немерелері Рүстем мен Шыңғыс болған) келіп, жаз бойы біраз болып, енді алысқа оңтүстікке кетіп бара жатқанын айтып, қоштасып кетеді. Өйткені оның сол кездері Шымкент жаққа ауып кеткен қарындасы Райхан мен күйеу баласы Ғалидің қолына барып паналайды. Қайран жалған өмір оның дегеніне жеткізбеді.

ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ даласының осындай бір белгілі де беймәлім тұлғасы, Ақмола оязының (уезінің) мүшесі болған, Ресей патшалығының әскери-лауазымдық шенін алған 1-гильдия көпесі, меценат Құрманғали Баймұхамбетұлы 1954 жылы Шымкент қаласында қайтыс болады.

Құрманғалидің Хасен деген ұлы болған, ол да халық жауының, байдың баласы деген желеумен сотталып, бірнеше жыл айдауда болған. Түрмеден шығысымен-ақ әбден әлсіреп, ауру болып жеткен ол Ақмолаға келісімен қайтыс болады. Одан туған Рүстем, Шыңғыс деген балалары кейін Қырғызстанда тұрып жатқаны туралы хабарлар келіп, сонау жетпісінші жылдардың басында туысқан бір ағамыздың арнайы іздеп барып, тауып келгені бар. Хасеннен туған тағы бір ұлы Найб бертін 2003 жылы осы Астана қаласында дүниеден өтті.

Жалпы Баймұхамбеттен 6 ұл, 1 қыз туған. Олар: үлкені жоғарыда біз атап өткен Құрманғали, одан кейінгілері Мұхаметқали (Мүкам), Уәли, Нұрмұхамбет (Нұркей), Қадыркей, Бекмұхамбет (Бике), қызы Райхан. Әрине, кезінде Ақмолада Құрманғали, Мұхаметқали, Уәли, Нұрмұхамбеттің де бір-бір үлкен үйі болған. Әрқайсысы да бірнеше дүкен ұстаған, өнеркәсібінің әр саласына ие болып, олардың жұмысын жүргізіп отырған. Тек әлі үйленіп, отау көтермеген Қадыркей ғана кеңес өкіметінің қыспағына шыдай алмай, қарсыласып, жастай қазаға ұшыраған. Кейін бұлардың да тағдыры қудалауға ұшырап, тоз-тозы шығып, сотталғандары айдалып, қуғындалғандары белгісіз жаққа хабарсыз кеткендері де бар (Мұхаметқали мен Нұрмұхамбет отбасылары). Бертінге дейін өмір сүрген кенже ұл Бекмұхамбеттің де тағдыры өкінішпен өтті. Олардың әрқайсысының тағдырына тоқталу да біраз әңгімелеуді қажет етеді. Тек соның ішінде Уәлидің ғана ұрпағы бүгінде Астанада тұрып жатыр.

Енді осы орайда біздің ерекше тоқталатынымыз, Баймұхамбеттің кенже ұлы Бекмұхамбет (Бике) Баймұхамбетұлы Қосшұғылов туралы біраз сөз айта аламыз. Осынау әңгіменің негізгі желісі де, нақты дәлелдері де өздерінің басынан кешкен өмірлерінің толық куәсі болған Бике атамыздың айтқандарынан шығып отырғанын айта кетуіміз керек.

Бекмұхамбет Баймұхамбетұлы 1896 жылы Ақмола қаласында туған. Әкесінің көпейі, ағаларының ортасында ерке өскен ұл бола отырып, жергілікті медресе, гимназияда оқып, үздік тәмамдаған. Жастайынан өте зерек болған, бірнеше тілді; соның ішінде қазақшасынан басқа татарша, орысшаны былай қойғанда, араб, неміс, француз тілдерін еркін білетін. Бекмұхамбет 1914 жылы Мәскеудің политехникалық институтына (ағаш өңдеу өнеркәсібі саласы бойынша) түсіп, сонда оқыған. Өзінің айтуынша, әке дәулетінің арқасында тарықпай, ақшаны төгіп-шашып, князь, графтың балаларының ортасында емін-еркін жүрген. Өзіне арнайы алдыртқан күймесімен Мәскеу көшелерін қоңыраулатып жүретінін де күрсіне еске алатын. Ал оқуына да өте зеректік танытып, оқытушылардың көзіне түскен. Сонда жүріп орыс зиялыларының сол кездегі ақсүйектік тілі болған француз, неміс тілдерін меңгеріп, еркін сөйлеген. Институтты аяқтауға енді шамалы уақыт қалғанда, 1917 жылы қазан төңкерісі басталып, кеңес өкіметі келіп, аумалы-төкпелі заман орнаған кезде студент Бекмұхамбет те қудалауға түсіп, содан елге, Ақмолаға қашып келеді. Мұнда ол ағаларының беделі арқасында алғашқы жылдары кеңес өкіметіне қызмет етеді. Білімді жігіт Ақмола совдепінде қызметкер болып біраз жыл жұмыс істейді. Мұнда ол С.Сейфуллин, А.Асылбеков, Ж.Нұркин, Б.Әділов, Б.Серікбаев, Ғ.Әубәкіров, Ф.Кривогуз, Н.Монин, З.Катченко және т. б. сияқты төңкеріс қайраткерлерімен бірге қызмет атқарады. Сол сияқты көптеген осындай қайраткерлердің қазақ, орысының біразы кезінде Қосшұғылов компанияларында жұмыс істегенін де айтып отыратын. Алайда бай баласы болған соң, әрине, тағы қуғындалады. Қосшұғыловтарды, негізінен, 1927 жылғы кәмпескеден кейін қатты қуғындалғанын жоғарыда айтып өттік. Ал солардың ішінде Бекмұхамбет 1928 жылы бай тұқымы деп, тағы басқа себепсіз жаламен 25 жылға айдалып кете барған. Ол атақты Колыма лагері түрмесінде жан азабын тартады. Тек өзінің білімінің, бірнеше тілдерді еркін меңгеріп, жаза білуінің арқасында түрме кеңсесінде іс жүргізуші (писарь), аудармашы болып жаны аман қалады. Түрме басшыларымен тіл табысып, әйтеуір одан 18 жылдан соң, 1946 жылы аман-есен елге оралады. Ақмолаға келгенмен, НКВД-ның үнемі аңдуында, қуғын көруінде болады. Ақыры олар күн көрсетпеген соң ел жаққа жылжып, ауылдағы ағайындар ортасына барып паналайды. Оның қалған өмірі бастапқыда Жаңаарқа өңіріндегі әлі көшіп-қонып жүрген ауылдарда, кейін Қаражал қаласында өтті. Патша дәуірінде алған білімін халқына бере алмады. Әрине, бүкіл ғұмырын тас-талқан еткен кеңес заманының кесірінен мүгедек болса да, өле-өлгенше ел арасында сыйлы да текті қалпынан айныған жоқ. Бике ата дүниеден озғанша бес уақыт намазын қаза қылмай, тек имандылық пен тазалықты, адалдық пен қанағатшылықты, өмірге шүкіршілік пен тәубашылықты ғана мұрат тұтты. Өте принципшіл, әділ болатын. Қасында өмірлік жары болған Люба апамызды түрмеден келе жатқанда жолда кездестіріп, немісше сөйлесе келе тіл табысып, елге бірге ала келеді. Өмірінің соңына дейін Бике атаның қас-қабағына қарап, өмірлік жары бола білген Любовь Карловна Қосшұғылова мұсылмандық парызын қаза қылмай ұстай білді, қазақтың тілі мен салт-дәстүрін берік сақтады. Бике атамыз қайтыс болғаннан кейін жалғыз өзіңізге тұру қиын болады ғой деген ағайындарға бай атамыздың, Бикенің шаңырағын құлатпаймын деген сөзін естідік. Тағдыр оларға ұрпақ беруді жазбады. Өткен ғасырдың басында бүкіл қазақты байлығымен таңғалдырған бірі Байкөп, бірі Майкөп атап кеткен қазақтың бір әулетінің тарихы да Бике атамызбен бірге кетті. Ол 1981 жылы Қаражал қаласында дүниеден озды.

Қазақтың капиталисі атанған Баймұхамбет, Құрманғали Қосшұғыловтар жайлы айтар әңгіме жетерлік. Әрине, Бике атамыздың, басқа да көзкөрген көне қарттарымыздың талай әңгімелері жалғыз мұнымен шектелмек емес. Қосшұғыловтар жайлы архивтік материалдарды қопарсақ әлі талай дүниенің табылатыны анық.

Бике атамыз айтып отырушы еді, соны армандап та кетіп еді. Ол арманы ағасы Құрманғалидің Ақмоланы қазақтың ордасы етсем, анау Петербург, Мәскеу, Еуропаның қалалары сияқты болашақта ұлтымыздың өнеркәсіптік-рухани көркейген орталығына айналдырсақ деген сөзін әрдайым еске алатын. Ол сөзге мән бермей, онша түсінбейтінбіз. Иә, олардың Ақмоланы да, елді де замана талабына сай дамытуға деген жоспары көп еді дейтін. Әттең, сорлы қазақтың басына жазған өмір-бақи бақ-дәулет тұрған ба, бәрі де қу жалғанның, сұм заманның құрдымына кетіп тынды.

Кәмпескеден кейін 1929 жылдары Құрманғалидің отбасымен елге ағайындар арасына келгенде, ауылдағы жұрттың әбден арыған, жүдеу түрін көргенде қатты қайғырып: «Шіркін, жалған-ай, баяғы дәуренімнің кезінде осынау елімді, жұртымды көтерсем бе деп едім, ақшамды аямай төгем бе деп едім, бәріңді де жақсы өмірге жеткізсем бе деп едім, әттең, мына таршылық заманның басымдағы бақ-дәулетімді жұлып алғаны-ай» деген зарлы өкінішін сол кездері келіні ретінде қолынан талай дәм беріп, біраз бірге тұрған менің әжем, 2001 жылы 90-ға жақындап өмірден өткен Жаңылшақ Нұрмағамбетқызы да бізге әңгімелеп беріп отыратын.

Бүгінге дейін кешегі Ақмолада, қазіргі қазақтың астанасында Қосшұғыловтар жайлы естелік әңгімелерді бұрыннан келе жатқан қария тұрғындар жақсы біледі. Жоғарыда айтылған әңгімелердің бәрін де солардың ауызынан естіп, жазып алған едік. Қала мұражайларында да олар туралы ел ауызынан әңгіме, материал, фотосурет жинақталған. Кешегі өткен ғасырымыздың 1970 жылдарының ортасына дейін бәрі бұзылғанша Ақмолада «Байкөптің үйі», «Байкөптің атқорасы», «Байкөптің дүкені» деген атаулар ұмытылмай айтылып келді. Әттең, кезінде оның соңына түсетін ешкім де болмады, түсірмеді де. Осы кезеңдерде оның үйін бұзу кезінде жерге көмілген бір сандық банкілік таңбаланған кірпіштелген алтындардың шығуы, олардың Мәскеудегі орталыққа жөнелтілгені туралы, баяғы автомобиль зауыты жобалары жайлы және басқа да істердің тағдыры жөніндегі айтар әңгімелердің тақырыбы бір басқа.

Ал осы орайда ақмолалық ұлты басқа ағайындар, солармен қатар өмір сүрген, кезінде қала басшысы болған, 2-гильдия көпесі атанған М.Кубрин туралы, оның осы қалаға, елге тигізген еңбегі жөнінде бұрқыратып талай дүние жазды. Тіпті Ақмола астана болысымен-ақ оны көкке көтеріп, елорда ортасынан ойып тұрып Кубрин көшесі атауын да бергізді. Ал біз болсақ бүгінде болашақ астана үшін, қазақ халқы үшін қандай жақсылық істесем деп қиялмен емес, нақты ісімен еңбек еткен Қосшұғыловтар жайлы әлі мардымды ештеңе айта алған емеспіз. Олардың еңбегінен қалған дүниелерді өзіміз құрттық. Бүгінде олардың сарғайған фотосуретінен басқа атап көрсетерлік із де қалған жоқ. Қанша десек те тек байлығымен ғана емес, елін әлеуметтік-экономикалық нақты ісімен көркейтіп, көтеремін деген мақсатпен еңбек еткен прогресшіл Қосшұғыловтар туралы әңгіме әлі жалғасын таба береді деп сенеміз.

Ерлан КҮЗЕКБАЙ, журналист

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button