Басты ақпарат

Қазақтың капиталисі

Атанған Баймұхамбет (Байкөп) Қосшұғылов Ақмоланы дамытуға үлкен үлес қосқан

Кешегі Ақмола, бүгінгі Қазақстандай тәуелсіз, заңғар еліміздің астанасы – Нұр-Сұлтан қаласының тарихын сөз еткенде көбінесе ескі әдетімізбен кеңестік дәуірдің кезеңінен бастайтынымыз да бар. Ақмоланың тарихы жөнінде, әрине, талай дүние жазылды, шыққан, шығып жатқан мұралар да жетерлік. Әйтсе де осынау дүниелерде әлі айтылмаған, жазылмаған, сырын ішіне бүгіп қалған талай оқиғалар мен небір тұлғаларымыз жайлы да мәселелер жоқ емес. Соның бірі әр жерде, Ақмола-Астана-Нұр-Сұлтан қаласының тарихы туралы бұрынғы шыққан кейбір деректі кітаптарда, кезінде баспасөз беттерінде аты еміс-еміс аталып кететін тұлғалардың бірі – Баймұхамбет (Байкөп, Майкөп), Құрманғали Қосшұғыловтардың нақты кім болғанын біреу білсе, біреу білмес, әрине.

[smartslider3 slider=3523]

ХІХ ғасырдың аяқ шені мен ХХ ғасырдың қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде қазақ­тың ірі капиталисі атанған, ­миллионер, 1-гильдия көпес болған, сол кездегі Сібір-қырғыз (қазақ – Е.К.) аймағындағы беделді ­сауда-өнеркәсіп иесі Қосшұғылов­тар жайлы әңгіменің нақты жай-жапсарын жеткізуді жөн көріп отырмыз.

Баймұхамбет (Байкөп) Қосшұғылов – руы Арғын-Қуандық ішіндегі Алтай, одан Алсай-Шақа тармағынан. Ол шамамен 1848 жылы туып, 1915 жылы қайтыс болған. Ел Баймұхамбетті байлығынан Байкөп, кейбірі Майкөп атап кеткен оның туып өскен жері – қазіргі Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының аумағындағы Қарағаш, Келтетал, Өркендеу, Ақтүбек мекендері. Өз әке-шешесінен ерте жетім қалған ол ағайындар арасында ержете келіп, сол кездері Ақмоладан келіп-кетіп кіре тартатын татар көпестеріне, қазіргіше айтқанда, делдал бола жүріп, олармен бірге біржола қалаға кетеді. Оның пысықтығын көріп өзіне тартқан Мағсұт Ноғаев деген көпес болған. Ақмолалық, шыққан тегі татар болғанмен, қазаққа сіңісіп кеткен. Кейін ол Баймұхамбетпен бірлесе жұмыс істеп, ісі жүрген соң пысықтығына риза болып, оған өзінің қызы Мәдинаны қосады, еншісін береді. Уақыт өте келе сауда ісін меңгеріп, дөңгелетіп әкеткен Баймұхамбет тез арада ірі қала байларының қатарына қосылады. ХІХ ғасырдың аяқ шенінің өзінде орыс, татар байларымен теңескен ол өзінің кәсіпкерлік ісін жан-жақты жүргізе бастайды. Ірі көлемдегі сауда ісімен қатар өндіріс орындарын да ашады. Соның ішінде кондитер фабрикасы, тері-терсек зауыты, сабын зауыты, кірпіш зауыты, шаруашылық құрал-жабдықтар шығаратын зауыт сияқты бірнеше кәсіпорны болғанын көнекөздер мен бірқатар деректі құжаттар да айғақтайды. Ол ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында-ақ кәсіпкерлік және сауда ісімен Ресей, Батыс Еуропа, Орта Азия елдерімен тығыз байланыс жасаған. Оның мұндай көпестік дәрежесінің өсуін 1906 жылы алған 2-гильдия көпес деген атағы дәлелдесе, 1911 жылы 1-гильдия көпесі атағына ие болған. Дамыған Батыс Еуропа, қала берді Ресей патшалығы кезінде ірі көпестерге берілетін бұл шен осы екі дәрежелі атақтан тұрған (одан бұрын 3-гильдия болғанмен, кейін ол алынып тасталған). Гильдия атағы әрбір ірі көпестің сауда-өнеркәсіп саласындағы ақша айналымына байланысты және қосқан ірі жарнасына қарай Ресей өнеркәсіп және сауда министрлігі тарапынан берілетін болған. Бірінші гильдия көпестер ірі қаржы көлемінде Ресейден тысқары шетелдермен ірі мөлшерде көтере сауда жүргізуге, кәсіпкерлік қарым-қатынас жасауға мүмкіндік алған. Осыған қарағанда Б.Қосшұғылов жалғыз сол кездегі қазақ даласында ғана емес, Ресей патшалығындағы ірі кәсіпкер-көпес қатарынан көрінгенін айта кету керек. Мұны сондай-ақ мынадай сол кездегі құжаттардан да аңғаруға болады. Санкт-Петербургте жылма-жыл шығарылып тұратын «Сибирский торгово-промышленный ежегодник» атты басылымда 1-гильдия көпес Баймұхамбет Қосшұғыловтың аты мен оның айналысатын кәсібі жөнінде мәлімет жыл сайын беріліп отырған. Мәселен, соның бірі «Сибирский торгово-промышленный ежегодник 1913 года, Спб-1913 год» басылымында Б.Қосшұғылов туралы мәлімет бере отырып, оның негізгі айналысатын қызметі көрсетіледі. Атап айтқанда, онда бакалея тауарлары, керосин, мұнай, бояғыш (москательные) тауарлары, ыдыс және шаруашылық заттары, шай мен қант, пряник, кәмпит, т. б. айналысатын та­уарлары мен өндірістері жөнінде мағлұмат береді.

Сол сияқты Б.Қосшұғылов жа­йында осындай әртүрлі анықтамалықтарда, атап айтқанда, «Торгово-промышленный путеводитель и адрес-календарь Акмолинской области, г.Омск, 1911 г.», «Сибирский торгово-промышленный и справочный календарь 1894-1907 гг., г.Томск» атты басылымдарға да оның есімі жыл сайын кіріп, тиісті мәлімет беріліп отырған.

Б.Қосшұғылов – сол кезеңде Ақмола қаласын көтеруге көп атсалысқан тұлғаның бірі. Сол кезеңнің сәулетіне қарай қалада жаңа құрылыс салғызумен де айналысқан. Салғызған екі қабатты бірнеше үйлері, кәсіпорындар ғимараты кешегі күндерге дейін кеңестік өкіметке, елге қызмет етіп келді. Сонымен қатар имандылығын да ұмытпай, екі мешіт, медресе салдыртқан. ХІХ ғасырдың аяғы мен 1900 жылдардың алғашқы жылдары салғызған бірінші мешіті (ескі сыра зауыты жақта болатын дейді көзкөргендер) бірнеше жылдан кейін көп ұзамай өртеніп кеткен. Одан соң тағы екінші мешіт, оның жанынан медресе тұрғызуға қаржы салып (тағы бір ақмолалық ірі көпес Нұркей Забировпен бірлесіп), оны да тез арада мұсылман қауымына пайдалануға берген. Мұны үлкен көк мешіт-медресе деп атаған. Кейін 1970 жылдардың басында бұзылып, орнына обком басшыларының үйін салған, одан бар қалған белгі екі жақтағы тас кірпіш қорғаны мен көше жақтағы өрнекті темір қоршауы бүгінде (Республика даңғылы мен Абай көшесі қиылысында) сақталып тұр. Мұсылман қыздарының білім алуы үшін арнап салдырған қызыл кірпіштен тұрғызылған медресе ғимараты бүгінде Ә.Мәмбетов пен Абай көшесінің қиылысындағы «Қазкоммерцбанк» (бұрынғы) кеңсесіне айналған. Тағы бір үлкен ғимараты – кондитер фабрикасы болған үйде бертінге дейін кеңестік талай кеңселер (бертін баспахана мен газет редакциялары болған) орналасқан екен. Бұл да 1970 жылдардың басында бұзылған, бүгінде орнында Аштық құрбандарына арналған ескерткіш кешен, бұрынғы «Тұрмыстық үйі» ғимараты орын тепкен. Сол сияқты Б.Қосшұғыловтың өзінің қара шаңырағымен қоса ержетіп отау тіккен 4 баласына бас-басына салғызған екі қабатты 5 зәулім үйі болған. Оның бәрінде кейін кеңестік кезеңде облыстық, қалалық партия комитеттері, атқару комитеттерінен бастап, 70-жылдардың ортасына дейін түрлі басқармалар мен ведомстволардың кеңсесі болғанын жергілікті ақмолалық жұрт жақсы білетін. Мұның бәрі бүгінгі бас қаланың нақ орталығы болып саналатын қазіргі Республика даңғылы мен Абай көшесі қиылысының аумағынан ­­С.Сейфуллин-­­М.Әуезов көшелерінің бойы, яғни қазіргі түсінікті тілмен айтқанда, «Турист» қонақүйі, №3 мектеп, Жастар сарайы, «Интерконтиненталь» қонақүйі, кейін салынған бұрынғы «Қазақойл», қазіргі кезде қалалық «Тұрғын үй орталығы» атанған (қазіргі ғимараттар иелерінің өзгеріп жатқанын ескереміз) ғимараты (Б.Қосшұғыловтың өз үйі орналасқан) аумағының бәрі осы әулеттің иелігіндегі квартал болған.

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезеңінде қазақтар үшін қала атауы әлі жат болып, еті енді ғана үйреніп келе жатқан бетте Б.Қосшұғылов дала қазақтарын қалаға қоныстануға шақырған азаматтың бірі болған. Оларға қаладан баспана салып беріп, кәсіпке баулығаны, талаптанғандарын оқытқаны туралы бертінге дейін өмір сүріп, осы кісілердің қарамағында жұмыс істеген аталарымыздың аузынан талай естідік. Мұның өзі – жеке бір әңгіменің тақырыбы.

Қосшұғыловтардың сонымен қатар ең ірі ісінің бірі – Ақмолаға төрт жақтан да қиып өтетін Түмен-Ақмола-Ташкент және Орск-Ақмола-Семей магистралдары жобасымен теміржол тарту жөніндегі Ресей теміржол қатынасы министрлігінің жоспары бойынша жол салу мақсатында 1913 жылы шетелдік және орыс капиталистері бірлесіп құрған акционерлік қоғамға мүше болып қаржы салғаны туралы дерек те бар.

Қосшұғыловтар – әрқашан да өздерінің қазақы салт-дәстүрін, мұсылманшылығын берік ұстап өткен адамдар. Олар, ­сауда-өнеркәсіп қызметімен қатар, мал шаруашылығын да ұстап, оны асылдандыру ісімен де айналысқан, сол кездегі зоотехникалық тәсілдерді пайдаланып, дамытқан. Ақмола қаласынан 10-15 шақырым жерде, қазіргі Нұра өзені бойына жақын жерде өзінің жайлауы, қыстауы болған. Мыңдаған жылқы, ірі қара, қой шаруашылығымен айналысып, әсіресе Байкөптің өзі жаз бойы көбіне жайлауында жатады екен. Бірнеше киіз үй тіктіріп, бие байлап, қымыз сапырып, мал шаруашылығының басы-қасында өзі ұйымдас­тырып жүрген. Сонымен бірге егін егіп, бау-бақша салумен де айналысқан. Бұл оқиғаларға куә болған Бекмұхамбет атамызбен қоса, Баймұхамбеттің (Байкөптің) әйелі Мәдинаның немере сіңлісі (ағасы Кәрімнің қызы) Әшірап Кәрімқызы әжемізбен 90-нан асқан шағында кездесіп, жазып алған болатынмын. Әшірап Кәрімқызы (Мағсұтова) Ноғаева әжеміз 1994 жылы Ақмолада қайтыс болды.

Б.Қосшұғылов ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі өзіміз оқып білетін атақты жәрмеңкелерді, атап айтқанда, Қоянды, Атбасар, Қарқаралы, сол сияқты Ресей, Батыс Еуропадағы жәрмеңкелерге белсене қатысып, ұйымдастырушылардың бірі болғанын да айта кетуіміз керек. Әрине, дүниенің төрт бұрышынан жиналған мұндай жәрмеңкелер сауда-экономикалық байланысты күшейтіп, қаржы айналымын да арттырып отырғаны белгілі. Мұның өзі Қосшұғыловтардың сол кездегі қазақ даласындағы еніп келе жатқан барлық экономикалық мүмкіндіктерді тиімді пайдалана білгенін көрсетсе керек. Бір ғана Ақмола қаласының өзінде, басқа өнеркәсіп орындарын санамағанда, 16 сауда-саттық және тамақтану (мейрамхана, асхана) орындары болғанын да көзкөрген куәлар мен деректі құжаттар айғақтайды (А.Дубицкий, «Пройдемся по улицам Целинограда, 1990 г.). Тіпті бүгінде Астана ортасындағы бұрынғы ЦУМ, қазіргі сауда орталығының орнында орналасқан, ертеде жергілікті халық қазақша «Ақжапа» немесе «Көк дүкен» атаған, ал орысша «Зеленый ряд» немесе «Гостинный двор» деп атап кеткен зәулім сауда орны да негізінен Қосшұғыловқа тиесілі болғанын құжаттар дәлелдейді. Бұл «Ақжапа» дүкені 48 болыс Ақмола уезіне мәлім болған деседі көнекөздер.

Ел аузындағы аталарымыз айтып отыратын мына бір әңгімені де айта кетуге болар еді. Бірде оған аталас туысы, құрдасы, елде мыңдап жылқы айдаған ­Алтай-Қарпықтың айтулы ба­йының бірі Жайма Ақпанұлы Ақмолаға келіп, Байкөптің үйінде жантайып жатып, осы сенің байлығың менің пәлен мыңдаған малымның байлығына жете ме деп сұрапты одан. Сонда Байкөп бәрін санамалап сұрастыра отырып, есепшотқа қағып-қағып жіберіп, «сенің бүкіл мал-мүлкің менің бір аптада айналымға түсетін ақшама жетпейді» деген екен.

Сондай-ақ оның қазіргі ­Республика даңғылы мен Абай көшесінің қиылысындағы кейін салынған «Қазақойл» (жоғарыда ескертілген) ғимараты тұрған тұстағы 5 қабатты тұрғын үйлер орнындағы «ат қорасы» (конный двор) кейін «Заря» кинотеатрына, жартылай бөлігі дүкенге айналғанын да көпшілік біледі. Бұл да 1972-74 жылдары бұзылған.

Баймұхамбет Қосшұғылов 1915 жылы 68 жасында тырысқақ (холера) ауруынан қайтыс болады. Сүйегі бүгінгі бас қаламыздағы ескі зиратта («Жастар» шағын ауданындағы) жерленген.

Біз жоғарыда айтып өткен осынау істің бәрі, шындығында, осыншама білімі аз болса да, қартаң тартқан жасына жеткенше Баймұхамбет Қосшұғыловтың сол кездегі дамып келе жатқан капиталистік қоғамның үрдісіне қарай тез бейімделіп, жан-жақты ізденіс танытқан еңбегінің жемісі екендігінде дау жоқ. Бұл істердің басында бәрін өзі қарапайым ет тірлігімен бастаған Баймұхамбеттің өзі тұрғандықтан да, кейін оның осы атқарған ісінің бәрі өзінің атымен аталып кетеді. Алайда осы арада айта кететін бір жайт, біз жоғарыда қысқаша айтып кеткен мәселелердің негізін, сол заманның жетістіктерін қазақ даласына пайдалана біліп, Байкөп әкесінің жолын әрі қарай биік деңгейге дейін дамытуға негізгі себепкер болған оның үлкен ұлы Құрманғалидің есімімен тығыз байланыстыруымыз керек.

Ерлан КҮЗЕКБАЙ, журналист

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button