Басты ақпарат

Қазақтың мерейі

«Оқырманнан он сұрақ» айдарының бүгінгі қонағы – «Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері», бокстан әлем чемпионы, Азия біріншілігінің жеңімпазы, еліміздің бірнеше дүркін чемпионы Мерей Ақшалов. 

[smartslider3 slider=3566]

Орақ Жабаев, мұғалім-зейнеткер, Нұр-Сұлтан қаласы:

Мерей, інім, былғары қолғабыңды «шегеге» ілгелі біраз уақыт болыпты, қазір қайда жүрсіз? Қайда қызмет істейсіз?

– Саламатсыз ба?! Боксты қойғаныма сегіз жылдай болды. Бірақ, бокстан алыстап кеткен жоқпын. Биыл ақпан айында Спорт және дене шынықтыру комитетінің ұйғарымымен бокс бойынша Қазақстанның мемлекеттік жаттықтырушысы болып тағайындалдым.

Фарида Каримова, Нұр-­Сұлтан қаласының тұрғыны:

Туған еліңіз қай жер, боксты қалай бастадыңыз? Қазір қайда тұрасыз? Отбасыңыз бар ма, болса, қанша балаңыз бар?

– Менің туған жерім – Шығыс Қазақстан облысындағы Аякөз ауданындағы Мыңбұлақ ауылы. 1999 жылы Семейге көштік. Осы қаладағы №21-мектепте бокс үйірмесіне бардым. Былғары қолғапты алғашқы кигізген бапкерім – Құрман Қалиев. Содан бастап 2014 жылға дейін шаршы алаңнан түскен жоқпын ғой… Он екі жасымда, яғни, 2001 жылы Астанада ашылған Қ. Мұңайт­пасов атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына оқуға қабылдандым. Содан бері осы елордада тұрамын. Отбасым бар, қызым, үш ұлым бар.

Берік Қабденұлы, кәсіпкер, спорт жанкүйері, Нұр-Сұлтан қаласы:

2013 жылғы әлем біріншілігінде чемпион болған сәтіңізді көргенмін. Сол кезде біздің елдің спорт мамандары сізді чемпион болады деп ойламаған сияқты. Мамандар бірінші кезекте Елеусінов пен Дычкоға үміт артты емес пе?! Алайда, сіз керемет бокс көрсеттіңіз. Сол сәтте қандай көңіл-күй кештіңіз?

– 2013 жылғы Әлем чемпионатында жеңіске жеткен сәтімді сөзбен айтып жеткізе алмайтын сияқтымын. Кәсіби спортшы үшін, тіптен спортпен айналысатын әрбір баланың да арманы әлем чемпионы болу шығар деп ойлаймын. Шын мәнінде өзім сол жылы, дәл чемпионат болатын кезде ерекше бір бабымда болғанымды сезіндім. Әрине, алтын медаль аламын деген нық сенім болмағаны анық. Алайда, «бақ шаба ма, бап шаба ма» дегендей, дәл осы тұста Алла тағала менің бабым мен бағымды келістіріп жібергендей. Осы чемпионатта Қазақстан құрамасы тарихи көрсеткішке қол жеткізді ғой, менің командалас достарым Біржан Жақып, Данияр Елеусінов, Жәнібек Әлімханұлы әлем чемпиондары атанды. Бұл бір қазақ боксының жұлдызы жанған сәті болды ғой. Осындай жетістікке жетелеген жеке бапкерім Жанат Манашев, ұлттық құрамада жүргенде сенім артқан Мырзағали Айтжанов, мемлекеттік жаттықтырушы бола жүріп қолдау білдірген Болат Абдрахманов секілді ағаларға және басқа да бапкер-мамандарға ризашылығым шексіз екенін айтқым келеді.

Сембек Қабиев, бокс жанкү­йері, Нұр-Сұлтан қаласы:

Бір жылдары Азияның ең үздік боксшысы болғаныңызды білеміз, құрлықтағы бокс­тың қазіргі жайы туралы не айтасыз?

– Бүгінгі таңда Азия құрлығында бокс өте қарқынды дамып отыр. Өйткені, қазір бірқатар Азия елдерінде әлемдік деңгейде мықты саналатын кубалық, еуропалық, америкалық бапкерлер мен кеңесшілер қызмет істейді. Сондықтан, қазір құрлықтағы бокста бәсекелестік өте жоғары болып тұр. Дегенмен, біз Азиядағы үздік құрама деген атағымызды ұстап тұру үшін  еңбектенеміз. Құдайға шүкір, жап-жақсы жастарымыз өсіп келеді.

Ғабдолла Рахимов, спорт жанкүйері, запастағы подполковник:

Ініңіз Мейірім Нұрсұлтанов әуесқой бокстан тым ерте кетіп қалды деп ойламайсыз ба? Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында біраз жерге баратын қабілеті бар еді…

– Мейірім інімнің әуесқой бокста біраз жетістікке жететін мүмкіндігі бар еді, Қазақстанның чемпионы да болды. Алайда, 2016 жылғы Олимпиада қарсаңында ұлттық құраманың сапына қабылданбай қалды, содан өзі кәсіпқой боксқа ауысамын деген қалауын айтты. Мен қарсылық білдірмедім. Өйткені, кәсіпқой бокс деген оңай емес, жас кезіңнен кіріспесең, биікке көтерілу қиын болады. Сондықтан Мейірімнің шешімін қолдадым. Қазір біртіндеп өзінің мақсатына жетіп келеді. Осыған дейін өткізген жекпе-жектерінің бәрінде жеңіске жетті. Америкалық проумоутерлік компаниямен шарты бар.

Жақсыкелді Әбдірахманов, жеке кәсіпкер, бокс жанкүйері:

Көптен бері бокс жарысын көрмей кетіп едік, жақында Нұр-Сұлтанда өткен «Елорда кубогы» турнирінде керемет жекпе-жектер көріп, бір жасап қалдық. Қазақстан Ұлттық құрамасының боксшылары тамаша өнер көрсетті. Мемлекеттік жаттықтырушы ретінде осы жарыстағы көрсеткішке көңіліңіз толды ма?

– Иә, осы жақында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен алғашқы «ЕLORDA KUBOGY» өтті. Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Куба, Өзбекстан, Жапония, Моңғолия, Үндістан және басқа мықты құрамалар жиналды. Бірнеше Олимпиада ойындарының жүлдегерлері мен әлем чемпиондары өнер көрсетті. Біз Қазақстан атынан үш құрам қостық. Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Қайрат Сатжанов соңғы әлем чемпионаты және құрлық жарыстарында топ жарған боксшыларды түгелдей жарысқа шығарды. Сонымен қатар жастарды да сынап көрдік. Өзіңіз көргендей, қазақ боксшылары жақсы нәтижеге қол жеткізді. Шынымен де осы жарыс арқылы жігіттеріміздің қарым-қайратын бір біліп алдық.

Арсен Сәлімұлы, Алматы қаласы:

Сіз қандай оқу орнында білім алдыңыз? Алған біліміңіз қазіргі қызметіңізге қаншалықты пайдалы болды деп ойлайсыз?

– Қажымұқан атындағы мектеп-интернатты үздік бітірдім. Содан кейін үш жоғары оқу орнында оқыдым. Алдымен экономист мамандығын, одан кейін құқықтанушы мамандығы бойынша диплом алдым, ал үшінші мамандығымды спорт академиясында игердім.

Айнагүл Әбілова, Ақмола облысы, Ерейментау ауданы:

Сіздің боксты ерте қойып кеткеніңіз жарақатыңызға байланысты болғанын естігенбіз. Қазір денсаулығыңыз қалай? Ауырмай жүруіңізге тілектеспін.

– Иә, боксты ерте қойып кетуіме жарақатым себеп болды. Бір кездері жұдырықтасудың салдарынан көзім ауыратын болды. Содан бапкерлерімнің талап етуімен тексерістен өтіп, мамандардың қарауында болдым. Бірақ, дәрігерлердің шешімі – боксты доғару болды. Сондықтан денсаулығымды сақтау үшін шаршы алаңмен қоштастым. Қазір де емделіп жүрмін. Пейіліңізге рақмет айтамын!

Болатбек Балжанов, ардагер-мұғалім, Талапкер ауылы:

Мерей, шырағым, сенің жанкүйерің болып едім. Шаршы алаңда шегінбей айқасатын қайсарлығыңа, әдемі техникаңа қызығып қарайтын едім. Білгеніңді балаларға, жастарға үйретуге, жалпы бапкер болуға ниетің жоқ па?

– Рақмет сізге! Қолдан келгенше бокста өз өнерімді көрсеттім. Дәл қазір жеке бапкер болу ойымда жоқ. Бірақ, өсіп келе жатқан үш ұлым бар, солардың бірі боксқа барып жатса, мүмкін солардың мақсаты үшін бапкер болып та кетуім мүмкін ғой. Оны уақыт көрсетеді.

Жақсылық Әбдіғалиев, Қызылорда қаласы:

Бокстан, спорттан басқа нені ұнатасыз, басқа қандай ермегіңіз бар?

– Қазір бос уақытымды бала-­шағаммен, отбасында өткізуге тырысамын. Ал, басқа ермегім деп айтсам, «ауру қалса да, әдет қалмайды» дегендей бір мезгіл достарыммен бірге жаттығу залына, доп ойнауға, спорттық шараларға барғанды ұнатамын. Уақытым болса, кітап оқитыным бар.

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button