Sport

Қазақтың Мерейі

Қазақ қай спортта мықты?! Осы сұрақты қай азаматқа қойсаңыз да, бокс деп жауап қайтарады десек қателеспеспіз. Олай дейтініміз, Олимпиада ойындары, әлем чемпионаты және құрлық біріншіліктерінен қазақ боксшылары олжа салмай қайтпайтынын жалпақ жұрт жақсы біледі. Сондықтан да, біздің елімізде бокс ұлттық спорт ретінде бағаланып, айбынды абыройымызға айналып отыр.

Алдыңғы лектегі Серік Қонақбаев, Виктор Демьяненко, Василий Жиров, Ермахан Ибрайымов, Бекзат Саттарханов, Болат Жұмаділов, Мұхтархан Ділдәбеков, орта буындағы Бақтияр Артаев, Геннадий Головкин, Галиб Жафаров, Ердос Жаңабергенов, Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сәпиев, кейінгі толқындағы Данияр Елеусінов, Біржан Жақып, Жәнібек Әлімханұлы сынды боксшылар Қазақстан спортының даңқын биікке көтергенін қашанда мақтан етеміз. Осы сайыпқырандар арасында айшықты орын алатын боксшының бірі Мерей Ақшалов екені де айдай анық.

Жігіттің төресі

Болат АБДРАХМАНОВ, Қазақстанның мемлекеттік жаттықтырушысы:

Мерей Ақшалов – қазақ боксына айрықша еңбек сіңірген спортшының бірі. Мінезі ақжарқын, ниеті адал жігіт. Жай өмірде осындай қарапайым болғанымен, іске келгенде ештеңеден аянбайтын қайсарлығы бар азамат. Баяғы заманда елді жаудан қорғаған батырларымыз осы біздің Мерейдей болған шығар деп ойлаймын. Менің ойымша, Мерей бауырымыз бақытты спортшы. Олай дейтінім оны халық, достары, замандастары ерекше құрметтейді. Адамға осыдан артық бақыт керек пе?! Кезінде шаршы алаңда елдің намысы үшін бар күш-жігерін сарқа жұмсаған талантты азаматымыз алдағы уақытта да өзінің жемісті еңбегімен көріне береді.

Иә, әңгіме арқауына айналған Мерей Ақшаловтың есімі әлемдік бокс тарихында алтын әріппен жазылғаны сөзсіз. Әттең-ай деген бір өкініштісі сол, күнделікті өмірде ақжарқын, тіптен жұмсақ болып көрінетін, ал шаршы алаңға шықса болды арыстандай айбатты болып шыға келетін Мерей Ақшалов бокспен ерте қоштасты. Еске алсақ, 2010 жылғы Қазақстан чемпионатында алған жарақатынан біржола жазыла қоймады. Жанары сулана берді. Бірақ бала кезінен былғары қолғапқа арбалған тастүлек боксты доғаруды мүлде ойламады. Денсаулығыңды күт, алдағы өміріңді ойла деген дәрігерлер кеңесін тыңдағысы да келмеді. Бұл Мерейдің жас та болса Азия біріншілігінде топ жарып, Қазақстан Президенті кубогы лицензиялық турнирінде жеңімпаз атанған, Олимпиада ойындарына қатысып, үлкен бокстың қазанында бір қайнап шыққан кезі болатын. Олимпиада демекші, Бейжің-2008 ойындарында қалай болған еді?
…Бірінші жекпе-жекте Ақшалов Еуропа біріншілігінің жүлдегері венгриялық тісқаққан боксшы Миклош Варгимен қолғап түйістірді. Бапкерлері әбден бабына келтіріп әкелсе керек, Мерей бірден шабуыл тізгінін қолына алды. Бірінші раундты таза жеңгенімен, екінші кезеңде ептеп шылбырын босатып алғандай болған. Алайда жеңістің ауылына жақындап тұрғанын жақсы сезінді ме, үшінші раундта мадияр боксшысының екі аяғын бір етікке тыққандай тұқырта ұрды. Төрешілерде күмән болған жоқ. Бірауыздан қазақ боксшысын қолдады. Ал екінші айқасқа келсек, бұл жөнінде Мерей­дің өзі «Әр спортшының өмірінде бір ұмытылмас өкініш болады деп ойлаймын. Мен үшін Пекин төрінде өткен Олимпиада ойындары есімде мәңгілік сақталып қалды. Екінші жекпе-жегімде шаршы алаңның иесі Ху Цинмен қолғап түйістірдім. Осы жекпе-жекті көрген көптеген адамдар маған «Мерей, сен жеңілген жоқсың» деп жұбатып жатты. Шынымды айтсам, айқас аяқталғаннан кейін төреші екеуміздің қолымыздан ұстап тұрғанда өзімнің жеңгеніме сенімді едім. Енді, енді… қолымды көтере жаздап тұрдым. Бірақ, олай болмады. Төреші Циннің қолын көтерді. Осы сәтте көзімнің алды бұлдырап кетті. Мен үш раунд бойы қытай боксшысына дамыл бермей, соққыларымды нөпірлете бердім. Ал жеңіс соған берілді. Ол болса, маған тік қарай алмай, шаршы алаңнан шығып кетті. Амал нешік, айқай шығаратындай әккі боксшы емеспін. Тек бапкерлерімнің жұбатуына разы болып, шаршы алаңнан шығып кеттім. Әрине, жүрегім қан жылады. Қалай дегенмен, Олимпиада ғой. Бүкіл спорт әлемінің ең мәртебелі жарысы емес пе?! Адамның қиялында шек жоқ қой, мүмкін мен сол жекпе-жектен өткенде жүлдегер болар ма едім деп те ойлаймын» дейді осыдан он жыл бұрын болған оқиғаны есіне алып.
Иә, сол ойындардан кейін Мерейдің еңсесі едәуір басылып қалғандай болды. Ашығын айтқанда, ол өзінің әлсіздігіне емес, төрешілердің көпе-көрнеу әділетсіздігіне налыды. Біршама уақыт шаршы алаңға жуымай кетті. Дегенмен, бапкерлері мен достарының қолдауымен қайта ширықты. Туабіткен өжет мінезі жаңа өрге жетелеп әкетті. Олимп тұғырына қайтсем де көтерілемін деп өзін-өзі қамшылай түсті.
2010 жылы Астана төрінде өткен Қазақстан чемпионаты Мерейдің спорттық мансабына кәдімгідей әсер етті деуге болады. Ол осы біріншілікте қарсыластар шақ келтірмей топ жарды. Бірақ жарыс барысында алған жарақаты жан азабына айналады деп кім ойлаған? Қарсыласының қисайта ұрған бір соққысы көзіне шоқ боп тиді. Содан бері сақтанып төбелесуге тура келді. Алайда, айқас десе, бір қарыс шегінуді білмейтін, қарсыласына арыстандай айбат шегетін мінезі жанардағы жарақатты ұмыттырып жіберетін. Осы чемпионаттан кейін Мерей «өз денсаулығыма өзім жауап беремін» деген қолхат жазып, WSB сериясы аясындағы «Астана арландары» сапында екі жылдай ел намысын қорғады. Қорғағанда жай бокстасып қоймай, серияның үздік боксшысы да атанды. Жолына келген Куба қабыланын құлатып, Ресей боксшысын сұлатып, басқаларын да түзе бүктіре білді.
Ал 2013 жылы Мерей Төлегенұлы Ақшалов өзінің спорт ғұмырындағы ең биік белесіне көтерілді. Ол АИБА басшылығының ұйғарымы бойынша Алматы қаласында өткен әлем чемпионатында алтын жүлдегер атанды. 64 келі салмақта сынға түскен Қазақстан чемпионы финалда Кубаның маңдайалды боксшысы, әлем біріншілігі мен Олимпиада ойындарының жүлдегері Ясниэль Толедо Лопесті таза жеңді. Осы чемпионат барысында барлық қарсыластарынан оқ бойы оза шап­қан қазақ боксшысының өнерін бағалаған үш төреші де Мерейдің мықтылығын бірауыздан мойындады. Осылайша, Мерей Ақшалов осы чемпионат барысында жеңіс тұғырының ең биік сатысынан қол бұлғады. Біле білсек, бұл чемпионат Қазақстан спортының тарихына алтын әріппен жазылды. Төрт бірдей боксшымыз, атап айтқанда, Біржан Жақып, Мерей Ақшалов, Данияр Елеусінов және Жәнібек Әлімханұлы әлем чемпио­ны атағын жеңіп алып, командалық есепте Қазақстан тұңғыш рет бірінші орынға көтерілді. Осы жылы Мерей құрлық чемпионатының жеңімпазы атанып, «Азияның ең үздік боксшысы» атағына да ие болды.
…Шығыс Қазақстанның Аягөз ауданына қарасты Мыңбұлақ ауылынан түлеп ұшқан Мерей бокс әліппесін Семейде үйренген-ді. Ал он үш жасқа толғанда, яғни, 2002 жылы Астана қаласындағы Қ.Мұңайтпасұлы атындағы спорттағы дарында балаларға арналған мектеп-интернатқа қабылданады. Содан бері білікті бапкер Жанат Манашевтың қол астында жаттығып, бокс әлемінің биік шыңдарын бағындыра білді. Алдынан шыққан барлық қиындықты қайыспай еңсеріп, көздеген мақсатына жетті.
Бүгінде отыз жасқа толып отыр­ған талантты боксшы Мерей Ақшалов – елорда төріндегі өнегелі отбасының бірі. Жан жары Әсем екеуі Ибраһим, Амира және Абдрахим есімді балапандарын мәпелеп жүр. Өзі болса, Астана қаласындағы «Толағай» жоғары спорт шеберлігі мектебі мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары қызметін атқарады. Негізгі жұмысынан қолы қалт еткенде туған інісі бокстан ел чемпионы, «Астана арландарының» сапында жеңімпаз атанған, бүгінгі таңда кәсіпқой бокста бағын сынап жүрген Мейірім Нұрсұлтановты баптаудан жалықпайды. Інісінің ел намысын абыроймен қорғайтын мықты боксшы болатынына үлкен үмітпен қарайды.
Ал біз болсақ, Мерейдей отызында орда бұзған арда азаматтың, қыр­қында да қамал алатынына бек сенімдіміз.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

 

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button