Қазақтың мұнайы қайда кетіп жатыр

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық мұнай қай елдерге экспортталып жатқанын айтты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Ақорданың хабарлауынша, бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Словения президентімен бірге қатысқан Қазақстан-Словения бизнес-форумында айтты.
Мемлекет басшысы өнеркәсіп және энергетика салаларындағы ынтымақтастықты екіжақты қарым-қатынастың перспективті бағыты ретінде атады.
Президент форумда қазақстандық мұнайдың 70 пайызға жуығы Еуропа Одағы елдеріне экспортталатынын айтты. Барланған табиғи газ қоры 3 триллион текше метрге жетеді. Ал көмір кеніші 34 миллиард тоннаны құрайды, бұл ретте еліміз әлемдік ондыққа кіреді.
Бүгінде Қазақстан ЕО экономикасы үшін аса маңызды 34 сирек кездесетін минералдың 19 түрін өндіреді. Осы сектордың әлеуетін толық пайдалану мақсатында әлемнің жетекші компанияларымен прагматикалық формулаға сай, яғни «шикізат орнына инвестиция мен технология» деген қағидаға сүйене отырып әріптестік құрамыз. Халықаралық ірі компаниялардың көбі Қазақстандағы жасыл энергетикаға инвестиция құяды, олардың арасында Францияның Total, Италияның Eni, Біріккен Араб Әмірліктерінің Masdar және Германия мен Швецияның Svevind Energy Group компаниялары бар. Словенияның Iskra, Gorenje сияқты озық компаниялары біздің нарықта табысты жұмыс істеп келеді, – деді Президент.