Қоғам

Қазақтың қайсар ұлына арналды

Астана қаласында мемлекет және қоғам қайраткері, ұлттық мүддені қорғай білген қайсар тұлға Жұмабек Тәшеневтің 110 жылдығына арналған  «Тәшенев – қазақтың қайсар ұлы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Ауқымды іс-шараны Астана қаласының Әдістемелік орталығы мен Жұмабек Тәшенев атындағы №10 мектеп-гимназия ұйымдастырды.

Конференцияда көрнекті тұлғаның есімін ұлықтау мақсатында қаламыздағы ескерткішке гүл шоқтарын қоюмен басталды. Бұл рәсімге Жұмабек Тәшеневтің ұрпақтары, туыстары, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ Қазақстанның әр аймағынан келген ғалымдар мен педагогтар қатысты. Бұдан кейін мектеп қабырғасында Жұмабек Тәшеневке арналған арнайы мұражайдың ашылу салтанаты өтті.

Конференцияның екінші бөлімі мектептің акт залында пленарлық отырыспен жалғасты. №10 мектеп-гимназияның директоры Бақытжан Шарапбекұлы білім ордасының 2010 жылы Жұмабек Тәшеневтің есімін алғанын және содан бері тұлғаның мұрасын насихаттау бағытында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып келе жатқанын атап өтті.

Жиын барысында алаштанушы ғалымдар, тарихшылар және қоғам қайраткерлері қайсар тұлғаның ел мүддесі үшін атқарған қызметіне тоқталды. «Тәшеневтанушы» Еркеболат Қабылда Жұмабек Тәшеневтің қазақ жерін қорғаудағы және оны сақтаудағы тарихи рөлі туралы баяндама жасады. Ол қайраткердің саяси қуғын-сүргін кезеңінде, соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдарында елге сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.

Конференцияға қатысқан Жұмабек Тәшеневтің ұлы мен келіні, сондай-ақ оның көзін көрген замандастары тұлғаның адалдығы мен мемлекетшіл қасиеттерін еске алды. Олар оның ұлт мүддесі жолындағы күресін, әділдігі мен қайраткерлігін ерекше атап өтіп, оның есімі қазақ тарихында алтын әріппен жазылатынына сенім білдірді.

Ғылыми конференция Жұмабек Тәшеневтің есімін ұрпақ жадында мәңгі сақтау, оның қайраткерлік жолын зерттеп, насихаттау бағытында маңызды қадам болды. Іс-шара соңында қатысушылар осындай ғылыми жиындардың дәстүрлі түрде ұйымдастырылуы қажеттігін атап өтті.

Бұл конференция – ел тәуелсіздігі жолында аянбай еңбек еткен ұлы тұлғаны ұлықтауға арналған рухани, ғылыми, тәрбиелік мәні зор маңызды іс-шара ретінде тарих бетінде қалары сөзсіз.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button